Басты бет Тағзым Өкінішінің өзі өнеге болған…

Өкінішінің өзі өнеге болған…

0
2,046

Аудандық мәдениет үйінде Бақыт Беделханның «Алаштың Алтынбегі» атты пьесасы қойылды. Оны сахнаға шығарған Қарасай жастар театрының әртістері. Көрермен залы қою қараңғылыққа енді. Жарық сәуле тек сахнада.  Жүректі дір еткізер баяу музыка әуенімен тезек дөңгелеткен қоңыздар шықты. Қоңыз терген қазақтың тағдыры тарих тереңіне сүңгітіп жіберді. Қара перделермен көмкерілген сахнаның төрінде тор ілінген. Тезек дөңгелеткендер түрмесі жоқ далада күн кешіп, мылтықсыз аңшылық етіп, күзеті жоқ қорада қой бағып, құлпысыз үйлерін алты айшылық жерге кеткенде иесіз тастап кете беретін қазақтың тағдырын өлең жолдарымен оқи бастады.

— Алаш! — дедім,

Адас! — деген ешкім жоқ!

Ардан биік әрі ас! — дедім,

Талас! — деген ешкім жоқ!

Сұрына тік қарай алмас,

Сұмдықты айтқан ешкім жоқ!

Сұғына тік қарай алмас,

Шындықты айтқан ешкім жоқ!

Бұлданып қанша бақсаң да

Бұл дүние өтер бес боп…

Қылбұрауда шыңғырып жатсаң да,

Сол бес күннің сорлысы — Көру барда, есту жоқ!…

— Уақытында айтылмаған сөз — жетім.

Ақиқатты көре алмаған көз — жетім!

Жетім, жетім, жетілмеген ел жетім.

Ел ішінде ешкімі жоқ ер жетім! – деп өлеңдеткен қоңыздар бір сәт екіжүзді, сатқын, бейбас адамдарға айналды.

— Білем..,

Тексіздікті көрдім, білдім.

Жеріндім де жек көрдім..

Кері-ауыз, кері заманға,

Кешегі емес,

келешек үшін кектендім! …

Тарыдай шашылған қазақтың

Тағдырын ойлап, шөккен кім?

Өкінішпенен өткен кім?

Қара нарынның қабырғасын

Сөккен кім?

Қара халықтың қанды жасын

Төккен кім?

Кім?…

… Сол — арманда кеткен Арыстардай

Ел үшін,

Жаным құрбан! — деп, көргін!

— Жан, жан құрбан, жан құрбан.

Жаннан бұрын мал құрбан.

Арыстарынның бұл заман

Бір ауыз сөзін зар қылған….

— Қиюы кеткен заманға,

Қырда тұрып қарадым.

Қияға қолым жеткен жоқ!

Тәубасы жоқ адамға,

Тауда тұрып қарадым.

Балағынан бит-бүргесі кеткен жоқ! Үстерін сілкілеген, биттерден тазарғылары келген адамдар. Арманда кеткен арысымыз, маңдайымызға сыймай кеткен қайраткеріміз Алтынбек Сәрсенбаевтың образы ерекше, өзгеше форматта жасалды. Сатқындықтың құрбанына, биліктің жемтігіне, жағымпаз дүниенің жағымсыз тіршілігіне қасарысып қарсы тұрған тұлғаның жанайқайы, елім деген ұлт мүддесін бәрінен биік қойған азаматтығы айтылды бұл қойылымда. Жастар театрының әртістері де кілең жастар. Бірақ олар Алтынбек боп ойлады, Алтынбек боп сөйледі, Алтынбектің рухына айналды. Сөздері ауыр, бірақ шынайы. Жүрегіңді тілгілеп-ақ тастайды, бірақ шегедей мығым. Көрерменінің санасын селт еткізіп, ойландыра қояды. Бір сәт серпілтіп, сілкінтіп рухымызды аспанға шығара салды. Бұл қыз-жігіттің талабын қанаттандырған Алтекеңнің аруағы деп қабылдадық.

Шындығы жоқ қоғамға,

Шында тұрып қарадым.

Өтірігі өңменімнен өткен жоқ!

Алаяқ, арсыз жандарға,

Адалдығымнан алдандым,

Ал, Алашыма менің өкпем жоқ!, – деп шырылдады адал азамат. Алтынбек Сәрсенбаевтың ғана емес жалпы Алаш арыстарының мұң-зары запыран болып шықты бұл пьесада. Жас буын онша түсіне қоймасы мүмкін, бірақ аға буын Алтынбектің кім екенін, қандай қызмет атқарғанын, қандай мақсатпен өмір сүргендігін жақсы білеміз. Екі ғасыр тоғысындағы өліара шақта қазақтың көшін алға сүйреген, сол жолда мерт болған – мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына бағышталған бұл қойылымды селт етпей көру мүмкін емес. Ұлт күресі жолында өлген ерде арман жоқ. Өйткені, қара орман қазақтың жадында сөзі жаттаулы, бейнесі сақтаулы. Алтынбек Сәрсенбаевтың көзін көрген, онымен сұхбаттас болғандықтан да болар, ол туралы кез келген дүние менің жүрегімді ауыртады. Студент кезінен-ақ білімге құмар жан, көшбасшылығымен қатарластарының аузында жүрді. Ол Мәскеудің университетіне ауысқанда  одан тұлға шығатындығына бәріміз кәміл сендік. Орыстілділердің ортасында жетік, зиялы, білімді тілмен кез келгеніне салиқалы жауап бере алатын. Сол Алтынбек саяси жүйенің құрбаны болды. Қасарысты, қайралды, бірақ сағын сындырмады, жеке басының қамын күйттемеді. Әр қазақтың жүрегінде Алтекең тірі болғанда мемлекет тізгінін қолына алып, өміріміз басқаша сипат алар еді деген армандардың әлі өшпегені де рас.  Алтын басты арысымыздың аруағы бір аунап түскен болар. Қара ормандай қазағы барда оның аты өшпейтіндігін бүгінгі кеш тағы бір рет дәлелдеді. Қойылымның нүктесі қойылғанда «уһ» деп терең күрсіндік. Көмекейімізге бір ауыр тас кептеліп қалғандай күй кештік. Әртістерге қошеметімізді қатты қол шапалақтарымен жеткіздік.

Сахнаға драмалық шығарманың авторы ақын Бақыт Беделхан шықты. Қарасайдың жастар театрына деген өзінің ілпитатын білдірді. Жоқты бар жасайтын – Құдай, ал өлгенді қайта тірілтетін – өнер, – деп саңқылдаған ақын жігіт үш жылдан бері осы жастармен тығыз шығармашылық байланыста екендігін айтты. Сонан соң Қарадаланың қара нары, абыз ақсақалы деп Ызғарбек Бектұрсынов ағамызды ортаға шақырды. Алтынбектің саяси аренадағы рөлін, оның азаматтығын, ақылдылығын, адалдығын, тазалығын өз пайымымен жеткізді Ызғарбек аға. Алтынбектану бүгіннен бастау алсын, жастарымыз оның өмірімен таныссын деген аталық батасын беріп, Алтынбек аңсаған Қазақстанға жететінімізге сендірді.

Залда қонақ болып отырған Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбаевты сахна төріне шақырды. Ағалық батасын беріп, иығына Қарадала жұртшылығының атынан шапан ілді. Әртістерге алғысын жаудырды. Сөз кезегі тиген Рысбек Сәрсенбаев жиналған қауымға, театрдың әртістеріне ризашылығын тағзым етіп, білдірді. Алтынбектің ғана емес Әлиханнан бастау алатын Алаш арыстарының рухына арналған шығарма деп өз бағасын берді. Отыз жасында министрлік орынтақта болған, одан да биік лауазымдарды атқара жүріп оппозицияға кеткенде де мемлекеттің іргесінің сөгілмеуіне, ел аумағының ыдырамауына, тәуелсіздіктің тұтастығының бүлінбеуіне барын салғандығын жеткізді. Бірлік, береке жолына жанын садақа еткен бауырының Қазақстанды қайтсем көркейтемін, елімді қайтсем қайыршылықтан құтқарамын деген ниетінің орта жолда үзілгендігін, оған әдейі қастандық жасалғандығын тебірене баян етті. Аудан халқына, Бақыт інісіне алғысын жаудырды. Сөз тізгінін қолына тиген Бақыт Беделхан залда тоқсаннан асқан анасының отырғандығын айтып, қонақтарға анасының «Бәтима-Баян» атты кітабын сыйға ұсынды. Алдымен Рысбек ағасына анасының өз қолымен табыс етуін сұрады. Алтын құрсақты Бәтима апамыз Алтынбектің бауырына аналық батасын берді, театр актерларына да кітабын ұсынды.

Біздерде әлі, нарлар көп,

Алға ұмтылар ерлер де көп, арлан боп.

Тағдырымның жолында әлі, тарлау көп.

Ар-жүгімнің алдында әлі, зарлау көп.

Әйтсе де,

Алаш — дейтін рух үшін.

Қазақ — дейтін ұлт үшін,

Боқ құшақтап, қалғандардың қасында

Оқ құшақтап кеткен ұлда арман жоқ!– деп жырлады Бақыт ақын.

Ал Алтынбектің арманы көп еді. Ол үшін ұлт мүддесі бәрінен биік-тұғын. Оның арманы ұлтының бай, қуатты болуы еді. Ол жетпеген армандарға ұлты жетеді деп сенеміз.

Баян МАМЫРБАЕВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ТАСҚАРАСУДЫҢ КӨГІН ЖЫР ТЕРБЕДІ

Шығысы шекара, батысы Бұғыты тауларымен танымал, әлемге Шарын шатқалымен әйгілі, қасиетті …