Мемлекеттің даму бағыты мен қоғамның болашақтағы келбетін айқындайтын басты құжат – Конституция. Ол елдің құқықтық жүйесінің негізін қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдық қатынастарды реттеуге және мемлекеттің стратегиялық бағдарын белгілеуге қызмет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің даму жолындағы маңызды тарихи әрі құқықтық кезеңнің бастауы болды. Жаңа Ата Заңның мазмұнына зер салсақ, оның басты өзегінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары тұрғанын аңғаруға болады. Конституцияның 1-бабында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені айқындалып, мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені бекітілген. Бұл – мемлекет қызметінің негізгі бағыты азаматтардың мүддесін қорғауға, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталатынын білдіретін маңызды қағидат. Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды ерекшелігі – заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпке басымдық берілуі. Қоғамның тұрақты дамуы, азаматтардың мемлекетке деген сенімі және әлеуметтік әділеттіліктің орнығуы ең алдымен заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына байланысты. Конституцияның жоғары заңдық күші мен оның ел аумағында тікелей қолданылуы құқықтық мемлекеттің берік негізін қалыптастырады. Заң алдында баршаның тең болуы, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – әділетті қоғамның басты белгілері. Сонымен қатар жаңа Конституцияда халықтың мемлекеттік басқару ісіндегі рөліне ерекше мән берілген. Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі ретінде айқындалған. Бұл қағидат азаматтардың ел өміріне араласуының, қоғамдық бастамаларға қатысуының және мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарауының маңызын көрсетеді. Өйткені елдің өркендеуі тек мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, әрбір азаматтың белсенділігі мен азаматтық ұстанымына да тікелей байланысты. Ата Заңда білім, ғылым, мәдениет пен инновация құндылықтарына да айрықша назар аударылған. Қазақстан Республикасының адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде тануы – болашаққа бағдарланған маңызды шешім. Бүгінгі жаһандану дәуірінде елдің бәсекеге қабілеттілігі ең алдымен білімді ұрпақтың қалыптасуына, ғылыми әлеуеттің артуына және жаңа технологияларды тиімді пайдалана білуіне байланысты. Сондықтан бұл бағыттардың конституциялық деңгейде айқындалуы жас ұрпақтың сапалы білім алуына, кәсіби дамуына және елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға берік негіз қалайды. Отбасы институты, ана мен бала құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру және білім алу мүмкіндіктері де Конституцияның маңызды бағыттарының қатарында. Атап айтқанда, неке мен отбасының, ана, әке және баланың мемлекет қорғауында болуы қоғамдағы отбасы құндылықтарының ерекше орнын айқындайды. Ал білім алу мен әлеуметтік қолдау саласындағы конституциялық кепілдіктер азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Біздің еліміз үшін қоғамдық келісім мен этносаралық татулықтың маңызы да ерекше. Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ортақ Отанымыз. Жаңа Конституцияның кіріспесінде бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарының көрініс табуы осы құндылықтардың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қоғамдағы өзара құрмет, түсіністік пен келісім ел тұрақтылығының берік тірегі болып қала береді. Менің пайымдауымша, жаңа Конституцияның басты артықшылығы – мемлекеттің алдағы даму бағдарын айқындай отырып, адам мүддесін, заң үстемдігін, қоғамдық келісім мен жауапкершілікті біртұтас құқықтық негізде тоғыстыруында. Бұл құжат тек бүгінгі күннің талаптарына жауап беріп қана қоймай, келешек ұрпақтың дамуына да бағыт-бағдар береді. Әрине, Конституцияда белгіленген қағидаттардың өмірде нақты жүзеге асуы әр азаматтың құқықтық сауаттылығына, мемлекеттік органдардың жауапкершілігіне және қоғамның ортақ іске деген белсенділігіне байланысты. Сондықтан Ата Заңды құрметтеу – оның нормаларын білу ғана емес, күнделікті өмірде заң талаптарын сақтау, өзгенің құқығын сыйлау және ел игілігі жолында еңбек ету. Жаңа Конституция – еліміздің құқықтық дамуының жаңа белесі, қоғамның жаңғыруына жол ашатын маңызды құжат. Оның негізгі қағидаттарын қолдау және өмірде жүзеге асыру – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бірлігі бекем, заңға құрметі жоғары, білім мен еңбекті бағалайтын елдің болашағы әрдайым жарқын болмақ.
Ұйғыр аудандық Аналар кеңесінің мүшесі Абдимусаева Балауса Маратқызы

