Басты бет Мәдениет және руханият ҰЛТТЫҚ КИНОНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

ҰЛТТЫҚ КИНОНЫҢ ҰЛЫ ТҰЛҒАСЫ

0
1,405

Атақты кинорежиссер Сұлтан Қожықов десек «Қыз-Жібек» фильмі, «Қыз-Жібек» киносы десек Сұлтан Қожықовтың есімі бірден санамызға сақ ете қалатыны рас. Қазақ киноөндірісіндегі шоқтығы биік фильмді жүз рет қайталап көрдік десек өтірік бола қоймас. Балалықпен Төлеген мен Жібектің махаббатын алдыңғы орынға шығарып алдық та, қазақи дәстүр, ұлттық киімдердің үлгілерін кейінге ысырып қойғандай болғанымыз да ақиқат. Бекежанның рөлін сомдаған актерді жек көріп, Шегенің рөлін ойнаған әртісті жақсы көріп,Төлегенге жанымыз ашып, әйтеуір бұл кинодағы әр кейіпкерге өзімізше баға бердік. Осындай шедевр дүниені туғызған режиссер туралы ойланбадық та. Өйткені әртістердің әсерінен шыға алмадық. Нұрғиса Тілендиевтей дара композитордың «Аққу» күйінің осы фильмге арнайы жазылғандығы өзінше бір тарих. Құс екеш құсты да музыкаға елітіп, олар да өз рөлдерін жоғары деңгейде орындап шыққандығы нағыз дарын иелерінің киесінен дейміз бе, жоқ әлде талантты адамдардың шынайы еңбегінен бе, ол жағы тағы белгісіз. Сәл шегініс жасайық. Ұлтымыздың ұлы режиссері Сұлтан Қожықовтың шыққан тегі, өскен ортасы, тәрбие алған шаңырағы туралы айта кетелік.

Сұлтан-Ахмет Қожықов 1923 жыл­дың 10 наурызында Жамбыл қаласында Алаш қайраткері – Қоңырқожа Қожы­қовтың (1880-1938) отбасында дүниеге келген. Биыл наурызда 100 жылдығы болды. Анасы Ләтипа Мұңайтпасова-Қожықова (1893-1960). Олардың Сұлтан-Ахметтен үлкен үш ұлы Қожа-Ахмет, Құлахмет, Нұрахмет өсе келе қыл­қа­ламынан тамаша дүниелер туған дарынды суретшілер болды. Олар­ға еліктеген Сұлтан-Ахмет те суретке қабілеті бар eкeнін ерте көрсете бас­та­ды. Оған себеп балалардың анасы Ләтипа қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш театр суретшісі, сахна безендірушісі еді. Сұлтан-Ахмет дүниетанымының қалыптасуында негізінен әкесінің ықпалы зор болды. Ол қазақ мектептерінің мұғалімдері мен шәкірттері үшін әр дыбысты жеке әріппен таңбалайтын «Әліппе» жазған адам. Ағартушылықпен қатар ұлттық қозғалысқа қатысып, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан. Тіпті Түркістан Орталық атқару комитеті мен оның төралқасының мүшесі, бірнеше рет ТүркЦИК мүшесі, Қосшы ОК басшыларының бірі болған. Мәдениет саласына да үлкен үлес қосқан тұлға­лардың бірі, 1935-1936 жылдары профессор С.Асфендияровтың жетекшілігі­мен жарық көрген «Қазақтың өткен­де­гі тари­хы туралы деректер мен мате­риалдар» атты екі томдық құнды еңбек­ті құрас­тырушылардың бірі. Ұлт­тық көне ескерт­кіштерді қорғау комитетін ұйым­дастырып, Қазақстандағы бағзы ескерт­кіштердің атлас-картасын жаса­ған қайраткeр. Қарап отырсаңыз Сұлтан Қожықов атамыздың ата-анасының өзі бір-бір тұлға. Сол кезеңдерде білім мен шығармашылық жұмыстарына белсене араласқан жандардан тек таланттылар дүниеге келгені ғой.

Сұлтан-Ахмет мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде сурет салуға машық­тана бастаған. Оның алғашқы сурет­тері «Ара» журналы, «Известия» газеті сияқты басылымдарда жарық көрген. 1941 жылдың маусымында Ұлы Отан соғысы басталғаннан-ақ он сегіз жасар С.Қожықов әйгілі 8-ші гвар­­­диялық панфиловшылар дивизиясы жауынгерлері қатарында неміс-фашистеріне қарсы соғысқан. Майданнан жеңіспен оралған Сұлтан-Ахмет ағасы Құлахметтің кеңесімен Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік бө­лі­міне кеңес одағының танымал кино шебері Александр Довженконың шеберханасына оқуға түседі. Бұл оқуға дарыныңмен қатар білімің, шеберлігің болмаса түсу қиямет-қайым. А.Довженконың атында қазір үлкен киностудия бар. Кеңестер Одағының ең танымал, өз ісінің хас шебері болған адамның шеберханасында білім алу дегеніңіз кез келгеннің маңдайына қона қоятын бақ емес. Мыңнан біреуде ғана болар, бәлкім. Институтты 1953 жылы бітірген ол Алматы көркемсуретті және деректі фильмдер киностудиясында еңбек жолын бастайды. Сол заманның оқу, білімін алса да ұлттық тәрбиені есінен, жадынан еш шығарып көрмеген Сұлтан Қожықов кіл мықтылармен қызметтес болады. Сен тұр, мен атайындармен терезесі теңдей жұмыс атқарады. «Ана мен бала» деп аталған алғашқы режиссерлік дебютін өзінің сценарийі бойынша түсіреді. Фильм жастар тәрбиесіне арналады. Ол кино өнеріне өзіндік жаңалық енгізгісі келген режиссер. Осындай ізденістер мен талпыныстар Сұлтан-Ахмет Қожықовтың келесі фильм­дері «Біз Жетісуданбыз», «Егер біз әрқайсысымыз…», «Жартас үстіндегі Шынарда» молынан байқалады.

Басқа туындыларын былай қойып, тек «Қыз Жібек» фильмін еске алғанның өзінде Сұлтан Қожықов қазақ кино өнерінің жарық жұлдызы болып есеп­телетіні әмбеге аян. Қазақ «Қыз Жібек» жырын «Махаббат Гимні» деп атайды. Мектепке жүргенде екі ғашықты көрсек Қыз-Жібек пен Төлегенге тели салатынбыз. Өйткені олар шынайы махаббаттың символы, ата-аналарының қарсылығына қарамастан бір-біріне деген  сүйіспеншіліктерін жасырмаған шын ғашықтар. Ол замандарда тыйымдар болды, бай мен кедей немесе ата жаулары бір-біріне қыз беріспеді. Қазақ қоғамында жеке бастың бостандығы, сезім мен махаббат еркіндігі туралы пайымдар ашық айтыла бермеді. Ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты салттары үстем болғаны да белгілі. Солай бола тұрса да «Қыз Жібектің» шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың эстетикалық па­йым-түсінігіне белгілі бір дәрежеде жаңа­лық болғаны рас. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне ла­­йық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйлену­ді көздеуі – сол кезеңдегі жастардың ­ойында, көкірегінде жүрген арманы, тілегі еді. Жырдың ел арасында кең тарауының басты себебі де осында. «Қыз Жібек – қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дас­тан екенін мектеп қабырғасынан білеміз. «Қыз Жібек» жыры – аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Төлеген мен Жібек бірін-бірі шын сүйген ғашықтар, бірақ әке батасынан аттап кеткен Төлегеннің өлімі мен Жібектің қайғылы тағдыры заманында талай жанарға жас үйірілткені айтпаса да түсінікті. Жібек бейнесін сұлу­­лық пен әсемдіктің нышаны, жыр­ды қазақ халқының рухани құндылығы­на қосылған баға жетпес асыл мұра де­сек, қателеспейміз.

Қазақтың ұлттық лиро-эпикалық «Қыз Жібек» дастанының кинонұсқасы 1972 жылдың қыркүйек айында әлем­дік экранға жолдама алды.  «Қыз Жібек» жырында қазақ хал­қының өмірі мен тұрмысы, кәсіп-тір­шіліктері мен салт-санасы, елдігі мен ерлік істері, ар-ожданы мен арман-мақ­саты жан-жақты, терең әрі көркем жыр­ланғаны қызығушылық пен көңіл күйдің сүйсінуі мен шарықтауына жол ашады. Жырды оқыған оқырманға, фильмді көрген көрерменге небір әсерлі әсем сезімдер сыйлайды. Ертеректе өзіміздің тыңдармандар мен оқырмандарға тамаша көңіл күй тарту ететін «Қыз Жібек» жыры кейінгі жарты ғасырда әлемнің миллиондаған көрерменіне «Қыз Жібек» (1970 жылы) фильмі арқылы Ұлы Даланың аңызға айналған ақ махаббатының сыр-сипаты толыққанды жет­кізілгені талассыз.

Сырлыбай мен Базарбайдың әсемдікке бөленген бай ауылдары, халықтың сән-салтанатқа негізделген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері төрт, алты қанаттан бастап жиырма төрт қанатқа дейін бой түзейтін ақ шаңқан сәулетті киіз үйлер. Асыл тасты әшекейлер, оқалы сәнді киімдер, ат әбзелдері – күміс ер­тоқымдар, алтын алқалар, қымбат аң терілерінен тігілген киімдер халықтың тұрмыста қолданған бұйымдары, ер жігіт­тің қанаты – қазақтың қазанаты, бәрі-бәрі фильмде тамаша көрініс тапты. Бекежан – Асанәлі Әшімов, Шеге – Әнуар Молдабеков, Кербез –Фа­рида Шәріпова, Қаршыға – Ыды­рыс Ноғайбаев, Базарбай – Кәукен Кенже­таев, Қамқа – Сәбира Майқанова. Тума таланттар. Фильмнің операторы – Асхат Ашрапов, бас суретші – Гүлфайруз Ысмайылова, композиторы әрі дирижері – Нұрғиса Тілендиев, редакторы – Асқар Сүлейменовтей марқасқалар араласқан дүние дәл осындай шығуы керек еді. Сұлтан Қожықов діттеген мақсатына жетті. Оның ұлттық салт-дәстүрді, ұлттық болмысымызды әдемілеп жеткізген бұл туындысы шынымен шоқтығы биік дүние болды. Қазақ киноөнерінің тамаша үлгісі мен шедеврін жасап кетті. Қазақ барда Қожықовтың аты өшпейді.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ДАРАБОЗ ДАРЫН ИЕСІ

Ілияс Жансүгіровтың аты аталса дара шауып, құйындап келе жатқан Құлагер көз алдымызға келе…