ЖҰЛДЫЗ ТАҒДЫРЛЫ АҚЫН
Маңдайы жарқырап туатын, туа пешенесіне адамгершіліктің, шығармашылықтың бағы жазылған, еңбегіне қарай бағаланатын, атақ-абыройға ие болатын, онысы өзіне жарасып тұратын адамдар болады. Өкінішке орай , жазғаны бір жақта, сөйлеген сөзі мен өзі екінші жақта жүретін, ақындығы болмысына жараспай тұратындар да кездеседі ғой.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, ақын, драматург, Нұрлан Оразалинге Алла бәрін үйлестіріп, бере салғандай. Жазса «дүниеде жазғаннан өзге қызық жоқ» деп өзге ешнәрсеге алаңдамай жазады, ағыл-тегіл төгілтіп сөйлесе сендіріп, иландырады, шенеуніктің шапанын кигендегі сәл маңғазсынғандай көрінетін түр-келбеті де өзіне жарасымнан жаратылғандай жараса кетеді.
Нұрлан ағайды қатты сыйлап, талантының алдында мысым басылып қала ма білмеймін, көп жақындай бермей, кісікиіктеніп, сырттай қарындастық тілеуқорлық тілекпен жүретінім рас.
1988 жылы Алматыға көшіп келгенде, күйеуіміз екеуміз сандалдық та қалдық. Екі қолға бір жұмыс табылмаймын десе табылмайды екен. Бірде Ди-ағаң — Дидахмет Әшімхановқа жолығып, жағдайымды айттым. Ол: «Қазақстан Театр қайраткерлері одағының бірінші хатшысы Нұрлан Оразалин дейтін ағаң бар. Соған бар, көмектеседі» – деді. Жүрексінсем де бардым. Кірдім.
– Келген шаруаңды тез-тез айт. Жиналысқа барайын деп отырмын, – деді.
Шыны керек, даусы да, түрі де сұстылау көрінді. Аузымнан сөзім, қойнымнан бөзім түсіп ыңғайсызданып, күздің қара суығына қарамай шып-шып терледім-ау деймін. Жұмыс іздеп келгенімді айттым.
– Қайдан келдің?, – деді салқындау, қабағын түйіп.
– Отардан. Жамбыл облысынан. Ауданымыз жабылып…
Айтарын айттым да, ернімді тістеп қалдым. «Қап, Ұйғыр ауданынанмын деп неге айтпадым».
– Телефоныңды тастап кет.
Телефон тұрмақ, қуықтай үйге әрең сиып отырған кезіміз. Тез жинақталып достарымның бірінің үй телефонын қалдырдым. Салқын ықыласпен жазып алғандай көрінді.
«Бекер келдім-ау, осы» деп ойлап, үйге көңілсіз оралдым. Қайдағы-жайдағы уайым келіп торлады. Күйеуім екеуміз төрт айдан бері жұмыссызбыз. Ауданымыз жабылмаса мұнда көшіп келіп неміз бар, жұмысымызды істеп жүре берер едік қой.
Кешке досымыз келді ала шапқын болып. Қыдырәліні театр қайраткерлері одағына жұмысқа шықсын депті. Кезіндегіні қайдам, қазір ойласам да қатты толқығанымнан жылағым келеді. Бір сәтте көңіліміз өсті, үйімізге жылылық кірді, үш кішкентайымыздың жүзі де жайдарланды. Даусымыз да жарқын-жарқын шыға бастады. Алдына қайта барып рақмет айтпаған да шығармын, бірақ сырттай шын жанашыр тілеуқорлығына айналдым.
«Беймаза көңіл», «Көктем көші», «Жетінші құрлық», «Адамзатқа аманат», «Құралайдың салқыны», «Ғасырмен қоштасу», «Сырнайлы шақ» жыр жинақтарының ішінде менің жаныма жақыны 1977 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген алақандай ғана «Беймаза көңіл» мен 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген «Жетінші құрлық». Онда менің Бұғытым мен Темірлігімнің суреті, тарихы бар. Ақын Тұманбай Молдағалиев «Беймаза көңілге» алғысөзді былай жазыпты: «Қолымыздағы кітапқа сүйінерім – ақын өтірікке жоламайды. Өзінің жаны сезгенін адал, ақ жанымен жарылып айтады екен,– дей келіп, – Арнасына сыймай алқынған бұлақ өзенге жетпей тоқтамас», – деп аяқтапты. Алдыңғы буын ағалардың алғыс алған Нұрлан Оразалин жетпістің желкеніне дос сүйсініп, дұшпан күйінгендей асқақ абыроймен көтерілді. Маңдайыңыз жарқырап, үніңіз саңқылдап, семсер сөзіңіз жарқылдап топ алдында жүретін күндеріңіз ұзағынан болсын деп тілейміз.
Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
жазушы