Басты бет Иман Келелі мәселелерді қаузады

Келелі мәселелерді қаузады

0
2,477

Ауданның бас имамы болып Бахтияр Ахметов тағайындалғалы мешіттердің жұмыстары жандана түсті деуге болады. Шындығы сол. Асыра мақтағандық немесе бүйректің бұрғандығы деп түсініп қалмаңыздар. Қарапайым халық арасында имамдар не бітіріп жүр, өлім-жітімде құран оқығаннан басқа деген секілді әңгімелер болып тұратыны да жасырын емес. Ал шындығында имамдардың да ауыл тұрғындары арасында атқарар қызметтері ауқымды. Бахтияр Әбуұлы қызметінің алғашқы күндерінде-ақ барлық ауылдардағы мешіт имамдарының басын қосып, олармен әңгіме-дүкен құрып, ауылдағы ағайынның татулығы, ауызбірлігі, ұлттар арасындағы достығына өздерінің де қатысы бар екендігін түсіндіріп өткен-ді. Ай сайын әр ауылдағы мешіттерде бас қосып, онда ауылдың ақсақалдарымен бірлесе отырып жастар тәрбиесі, үлкендердің іс-әрекеті, жұма намазына келген адамдарға айтылар уағыздар сияқты көптеген мәселелер айтылатын жақсы дәстүр қалыптасып келе жатқандығының куәгеріміз.

Алғашқы кездесу Шонжы ауылынан бастау алып, сосын Тиірмен, Шарын ауылдарында имамдар бас қосты. Осындай кезекті кездесудің сәті Тасқарасу ауылына түсті. Бұл күні мешітке арнайы шақырылған адамдар жиналды. Ауданның бас имамы Бахтияр Әбуұлы кіріспе сөз айтып, ауыл жұртының амандығын сұрап, күні кеше ғана Түркия жеріндегі зілзаладан қаза тапқан жандардың рухына бағыштап құран оқыды. Сонан соң емін-еркін әңгіме болсын, ойларыңызды бүкпесіз жеткізіңіздер деп, ауыл имамының халықпен байланысын білгісі келетіндігін айтты. Тасқарасу мешітінің наиб имамы Тоқтарбек Серікжан келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, жалпы ауылдағы жағдаймен таныстырып өтті. Ауылдағы қазақ пен ұйғыр ұлтының арасындағы достықты, бірлікті әңгімеледі. Жастардың арақтан бойларын алыс ұстап, намазға жиналуы үшін насихат жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқандығын тіліне тиек етті. Арақ – атамыздан қалған ас емес. Барлық жамандық атаулы мен қылмыстың арақтан басталатыны белгілі. Оның денсаулыққа да зияны көп. Осы жағын ойлана келе біраз жастарды, кейбір қарияларды мешітке келтіру үшін түсінік жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде мешітке бет бұрғандардың күн сайын көбейіп келе жатқандығын да айтып өтті. Бар бәленің бастауы – шарапта. Яғни, арағын ішіп, өзінің отбасына кесірін тигізіп жүрген біз білмейтін оның зардабын көріп жүрген отбасылар бар екендігін де жасырмады.

Ауыздарына ащы су тиіп, көшеде тұрғандардың мазасын алып жүрген ағаларымыз да кездеседі. Сондықтан имандылыққа бет бұрғызу үшін тасқарасулықтарды мешітке жұма намазына көптеп жиналуын қолға алғандығы сауапты істердің бірі деп бағаладық. Тоқтарбек Серікжан өзі жауабын таба алмай жүрген біраз сұрақтарын ауданның бас имамына қойды. Оған тұщымды жауап алды. Мешіттің азаншысы Әбдікерім Үлкәш тек жастар ғана емес үлкендер арасында да араққа жандары құмар жандардың азаймай тұрғандығын, керісінше жастардың намазға көбірек келетіндігін айтып өтті. Әрине ешкімді зорлап мешітке әкеле алмаймыз, дей тұрғанмен жайлап түсіндіріп, намаздың пайдасын, Аллаға құлшылық ету адамды жан рақатына бөлейтіндігін түсіндіріп жүрміз, – деп әңгімесін түйіндеді. Ауыл тұрғыны Сұлтан Еркін өлім жөнелту кезіндегі дастарқан мәзірі, онда қойылуға тиісті тағамдар, әйелдердің жаназаның дастарқанын «сылап, сипап» кететін әдеттерінен қалай құтыламыз деген сұрақтарын көлденең тартты.

Ауданның бас имамы Бахтияр Әбуұлы жаназа кезінде ас та төк дастарқан әзірлеудің дұрыс еместігін, ол өлім жөнелтіп отырған отбасы мүшелеріне өте ауыр салмақ екендігін түсіндіріп, осыны ретке келтіретін кездің келгендігін айтты. Кейбір ауылдар имамдарымен біріге отырып жаназа күні дастарқанда күріш, шелпек, бауырсақ, қант пен кәмпит қана болсын деген шешім қабылдағандықтарын нақты мысалмен түсіндірді. Біреудің жағдайы келеді, біреудікі жоқ, сондықтан өлім шыққан үйден тамақ тасу, дастарқанды тонау сияқты өрескел әрекеттерден құтылудың жолдарын, оны көпшілікке дұрыс жеткізу де ауыл ақсақалдары, жігітбасылары мен имамдардың жұмысы екендігін айтты. Көп болып жұмылып, ауылымыздың, ауданымыздың тыныштығы мен берекесін сақтауға өз үлесімізді қосуымыз керек, – деген ниетін де жеткізді бас имам. Алдағы уақытта да осы бағыттан танбай, имандылықтан айнымай, бірлікте талай жұмыстар атқарылатындығына сенім білдіре отырып, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетсек деген ұсынысын да білдірді. Келесі кездесу Қырғызсай ауылында өтетіндігін ескертіп, жиынды қорытындылады.

Баян МАМЫРБАЕВА

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАТ ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ДІТТЕГЕНІ НЕ НӘРСЕ?

Бүгінгі қоғам өте қызық. Ондағы тіршіліктің қайсысы жақсы, қайсысы жаман деп ойыңды қорытқ…