Біздің ауданымыз агросектор саласына бейім аймақ болғандықтан тыныс-тіршілігіміз ауылшаруашылық саласына, оның ішінде егіншілік пен жер игеруге, бақ отырғызу мен суармалы жерлерді пайдалануға тікелей тәуелді екендігі айқын. Осы орайда жомарт күздің қарашасында біздің шаруа қожалықтар мен диқандар қауымы үшін маңызды бір күн аталып өтілді. Ағымдағы жылдың 15 қарашасы күні қасиетті Қарадаланың төріне соңғы технологияларды пайдалана отырып құрастырған су жаңа ауылшаруашылық саласының техникалары мен заманауи тракторлардың көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Бұл бұрын-соңды болмаған үлкен мүмкіндіктің бастауы деп пайымдауымызға болады. «Алтын күз» деген тамаша атаумен өткізілген көрмеге «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Eurasia Group» ЖШС, «БелАгро» ЖШС сынды ауылшаруашылығы техникаларын сатумен айналысатын бірқатар ірі компаниялар қатысты.
Шараның басын аудан әкімі өзінің сөзімен ашып, көрмеге ауылшаруашылығының алып техникаларын арқалап келген кәсіпкерлер мен компанияларға алғысын айтты. Сондай-ақ көрмеге ауданымыздың барлық ауылдық округтері мен елді мекендерінен жер анадан нәпақасын теріп жүрген диқандар мен шаруа қожалық иелері келіп қатысып, тамашалап, бірқатары сатып алуға ұмтылыс білдіріп те жатты. Ауданымыздың техника жағынан әлеуетіне тоқталар болсақ, аудан шаруаларында бүгінгі таңда жалпы саны 456 трактор және 767 әртүрлі аспалы ауылшаруашылық техникасы бар. Соңғы 5 жыл ішінде 117 трактор, 56 аспалы ауылшаруашылық техникасы жаңадан сатып алынған. Ал биылғы жылдың басынан бері 21 трактор, 4 жүк тиегіш, 9 түрлі ауылшаруашылық техникалары сатып алынды. Бұл ауылшаруашылық саласы жылдан-жылға үдере дамыған біздің ауданымыз үшін көп көрсеткіш деп айта алмаймыз. Әлі де болса егістік науқаны кезінде техниканың жетіспеушілігі сезіледі. Алдағы уақытта осы көрмеде қойылған ең соңғы үлгідегі заманауи техникалар мен қуатты тракторлар ертең әр шаруа қожалықтың иелігінде тұрып, ауданның ауылшаруашылық саласын дамытуға қызмет етсін деп іштей тіледік.
«Жақсыны көрмекке» деп дана халқымыз айтпақшы, осы көрме арнайы ауылшаруашылық саласы қарыштап дамып жатқан біздің ауданымыз бен еңбекқор халқымыз үшін арнайы жасалып жатқа игі шаралардың бірі болды. «Алтын күз» көрмесі шаруалардың шабытын шарықтатып, жаңа техникаға деген қызығушылығын арттырған есте қаларлық ерекше шара болды. Еңсеміз биік, егініміз бітік болсын! Қамбамыз дәнге толсын!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ