Шығысы мен батысы ұлан-ғайыр қасиетті Қарадаланың төсі ұшы-қиыры жоқ көсілген қара жазық болғанымен, етегі суға, өр жағы нуға бай, ал Шелекке шекаралас жағы әлемде теңдесі жоқ табиғи ескерткіш – Шарын шатқалымен көрген жанды таңғалдырмай қоймайды. Сонымен қатар, ғасырлар бойы ғұмыр кешіп келе жатқан әйгілі ерен тоғайы да байсалды да байыпты Қарадала өңіріне өң беріп тұрғандай. Дәл осы соғды еренімен ерекшеленетін мұндай баға жетпес табиғи байлық әлемнің екі жерінде ғана сақталғандығы да баршаңызға мәлім. Бірі Солтүстік Америкада, ал екіншісі дәл осы біздің өлкедегі – ерен тоғайы. Бұл табиғат ескерткіштері «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ерекше қорғауындағы аймақтар. Шарын шатқалы Шарын өзені бойымен солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай 154 шақырымға созылып жатыр. Ал жергілікті халық «Қамалдар аңғары» деген атау берген шатқалдың негізгі көз тартар тамаша бөлігін 3 шақырымдай жаяу жүріп тамашалап шығуға болады. Шарын өзеніне Теріскей және Күнгей Алатау жоталарының солтүстік баурайынан бастау алатын көптеген өзен сулары қосылып, суы мол өзенге айналады да, Жалаңаш ойпаты мен Торайғыр тауын шығысынан қақ жара өтіп орасан зор шатқал жасайды. Дәл осы табиғат тамашалары жыл сайын мыңдаған туристердің біздің өлкеге тартылуына себепші болып келеді.
Ағымдағы жылдың 21 шілдесі күні жоғарыда мақтауын асырған біздің өлкенің көз тартар келбеті мен қайталанбас табиғи сұлулығын тамашалауға әлемнің және Қазақстанның түкпір-түкпірінен тілшілер қауымы ағылып келді. Олардың бір мезетте келіп, шатқалға саяхат жасауаға қолайлы жағдай туғызу үшін Алматы облысы әкімінің қолдауымен арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Еңбекшіқазақ ауданының ерекшеліктерімен танысқан тілшілер белгіленген бағытқа сәйкес біздің ауданға ат басын бұрып, Шарын шатқалының шырайын өз көздерімен көріп, табиғаттың тамашасына табан тигізіп қайтуға үлкен мүмкіндік алды. Пресс-тур бағдарламасына сәйкес келген 200 ге жуық тілшілерді күтіп алып, шатқалға саяхат жасату және шығарып салу жұмыстары аудан әкімдігі мен аудандық ішкі саясат, мәдениет тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық мәдениет үйі және аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастыру жұмыстарына белсене атсалысты. Келген қонақтар саяхатын Шарын шатқалының визит орталығынан бастап, шатқал ішімен жаяу жүріп өту арқылы табиғаттың тамашасына қанық болды. Тілшілердің дені түркі тілдес елдерден келген және өзіміздің елдің әр өңірінің телевидение саласы мен газет, журнал бағытында қызмет етіп жүрген мамандар. «Қамалдар аңғарының» ішімен жүріп өтіп, Шарын өзенінің бойына дейін барған тілшілер қауымы табиғаттың қайталанбас туындысына таңдай қағып, ерекше әсер алғандықтарын жасырмай айтты. Облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы органға және жалпы ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.
«Жақсыны көрмек үшін…» дегендей Қасиетті Қарадаланың құшағында тығылып жатқан әлемге аты әйгілі Шарын шатқалының кереметін көріп, тамашасын сезінуге мыңдаған шақырым жолдарды артқа тастап келген жандардың алған әсері ерекше болды. Табиғаты тамсандырып, сұлулығы баурап алатын, құшағы даласындай дархан, қонақжайлылығы бір төбе бұл біздің өлке!
Ақжол НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ