Басты бет Спорт САЛАМАТТЫ ӨМІР — СЕНІМДІ КЕЛЕШЕК

САЛАМАТТЫ ӨМІР — СЕНІМДІ КЕЛЕШЕК

0
1,790

Ағымдағы жылы Ават ауылының тау бөктерінде қыс мезгілінің қызықтары тағы да айрықша аталып өтілді. Алайда биыл өткен жылғыдан ерекше өтті. Биылғы қысқы спорт ойындарынан сайыс тек мемлекеттік қызметшілер мен өзге де сала мамандары арасында өткізілді. Аваттың арқалы жоталары мен аршалы сайлары қыстың сұлулығын жібермей саф қалпында сақтап тұр екен. Таза ауа, көз тартар табиғаттың тамаша келбеті, өр жақтағы сәукеле шыңдар мен таудың қарағайлы қойнаулары ерекше әсер сыйлайды.

Осындай бір шуақты күнде ұйымдастырылғар қысқы спорттық сауықтыру ойындарынар сайыс мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі сала маман иелерінен құралған командалар арасында өткізілді. Қатысушылар шаңғымен сырғанау, гір тасын көтеру, аққала жасау, арқан тарту, өрден төмен қарай сырғанау сынды қызықты ойындар бойынша кезең кезеңімен бақ сынасты. Шараға аудандық бөлімдер мен барлық мекемелерде, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, әскери салаларда еңбек етіп жүрген мамандар атсалысты. Шараның алғы сөзін аудан әкімі Бота Елеусізова өзінің жылы лебізімен бастап, барша қатысушы топтарға сәттілік тіледі. Желбірген көк тудың астында Тәуелсіз елдің гимні шырқалып, шабыт сыйлайтын сауықтыру сайысы ерекше серпінмен басталды. Сайыста жалпы «Қыран», «Жалын», «Достық» деген атаулармен 3 топ бақ сынасты.

Әр топтан іріктелген әуесқой шаңғышылар қос таяғын қолына алып, таудың қансонарырында еркін бір сырғанаудан бақтарын сынады. 1 шақырым қашықтыққа шаңғымен сырғанаудан қыздар арасында топ жарып, мәре сызығын алғашқы кескен Ават ауылынан С.Қиымова жеңімпаз атанды. Долпайты ауылының намысын қорғаған А.Махмутова 2 орынға табан тіресе, Шонжы ауылынан қатысқан М.Абылбекова 3 орынды еншіледі. 2 шақырым ұзақтыққа шаңғымен сырғанаған ерлер арасынан 1 орынды Сүмбе ауылынан келген Ж.Оңайбай жеңіп алды. 2 орынды Кіші Диқан ауылының намысын қорғаған М.Абдрасилов иеленсе, Кетпен ауылының шаңғышысы Қ. Шайымбек 3 орынның баспалдағынан көрінді.

Әр топтың барлық қатысушылары сайыстан сырт қалмай, ақ қала жасаудан жарысқа түсті. Белгіленген уақыт шегінде әдемі әрі жылдам жасалған аққала жақсы деп бағаланып, «Жалын» тобының шеберлері қалаған “Қармүсін” дәл осы сайыстың бас жүлдесін еншіледі. «Достық» тобының аққаласы екінші орынға лайық деп табылса, «Қыран» командасының аққаласы үшінші орынға бағаланды.

Эстафеталық шанамен сырғанаудан да тартысты ойын болды. Сайыстың қызығы жотаның өр жағынан төмен қарай арнайы сырғанайтын доңғалаққа отырып, екпінмен төмен құлдилап, келесі ойыншыға тапсырып, ол барынша жоғары жылдам шығып қайта төмен сырғанау арқылы эстафеталық сайыста қызықты әрі тартысты сәттермен бақ сынасқан топтар арасынан «Достық» тобы жеңісті тақымға басты. «Жалын» командасының жылдамдығы екінші орынның тұғырына қондырса, «Қыран» командасы үшінші орынды қанағат тұтті.

Арқан тартудан ерлер арасында тартысты ойын көрсетіп, есесін қарсыласқа жібермеген «Жалын» тобының білекті жігіттері біріншіні қоржынға салды. Ал қыздар арасында арқан тартысқан қызықты сайыста «Достық» командасының нәзікжандылары бірінші орынды еншілеп алды. Гір тасын көтеруден де білек күші бар жігіттер арасында намысты сайыс болды. «Қыран» командасының намыс туын желбіреткен Р.Сүлейменов жеңістің бірінші баспалдағынан көрінді. «Достық» командасының мүшесі Б.Кебиров екінші орынды еншілеп, А.Вахытов «Жалын» командасының намысын қорғап, үшінші орынға табан тіреді. Барлық қатысушылар аудан әкімінің арнайы алғыс хаты мен медальдарымен марапатталды.

Осылайша қысқы спорттық сауықтыру ойындарынан аудандық фестиваль есте қаларлықтай ерекше өткізілді. Шараның қорытындысы шығарылғанша аудандық мәдениет үйінің жанындағы өнерпаз ұл-қыздар жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, суықта тоңғандарды билетіп, жылынуына себеп болды. Кеңседегі том-том қағаз құжаттардың арасынан,  қыруар қызу жұмыстан бір сәтке табиғат аясына шығып, бой сергітіп, қоғамға салауатты өмір салтын ұстанудың нағыз үлгісін көрсеткен қысқы спорттық ойындардың тартысты әрі қызықты сайысы жыл сайын жасалатын игі дәстүрге айналмақ.

Ақжол Нұрдәулетұлы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АТ ҮСТІНДЕ АТОЙЛАҒАН ЖІГІТТЕР

Ұлттық спорт дегеніміз – жауынгерлік жаттығу. Бұған көкпар, аударыспақ, теңге ілу, садақ а…