КІШІЛІКТІҢ, КІСІЛІКТІҢ ҮЛГІСІ…
«Нұрлан аға, Оразалин» десе, көзі ашық, көкірегі ояу қазақстандықтың есіне таңдайы жарылған – шешен, өр тұлғалы – көсем, тірліктің сан-саласының білгірі, мемлекет қайраткері, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының бас қолбасшысы түсетіні ақиқат. Бұл – бүгінгі күнгі Нұрлан ағаның тілектес, ниеттес досы қуана, кінәмшіл, қызғаншақ қасы амалсыз мойындаған шындық. Ол өзінің даусыз дарындылығымен, талассыз талантымен, кіршіксіз кісілігімен қазақ баласы ғана емес, иісі алты Алашты, тіпті дүниежүзін осындай ойға тұрақтауға мәжбүрлегені әркімге аян.
Бүгінде түгел Түркіге танымал ағамыздың ақындық қуаты, шешендік мұраты, драматургтық дарыны, азаматтық арыны, қайраткерлік қарымы, жайлы майталман үзеңгілестері, мамандар жеріне жеткізе айтары анық.
Ал мен ізінен ерген іні ретінде Нұрлан аға мен Фаузия тәтеміздің кісілігі мен кішілігі туралы айтсам деймін.
Нұр ағаны алғаш алымды ақын Әбдікерім Қасымбековтың 40 жылдық мерейтойына арналған іс-шарада көрдім. Алматыдан келген қадірлі қонақ ретінде өзін өзгелерден ерек ұстауы есте қалыпты. Мыналар «ауылский» екен деп мұрын шүйірмегеніне тәнті болғанбыз. Үлкен-кішінің бәрімен жатсынбай араласатын бауырмашылдығымен баурап алған еді.
Бірде Қазақ ССР-і театрлар қоғамының төрағасы Нұрлан Оразалиннің Алматыдағы пәтерінде болуға тура келді. Жұбайым екеуміздің сондағы таңырқағанымыз сондай биік лауазымдағы адамдардың шақырусыз қонақтарды алғаусыз көңілмен аңқылдап қарсы алуы еді.
Отбасымызбен қуана еске алып отыратын үшінші кездесу Шонжыдағы құтхана үйімізде болып еді. Бұл 1998 жылдың көктемі болатын. Сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Ақан аға Нұрғожаев қоңырау соғып, Жазушылар одағының хатшысы Нұрлан Оразалинді сенің үйіңнен түстендіреміз деген пәрмен берді. Асығыс-үсігіс үйдегі бар азық-түлікпен қуырдақ қуырғанша қонақтар да келіп қалды. Сол жылы жарық көрген кітабын қолтықтай кірген Нұрағаң амандықтан соң өлең оқуға кірісті.
Асығыс аттанатын қонақтармен кешке қарай қимай қоштасқан едік. Сонда Нұрлан аға мен Фаузия тәтеміздің кішіліктеріне бас иіп, кісіліктеріне көңіліміз толып, осы кісілер біздің ағаларымыз деген мақтаныш кернеп еді кеудемізді .
«Ұлық болсаң кішік бол» деген мақалды халық осындай жандарға арнаған екен ғой. Ағамыз бен тәтеміздің осы қарапайымдылығы тегеурінді тектіліктің көрінісі, меніңше. Күні кешегі қасиетті Қарадаланың қара домалақ баласы, бүгінде алты Алаштың абызына, түгел Түркінің қазына-қазығына айналған Нұр ағаңа жетпісіңіз құтты болсын демекшіміз. Алланың берген жасын жасап, ағалығыңыздан даналығыңыздан, даралығыңыздан айнымауыңызға тілектес.
Ізгі ниетпен ініңіз Жәнет СӘДІҰЛЫ