
Мемлекеттің шынайы күші – оның халқының бірлігі мен азаматтардың ел болашағына деген жауапкершілігінде. Қоғамның тұрақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі және ел ішіндегі қоғамдық келісім ең алдымен халықтың ортақ мақсат жолында жұмыла білуіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясындағы 4-баптың мәні мен маңызы ерекше. Аталған бапта Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі екені нақты айқындалған. Сонымен қатар халықтың мемлекеттік билікті еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асыратыны және өз өкілеттігін мемлекеттік органдар арқылы іске асыратыны бекітілген. Бұл – ел басқару ісіндегі азаматтардың орнын айқындайтын, халықтың мемлекет өміріндегі рөлін арттыратын маңызды конституциялық қағидат. Аталған норма әрбір азаматтың ел тағдырына ортақ жауапкершілікпен қарауы қажеттігін көрсетеді. Өйткені мемлекеттің дамуы тек мемлекеттік органдардың қызметімен шектелмейді. Ол қоғам мүшелерінің белсенділігіне, азаматтық ұстанымына, заңға құрметіне және ортақ мүдде жолындағы ынтымағына тікелей байланысты. Халықтың мемлекеттік басқару үдерісіне қатысуы, өз пікірін білдіруі және қоғамдық өмірдегі бастамаларға белсенді араласуы билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалып, заң үстемдігі қамтамасыз етілген ортада ғана тұрақты әрі әділетті қоғам қалыптасады. Сондықтан әрбір адам өз құқығын біліп қана қоймай, қоғам алдындағы міндеті мен жауапкершілігін де терең сезінуі маңызды. Менің пайымдауымша, жаңа Конституцияның 4-бабында көрініс тапқан бұл қағидат азаматтық қоғамды дамытуға, халықтың мемлекеттік басқару ісіндегі белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды құқықтық негіз болып табылады. Себебі елдің ертеңіне бейжай қарамайтын, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты бағалайтын, ортақ іске жауапкершілікпен қарайтын азаматтар – мемлекеттің басты тірегі. Бүгінгі таңда Қазақстанның өркендеуі әрбір азаматтың ел дамуына қосқан үлесімен өлшенеді. Бірлік бар жерде береке, ынтымақ бар жерде тұрақтылық болады. Сондықтан халықтың ауызбіршілігін сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және жасампаздыққа бағытталған ортақ құндылықтарды дәріптеу – баршамызға ортақ міндет.
Қазақстанның болашағы – бірлікте, ал елдің дамуы – әр азаматтың жауапкершілігі мен белсенді азаматтық ұстанымында.
ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ «АРДАГЕРЛЕР» ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЕРБОЛ НҰРСЕЙІТОВ
