Күні ертең әлем назары Астанаға ауады. Төрткүл дүние Қазақстанның бас қаласына көз тігеді. Осыдан бес жыл бұрын Францияның астанасы Париж қаласында халықаралық көрмелер бюросының EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясында 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу мәселесі талқыға түскен болатын. Жасырын дауыс беру нәтижесінде елордамыз басым дауысқа ие болып, 2017 жылғы ЭКСПО көрмесін өткізу құрметіне ие болды. Бөркімізді аспанға ата қуандық. Көрме арқылы небәрі ширек ғасырлық тәуелсіздігі бар мемлекетті алыптар алдында тағы да абыройы артпақ. Жалпы айтқанда бұл – жас қазақ мемлекетің үшін үлкен мәртебе. Ал ондай зор мәртебені халықаралық ұйымдар кез келген қаланың қанжығасына байлап бере салмасы тағы анық. Ендеше «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы бағымыз болар көрменің ашылатын сәтіне де санаулы сағаттар қалды.
Бұл көрмеде қатысушы мемлекеттер өздерінің энергия саласындағы жетістіктерін паш етпек. Сол арқылы барша жұрттың назарын аудармақ. Бүгінгі күнде баламалы энергия көздерін пайдалану өзекті мәселе. Әсіресе күн сәулесінен, жел мен судан энергия алу адамзат үшін қажетті ресурс болып отыр. 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін көрмеге алыс-жақын шетелдерден, елімізден миллиондаған қонақ келеді деп күтілуде.
Сәні мен салтанаты жарасқан Астанамыз ЭКСПО ғимараттары арқасында онан сайын әсемдене түсті. Көкпен таласқан таңғажайып қалашық кімнің болса да назарын аудартары анық. Әсіресе айнала қоршаған ғимараттар арасында шар тәріздес, көрменің орталық нысаны «Нұр Әлем» павильонын екшеп айтуға болады. Сәулетшілердің айтуынша, бұл – диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат. Міне, дәл осы «Нұр Әлем» павильонында келген қонақтар Қазақстанның өзіндік ерекшеліктеімен таныса алады. Атап айтқанда тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, салт-дәстүріміз бен ғасырлардан қалған ғұрпымыз, талайдың таңдайын қақтырар табиғат кереметтері, толағай табыстарымыз бен жемісті жетістіктеріміздің көрмесі осы ғимаратта орналаспақ. «Болашақ энергиясы» жобасы да – дәл осы «Нұрлы Әлемнің» басты элементінің бірі. Сондай-ақ бұл алып шар ішінен жаңартылған энергия көздерімен танысуға мүмкіндік бар. Жаңа технологиялар алаңына айналатын бұл ғимараттағы кереметтер келушілердің таңдайын қақтырары сөзсіз. Мұнан басқа энергетиканың заманауи дамуы жағдайында, адамзаттың ғарыш пен Жерден пайда болатын энергияны қолдану идеясы, қазба байлықтарының таусылуы мен қоршаған ортаның ластануына әкеліп соқтырған жаҺандық энергетикалық дағдарыстың түйткілдерін ұғыну сынды тақырыптарға бағытталған тақырыптық павильондар, көрменің ашылуы мен жабылуы, форумдар мен мәдени іс-шаралар өтетін конгресс-орталығы, көрменің басты ойын-сауық алаңы болып отырған Амфитеатр, әлемнің АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Франция, Жапония, Корея, Италия, Ресей, Малайзия, Таиланд, Түркия сынды алып мемлекеттерінің экспозициялары орналасқан халықаралық павильон, Болашақ Энергиясы саласының озық технологиялары ұсынылатын ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыптық павильондарының бірі – үздік тәжірибелер аймағы, әлемнің түкпір-түкпіріне үздіксіз ақпарат таратып отыратын медиа-орталық та көрмеге келушілердің көңілін бей-жай қалдырмасы анық. Қалай десек те торқалы тойдың тұсауы кесілгелі тұрған шақта барымызды да, нарымызды да көрсетіп, елдігіміз бен бірлігімізді паш етуіміз керек.
Алыптардың алдын орап, оза шауып, дүниежүзілік көрмені өткізу құрметіне ие болғанымыздың өзі еліміздің әлем елдері алдындағы беделі мен абыройын танытса керек. Тәуелсіздігін алып тоқырамай, әркім көрпені өзіне тартып бытырамай, экономикамыздың еңсесін тіктеп, саясатымызды сарабдал жолмен жүргізіп келе жатқан біздің еліміз 25 жыл ішінде талай тартысты додалар мен саяси мәні зор шараларда оқ бойы озық көрінді. Ұлылар ішінде ұстынды ойларын ортаға салып, қазақ деген қарға тамырлы елдің ҰЛЫ көш бастады. Елбасымыз Н.Назарбаев елінің егемендігін баянды ету мақсатында барша ұлттың ұрпағын бір шаңырақ астына жинады. Бірлік бар жерде ғана береке болатынын ұғындыра білді. Міне, бүгінде әлемнің көшін бастаған 50 елдің арасындамыз. Мұнымен де тұралап қалмай, алғашқы отыздықтың сапынан табылу мақсатын қойдық алдымызға. Ол мақсатқа жету үшін ЭКСПО көрмесінің де тигізер үлесі зор деп есептеймін. Өйткені ЭКСПО елімнің еңсесін еселеп көтермек, абыройын асырмақ, беделін биіктетпек. Ендеше көптен күткен көрмеміз ойдағыдай өтіп, тәуелсіз Қазақстан тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылса екен деген ниет пен тілек бар бізде. Лайым, Тәңірінің тарту еткен тәуелсіздігі басымыздан таймаса екен!!!
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ