Он жылға созылған интернационалдық борышты өтеу деген желеумен Ауған жеріндегі соғыстың біз үшін аяқталып, әскерилеріміздің өз жеріне оралғандарына 34 жыл толыпты. Жыл сайын ақпанның 15-і күні Ауған жеріндегі соғысқа қатысқан ардагер сарбаздардың басын қосып, оларға жылы лебіз білдіріп, құрмет көрсету дәстүрі биыл да өз үрдісінен жаңылған жоқ. Аудандық мәдениет үйіне ауыл ақсақалдары, мекеме басшылары, тұрғындар көп жиналыпты. Алдыңғы қатардан орын алған ардагерлердің қатары биыл да сиреп қалыпты. Сахнадан Ауған жеріндегі қанқұйлы соғыстан деректі фильмдер мен бейнебаяндар көрсетіліп тұрды. Жаның түршігеді, төбе шашың тік тұрады, еріксіз көмейіңе өксік келіп тығылады. Не үшін, кім үшін? деген сұрақтан санаң сансырайды.
1979-1989 жылдар арасындағы соғыста қаншама шаңырақ шайқалды, қаншама ана боздап қалды. Қазақ еліне әкелген адам шығыны мен зардабы туралы мәлімет берген шараның жүргізушілері бір минут үнсіздік жариялады. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Шухрат Нурахунов алып, әскери борыштарын оқ пен оттың ортасында өткізген жігіттердің ерліктеріне тағзым етіп, ендігәрі мұндай соғысты көрсетпесін деген тілегін жеткізді. Тәуелсіз еліміздің тұрғындары ашық аспан астында бейбіт тіршілікпен бай, қуатты ғұмыр кешіп, сіздердің жанкешті ерліктеріңізді ешқашан ұмытпайды деген сенімін де білдірді. Жиналған қауым алдында ардагерлерге алғыс айтты.
Абай атындағы гимназия мектебінің оқушысы Айқын Мақсатұлы «Қазақстан» әнін шырқап, сол мектептің ұл-қыздары әскери киімдермен би билеп, жиналғандардың көңіл-күйлерін көтеріп тастады. Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы бастығының орынбасары Асхат Ахметов сөз алып, жүрекжарды ниетін ақтарды. Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде, ТМД шекарасын күшейтуге, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер де арнайы ат басын бұрып келген екен. Өмірлерін қатерге тіккен азаматтарды ардақтау үшін «Таулы Қарабах ардагерлері» республикалық қоғамдық ұйымының аудан бойынша төрағасы Элмурат Асанов сахна төріне шықты. Өзінің ыстық ықыласын білдіріп, бірнеше адамға арнайы төсбелгілерін тақты.
Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Жазерке», «Арзу» анамбльдерінің әртістері патриоттық әндері мен тамаша билерімен шашу шашты. Шығармашылық орталығының бүлдіршіндері Айару Мақсатқызы, Ершат Елая, Мадина Маратқызының орындауындағы «Қазағым» әні ерекше күйге бөледі. Өз Отанына, жеріне деген махаббатын осы ән арқылы сезіндірді кішкентай қыздар.
Ауған соғысының аяқталғанына 34 жыл толғанымен, сол бір зұлматты көргендер арамызда бар. Олардың жан жарасын ешқандай сөзбен, марапатпен жазу мүмкін емес шығар. Сол жылдардың қайғы-қасіреті әлі де көптің көкейінде. 15 ақпан – Ауғанстаннан ағылған темір табыттар тоқтаған, аналар көз жасын көл қылып, балаларын жоқтаған күн. Енді соғыс болмасын. Ауған соғысының ардагерлері әлі де біздің қатарымызда қажырлы еңбектерімен егеменді еліміздің көркеюі жолында жемісті еңбек етіп жатқандығына мақтанамыз. Ардагерлеріміздің қатары сиремесе екен…
Баян МАМЫРБАЕВА