Қонаев қаласында Алматы және Жетісу облысының іскер әйелдері бас қосты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен бұл форумға 400-ге жуық нәзікжандылар қатысты. Әйелдердің аймақаралық форумы «Аймақтың тұрақты дамуындағы әйелдер бастамалары» деген тақырыппен өтті.
Әр аймақ өз сән-салтанатымен, қолөнер бұйымдарымен, ұлттық тағам өнімдерімен барыпты. Атауының өзі айтып тұрғандай іскер, кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан бұйымдардан арнайы көрме ұйымдастырылған. Әйел шеберлігі, қиялы шексіз деуге болады. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, ою-өрнектермен әдіптелген, ұлттық нақышта жасалған қолөнер бұйымдарынан көз тұнады. Әйелдің шеберлігіне, оның ептілігіне таңданбасқа шараң жоқ осындайда.
Айтулы үлкен шараға біздің ауданнан да 19 іскер әйел өз шығармашылықтарын паш етіп, басқалармен бақ сынасып қайтты. Ауданның іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Айтуням Мамировамен айтулы шара жайлы сұхбаттасқан едік. «Екі облыстың кіл мықтыларымен иық тірестіріп, барымызды апардық», – деп әңгімесін бастады Айтуням Мусажанқызы. «Өзім тандыр нан, тандыр тоқаш, пети нан пісірдім. Нурхан Жалалова самса, самбуза, пәлім, орама нандарын әзірледі. Ұйғырдың ұлттық тағамдарынан жинақтаған көрмемізге сұқтана қарағандар көп болғандығын мақтанышпен айта кетейін», – деп әңгімесін сабақтай түсті. «Сүмбе ауылынан барған Аида Ахметжанова қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырса, Махирям Шарипова қолдан тоқыған кілемдерін апарды. Ал Зібила Тоқтарбек үлкені бар, кішісі бар құрақ көрпелердің түр-түрін көрсетсе, Тасқарасу ауылынан аналы, балалы Ғайрат Масутов пен анасы Турсунай Масутовалардың ағаштан жасаған бұйымдары көрмеге қойылды. Әрине бізден де мықтылар шықты. Көрме көз тартарлықтай керемет болды. Әйелдердің шеберлігіне, қиялдарына таңдай қақтық. Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бинара Сыдықбекова бастап, аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжаһан Әликеева қостап, кәсіпкер әйелдер қолдап, ауданымыздың даңқын шығарып келдік», – деп әңгімесін жалғастырған сұхбаттасым құралақан қалмай марапатқа ие болғандарын да мақтанышпен жеткізді. Өзі облыс әкімі М.Сұлтанғазиевтің «Құрмет грамотасына» ие болыпты. Гүлжаһан Кәкішқызы, Айтуням Мамирова, Злахам Жалилова, Нурхан Жалалова, Шадиям Турсунова, Ханум Салманова, Нұргүл Турдалиева, Бинара Сыдықбекова, Аида Ахметжанова, Махирям Шарипова, Махинур Таипова, Зібила Тоқтарбектер «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың «Алғыс хатымен» марапатталыпты.
Көңіл-күйі тасқындап, қуаныштан жанары жарқылдап келген Айтуням Мусажанқызының форумнан қанаттанып қайтқанын бірден байқадық. Ауданымыздың жақсылығын аспандатып қайтқан іскер әйелдердің жұмыстарына табыс тілеп, алдағы уақытта бұдан да биіктерді бағындыратындығына кәміл сендік. Әйелдің қолы тиген кез келген дүние дөңгеленіп, жандана түсетіндігі анық. Біздің іскер әйелдер де екі аймақтың ханым-қыздарын тамсандырып қайтқандарына бек қуандық.
Баян МАМЫРБАЕВА