Соңғы жылдары аудан аумағында ұлттық спорт түрлері оның ішінде ат спорты айтарлықтай қарқынмен дамып келе жатыр. Бүгінгі күні әр ауылдық округ арасында салым көкпардан, жаппай көкпардан эстафета ойындары өткізіліп, білекті жігіттердің шеберліктері шыңдала түсуде. Аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық ойындардың да көші ілгері қарай басып келе жатыр. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Дегенмен ат спортынан жастардың арасынан іріктеліп, ауданның намысын облыс, республика көлемінде қорғайтын көкпар командасы жасақтала қойған жоқ. Осыған орай ендігі ат спортының жастар арасында белең алып, артымыздан өсіп келе жатқан жас спортшылардың назарға ілінуіне, жас шабандоздардан іріктелген құрама команданы дайын ұстап, кез келген жарысқа қосып, жүлдені жұлып алатындай жағдай жасауымыз керек. Осы мақсатпен күнікеше айтарлықтай нәтижелі іс-шара өткізілді.
Ағымдағы жылдың 11 қарашасы күні аудан орталығы Шонжы ауылының шығыс аймағындағы бәйге алаңында өткізілген ұлттық ойындардан және ұлттық ат спортынан жастар арасында жарыс жоғарыда айтқан жоспардың бастамасы десек те болады. Аудандық ішкі саясат бөлімі мен “Адам және қоғам” қоғамдық бірлестігі мұрындық болып ұйымдастырылған спорттық сайыста сайдың тасындай жас спортшылар бақ сынасты. Шараға ауданның барлық ауылдық округтерінен келген шабандоз жастар мен ұлттық спортты сүйер қауым келіп, белсенділік танытты. Спорттық шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақжол Ташкенов алғы сөзімен ашып, барша сайысқа түсетін жас спортшыларға сәттілік тіледі. 18 бен 23 жас аралығындағы жас шабандоздар арасындағы командалық көкпар тартысты болып, кіл мықтылар іріктеліп, топтың алдына шықты. Онымен қоса садақ ату, қошқар көтеру, теңге ілу сынды ұлттық ойын түрлерінен жастар жарысқа түсті. Көкпардан Сүмбе мен Шошанай ауылдарынан келген көкпар командасы бірінші орынды иеленіп, 150 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. Шонжы мен Қалғантам жастарынан құрылған команда екінші орынды еншілеп, 100 мың теңге ақшалай сыйлықты қоржынға салды. Ал Үлкен Ақсу ауылының жас шабандоздары үшінші орынға табан тіреп, 50 мың теңгені сыйлыққа алды. Сондай-ақ командалар жарыстың медальдарымен марапатталды. Садақ ату, теңге ілу, қошқар көтеруден де тартысты ойын көрсеткен жастар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бұғанасы қатып, тұлымшағы желбіреген әр қазақтың баласы жастайынан атқа қонып, тайдың жалын тартып мініп, ата-бабасынан аманат қалған ұлан-ғайыр далада еркін шабуды әдет қылған. Осы спорттық ойында да үзеңгіге аяқ салған әрбір жастың ұлттық құндылықтарға деген қамқорлығы мен шынайы жанашырлығы айқын сезілді. Ұлттық спорт ұрпақтың санасында жаңғыртылып, ұлы даланың төсінде дәріптелді. Жеңісті күндеріміз көп болсын!
Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ