1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған шара аудандық мәдениет үйінде өтті. Жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлайтын «Достық» биі әр ұлттың өнерін паш етіп, сахнаны нұрландырып-ақ тастады. Көп ұлт мекен еткен қазақ жерінің киелі топырағы, құндылығын айқара ашқан әрбір сәбидің бойында «Туған жер – Отаным» деген қасиетті ұран ана сүтімен бойына таралып, әке үнімен қайраттанып, білім нәрімен толысып жатса, жер, ел қадірін бағалау ойы мен санасының төрінен орын алып, ар-намысының алдында жауапты болып, ер жетіп жатса, көп ұлтты жеріміз, көп салалы, көп тілеулі көпшіліктің біртұтас мақсаты мен арманын нағыз жүзеге асыратын бір ғана арналы «Бейбіт әлемі» болары анық, – деген әдемі сөздермен кештің басталғаны туралы хабардар еткен қыз бен жігіт бірлік, татулық туралы өлең шумақтарын оқып, отырғандарды бір серпілтіп тастады.
Сонан соң ыстық ықыласын білдіру үшін сахна төріне аудан әкімі Бота Елеусізова шықты. Жиналған қауымды көктемнің керемет мерекесі – бірлік күнімен құттықтады. Күні кеше ғана «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – әділетті Қазақстанды құру. Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар. Бұған осы күндері көзіміз жетті. Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды» – деп айтқан сөзіне өзінің пікірін қосып, осындай сынаққа тап келген сәттерде бір-бірімізге демеу болып, жанашырлық танытқан барша аудан халқына алғыс сезімін жеткізді. Қайырымдылық керуеніне атсалысып, қаржылай, заттай көмек көрсеткен біраз азаматтарға өзінің алғыс хатын табыс етті. Олардың көбісі «Камаз» жүргізушілері мен «Арасан» демалыс орнының қожайындары болып шықты. Сындарлы сәтте азаматтық танытқан жандарға қандай мадақ болса да жарасымды. Марапат алған барлық жандарға құтты болсын айтамыз.
Шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің қыздары дайындаған «Құстар» биі көктемнің тамаша сәтін суреттеді. Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке» халықтық ұлт аспаптар ансамблінің және «Арзу» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздары бірлік, достық туралы ән, жырларын тарту етті. И.Молутов атындағы орта мектебінің «Ғунча» би тобының «Бахар» биі де мерекенің ажарын аша түсті. Бауырмалдық пен достықтың туын биік көтерген халқымыздың бұл күнгі тойы көрерменін қуанышқа бөледі.
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ