Тарихтағы батыр бабалардың, Алаш арыстарының, кешегі Желтоқсанда қыршын кеткен жастардың бір ғана арманы бар еді. Ол – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – бақ. Тәуелсіздік – бақыт. Тәуелсіздік – баға жетпес қазына. Ол – сіз бен біздің, бүгінгі қазақ жастарының мойнына артылған аманат. Күні кешегі сол азаттық жолында құрбан болған аруақтардың аманаты. Ал аманатқа қиянат жасауға әсте болмайды.
1986 жылы 16 желтоқсанда өрімдей жастар өзегін өртеген өктем билікке қарсы шықты. Олардың қаруы тек намыс еді. Намыстарын найза етіп, жігерлерін қалқан еткен жастарды тепкінің астына алып, соққыға жықты. Жазушы Мархабат Байғұттың «Жоғалған Жұрнақ» атты шағын әңгімесі дәл сол кезде жапа шеккен жастардың бірінің тағдырын суреттейді. Арматурамен сүйген қызын ұрған жендеттерге араша түскен Жұрнақ өзі де зілтемірдің астында қалады. Ақыры ауыр соққы Жұрнақты жынды етеді. Бір үйдің үміт артып отырған жан дегенде жалғыз ұлына жала жабылып, жындыханадан бірақ шығады. Бұл ауыр дертке жүрегі шыдамаған әке де өмірден ерте озады. Ал желтоқсанның жарасы ашылып, шын бағасы берілгенде жындыханадан шыққан Жұрнақтың есінде тек арматураның «көрсеткен қорлығы» ғана қалады. Арматураны көрген жерде аласұрып, алысып, темірмен арпалысқан Жұрнақты көз алдыңа келтіреді. Мәскеудің медицина институтын әне-міне үздік тамамдайды деп отырған алпамса жігіттің тағдыр тәлейі көзге жас үйірілтеді. Бұл сол жылдардағы қанша жанның басына төнген бұлт еді. Осы шағын шығарма арқылы ғана біз желтоқсанның жарасының ешқашан жазылмайтынын сезінеміз.
Бүгінгі күні 16 желтоқсан мемлекетіміздің тәуелсіздік алған күні ретінде аталып өтеді. Сонымен қатар желтоқсанда қаза болған арыстарды еске алып, құран бағыштайтын қастерлі күн. Бұл күнді шошанайлықтар биыл ерекше атап өтті. Ерекше деуміздің себебі жоқ емес. Өткен жылы аудан орталығы Шонжыда бірнеше жыл құрылысы жүрген тутұғырдың ашылуына куәгер болдық. Ал биыл шошанайлықтар мемлекетке алақан жаймай-ақ 16 метр биіктіктегі тутұғырға алып туды іліп, рухымызды аспандатты. Шошанай ауылының жас-кәрісі бұл күні тутұғырдың жанына жиналды. Әуелеген Гимнімізбен туымызды тұғырға қондырды. Аудан әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев бастап, ауыл ақсақалдары сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін жеткізді. Осындай ұлы істің басында жүрген жастарға зор алғыстарын айтты.
Туымызды тұғырға қондырған соң биыл ғана ашылған Шәкәрім қажы атындағы мешіттің қатымханасында желтоқсан құрбандарына арналып, ас беріліп, құран оқытылды. Мұнда жиналған көпшілік жақсы істің басында жүретін, жұмылып жұдырық бола білетін жастарына жақсы тілектерін арнап, лайым татулық атты құндылықтың ортадан ойсырамауын тілесті. Бата беріліп, ізгі тілектер ағылған күнді шошанайлықтар осылайша ерекше атап өтті.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ