ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ КӨПКЕ ЖЕТКЕН
Соңғы кезде адамдардың салқынқанды, мейірсіз, қанағатсыз болып бара жатқандығы туралы көп айтып, көп жазатын болып алдық. Әйтеуір көңіліміз ештеңеге толмайды. Байларды көрсек олардың қандай жолмен қаржы тапқандығын іздеп, тіміскіленеміз, кедейді көрсек жанашырлық танытудың орнына оның да өміріне кінәлілерді іздеп әуре сарсаңға түсеміз. Өткен өмірмен бүгінгіні салыстырып шаршаймыз. Шын мәнінде бүгінгі күніміз де, айналамыздағы адамдар да керемет. Тек соны көрер көздің азайғандығы болмаса. Көпшілік жұрт имандылыққа бет бұрып, жүректері мейірім мен шапағатқа толы екендіктерін елегіміз келмейтіні ғана өкінішті. «Заманына қарай адамы» болатыны сияқты біреуіміз ептірек, екіншілеріміз енжарлау болғандықтан заман сол алшақтықты айқындаушы іспетті.
Ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық аурухана ғимаратына жолымыз түсті. Бас дәрігер Мәншүк Долаеваның өз әріптестері туралы пікірін естігіміз келгені рас. Сондағы мақтауға тұрарлық деп алғаш айтылған есім Галина Пожарницкая болды. Тасқарасу ауылдық ауруханасының акушері екен. Осы жерде біз тағы жастардан гөрі тәжірибе жинақтаған аға буынның адамдарын мақтағымыз, жазғымыз келетіндігін білдіріп қойдық…
Галина Александрқызымен таныса келе, кез келген мамандық иесінің бағасын оның адамдармен тілдескендегі көңіл хошынан білуге болатындығын өзіміз үшін тағы бір рет дәлелдедік. Өзін мақтауға жоқ, бірақ жұмысына деген махаббатын, жүрек қалауын, акушерлікке қалай келгендігін баяндағанда жанары жайнап кетті. Мектеп табалдырығын Шымкент қаласында аттап, соңғы оқу жылын атасы мен әжесінің қолына Тасқарасу ауылына келіп тамамдаған Галина өзіміздің «Аяжан» медициналық колледжіне оқуға түседі. Үлкен қалада білім алсам деген арманы әжесінің қайтыс болуына байланысты үзіліп қалады. Балалық кездегі бал арманы мал дәрігері болу да сағымданып бұлдырға айналғандай. Мал десе ішкен асын жерге қоятын қыз бәрібір ветеринарлық мамандықты алатындығына сенімі күн сайын ұлғая түспесе кеміген емес. Гинекологиядан дәріс өткен Михаил Плотниковтың алғашқы лекциясынан-ақ оның арманы өзгере бастайды. Сосын туытханадағы тәжірибелік сағаты да оны қызықтырып, басқа бір әлемге жетелегендей күй кешеді. Осы уақытқа дейін жан-жануарлар туралы жинаған кітаптарын біртіндеп акушерлікке ауыстырып, Михаил Михаиловичтың рұқсатымен оның ота жасаған, туыт қабылдаған сәттерінде бірге болу бақытына ие болады. Өзінің ұстазы, тәлімгері деп есептеген кәсіби дәрігердің әр қадамын қалт жібермей, оның айтқандарын мүлтіксіз орындаған ол оқуын жақсы бағаларға аяқтаған соң еңбек жолын Алматы қаласындағы №9 емханасының 7-ші әйелдер кеңесінен бастайды. Қалалық жерде адамдар көп болғандықтан жұмыс та қарбалас. Оған қоса құжат толтыру да аса жауапкершілікті талап етеді. Төрт жыл қалалық жерде білімін жетілдіріп, толығып отбасы жағдайына байланысты қайтадан Тасқарасу ауылына оралады. Міне алты жылдан бері ауылдық ауруханада акушер деген атқа лайықты еңбек етіп, көптің алғысын арқалап жүр. Өткен жылы жаз айында мерзімімен бұрын жедел туыт басталып, жүкті әйелді ауруханаға жеткізуге мүмкіндік болмай қалады. Сонда жас маман көліктің ішінде жас сәбидің кіндігін кесіп, анасын аман-есен босандырып алады. Ол үшін кейін басшылықтан талай ұрыс естіп, сөгіс те алады. Алдын ала жеткізбегені үшін. «Мүмкін Жаратушының маған жіберген сынағы болар, сол сәтте өзімнің батыл боп кеткеніме таңғаламын» деп бүгінде күліп есіне алады сол күнді. Қазір кіндігін кескен сол сәбиі тәп-тәтті боп өсіп келеді, анасы да дін аман. Ал адам жанының арашашысы болған дәрігерлер үшін адам саулығынан артық не бар.
Тасқарасу ауылында жүкті аналардың саны жыл сайын өсіп отырғаны да қуантады. Олардың жүктіліктері дұрыс, талапқа сай өтулері үшін Галина қыздың жарғақ құлағы жастыққа тимей әр ана үшін жүгіріп жүргенін көрдік. Есепте тұрған 38 ананың өз сәбилерін жарық дүниеге аман әкелулері үшін күнделікті қадағаланып, денсаулығы сыр бергендерін дер кезінде қалалық жерлерге жіберуге құжаттарымен бірге өздерін де дайындау жұмысынан ләззәт алып отырған жас маманның бүгінгі беталысына біз де риза болып қайттық. Әр сала өз ісіне жауапкершіліктері жоғары осындай мамандармен толыға түссе екен деген тілек тұрды көкейде…
Баян МАМЫРБАЕВА