ӨРГЕ ЖҮЗГЕН ЖАС ӨРЕН

0
343

Елімізде соңғы жылдары жас буынның болашағына көптеп көңіл бөлу, балалардың бос уақытын тиімді өткізу, ұрпақтың тәрбиесіне ерекше мән беру мықтап қолға алынып келеді. Оның айқын көрінісі барлық аймақтар мен ауылдарда мемлекеттің қолдауымен ашылып жатқан тегін негіздегі өнер орталықтары мен шығармашылық мектептер, спорттық үйірмелер екендігі айқын. Баланың өнерлі, парасатты, тәрбиелі және зиялы болашағын бүгіннен қалыптастыратын мұндай мүмкіндіктер біздің өңірде де жасалып келеді. Қазіргі таңда мектеп жасындағы балдырғандар негізгі сабақ  уақытынан кейінгі бос уақыттарын пайдалы әрі тиімді өткізуі үшін түрлі жаттығулар мен үйірмелер есігін айқара ашып, құшағын жайып тұрғандығы баршамызға мәлім. Сондай-ақ мемлекет қолдауымен ашылып жатқан осындай орталықтар араға аз ғана уақыт салып, өздерінің ізденіс пен тынымсыз еңбектерінің жемісін көрсетіп жатыр. Мысалы ретінде, күнікеше ғана тұсауы кесілген аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы бойында табиғи таланты бар талайлаған шәкіртінің талабын нұрландырып, бұлақтың көзін ашып, өнерде көштің алды болуға тәрбиелеуде. Осы орталықта талантының томағасын ағытып, шабытын шыңдап жүрген шәкірттер сонау Елорданың төрінде жүлделі орындарға ие болып,  төбемізді көкке жеткізді.  Аталмыш байқау 28 қаңтар күні Астана қаласында өтті.

“Бала шабыты”  халықаралық конкурс жобасының “ASTANA STARS” дарынды балалар мен жастар арасындағы байқауда біздің ауданымыздың балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының шәкірттері оқ бойы оза шауып, бір емес бірнеше жүлдені қоржынымызға салып берді. Байқаудың «театр шығармашылығы және көркемсөз» номинациясы бойынша шығармашылық орталықтың оқытушысы Еркебұлан Жұмағалиұлының шәкірті Маратқызы Жансая 1 орынды иеленді. «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Сағыныш Зиналұлының жетекшілігіндегі талантты жас шәкірт Екпін Ерсұлтан бас жүлдені қанжығасына басты. Ақмарал Зиналқызының шәкірттері Ши Лиаң «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша бас жүлдегер атанса, Маратқызы Жансая 1 орын алды. Осылайша еліміздің түкпір-түкпірінен келіп бақ сынасқан 700 ден аса жас өнерпаздардың арасынан суырылып шығып, бас жүлдені еншілеп Елордадан елге олжалы қайтқан біздің өнерлі балақайлар барша аудан тұрғындарының мақтанышына айналды.

Ауданымызда театр өнері, әншілік, поэзия, би өнері, қылқалам шеберлігі, әр түрлі аспаптарды игеру тағы да басқа сан салалы өнердің дамып жатқандығы және осының барлығын бойындағы қызығушылығы мен ынтасына қарай жас буынның  игеріп алып кетіп жатқандығы, артымыздан өнерлі, білімді, зиялы ұрпақтың өсіп келе жатқандығы бізді шын қуантады. Еліміздің болашағын сеніп тапсыра алатын, тәуелсіз Қазақстанның ертеңінің еңсесін биік ұстай алатын жас буынның бары көңілімізге қуаныш, жүрегімізге тыныштық сыйлайды. Мәдениеті мен өнері дамыған қоғамның келешегі жарқын болатындығы айқын. Еліміздің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын, төл өнерін әлемге паш ететін осындай білімді әрі саналы ұрпақтың қатары көбейе берсін!

Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…