Ауданымызда Пайғамбарымыздың туған күніне арналған мәуліт мерекесін атап өту дәстүрге айналған. Шонжыда басталған бұл мерекенің заңды жалғасы іспетті Бірлік Сүмбе мешітінде ауыл тұрғындары бас қосты. Пайғамбарымыздың туған күні деп аталып жүрген бүгінгідей қасиетті сәтте адамдардың жүрегіне жылулық пен имандылық құя білсек онда үмітіміздің ақталғаны. Жүректерімізде Аллаға деген махаббаттың оты жанып, ардақты Елшіге (с.а.у) деген сағынышымыз еселей артып, хақиқи үндеулері жүрегіміздің төріне шыққандығын айтқан бас имам келген жандардың аяқтарының сауабы жазылсын деген тілекпен әрқайсысын құшақ жая қарсы алды. Пайғамбардың күні деген жақсы тілекпен жиылған қауым ең алдымен Мәуліттің мағынасы мен мәнін ұғыну үшін ауданның бас имамы Бахтияр Ахметовтың әңгімесіне құлақ түрді. Әр үйде Құран болсын. Ол – ең құнды және баға жетпес байлық. Оның ішіндегі дүние одан да қымбат екендігін айтып, Құранды бағаласақ өміріміз де жақсара түседі деген ойын жеткізді бас имам.
Әдеттегідей биыл да әлемнің мұсылман мемлекеттері сияқты еліміздің мешіттерінен басталып, үлкенді-кішілі қала, аудан, облыс орталықтарында сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған айы Мәуліт аталып өтіліп, мерекеленуінің өзі жақсылықтың нышаны. Сүмбеліктер бұл шараға көптеп жиналды. Жиналған жамағат Алла тағаланы ұлықтап, Мәулітке қатысты уағыздарға, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) айтылған салауаттарға сусындады. Алдымен Мәуліт мерекесіне жиналған жамағатты құттықтаған бас имам Бахтияр Ахметов, адамзатты имандылық жолына бастайтын Ислам дінінің құндылықтарына тоқтала келе, әсіресе, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жаратылысы әдемі, мінезі де жібектей әрі сабырлы, қарапайым, теңдесі жоқ ең кәміл жан болғанын тебірене сипаттады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүниеге келген күннен бастап жалпы адамзаттың тарихы мүлде басқа сапа, мүлдем басқа өлшемге ие болғанын, бұл – мәңгілік, ешқашан өшпейтін нұр, өшпейтін рух екенін, егер дамыған өркениетті тәуелсіз мемлекет болғымыз келсе, осы жолда ислам діні, мәдениеті, өркениеті ең үлкен тіреу, қолдайтын да, басқаратын да күш екенін тебіреніспен жеткізді. «Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) жібектей жұмсақ, сүттей ақ, судай мөлдір баға жетпес мінез-құлқы, теңіздей терең ақылдылығы ғасырлар бойы тәнті етіп келеді. Ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов халықтың бағын ашар құндылықтардың қатарына дінді де қосқан. Ислам дінінің уағыздайтыны – имандылық, адамгершілік, адалдық және тазалық. Көздейтін мақсаты – елдің тыныштығы, халықтың бірлігі. Баршамызға Мәуліт күні Алланың нұры жаусын! Жүректерімізге жылылық пен мейірбандылық ұялап, туған еліміз өркендеп, гүлдену жолындағы тілектеріміз қабыл болсын,– деген тілегін жеткізген Бахтияр Әбуұлының айтқандарын ұйып тыңдаған қауым Мәуліт мерекесіне арнайы жайылған дастарқан басына жиналды. Онда да тек тамақ ішіп, табақ босату емес Пайғамбарымызға деген шынайы пейілдерін ақтарысқан ауыл қариялары Мәуліттің құдіретін, оның адамзат өміріне тигізер рухани пайдасын тәмсілдермен айтысты. Бірлік Сүмбе мешітінде өткен Мәуліт мерекесі тұрғындардың ойында ұзақ сақталатындығына шүбә келтірмедік.
Баян МАМЫРБАЕВА