БАСПАСӨЗ – 2027

0
35

РУХАНИ ҚҰЛДЫРАУДАН ШЫҒАТЫН ЖОЛ

Дүниеде ең жаман нәрсе адамдардың рухани құлдырауы. Оны әркім әрқалай түсінуі, қабылдауы мүмкін.  Рухани құлдыраған адамның қоғамға ешқандай пайдасы болмасы тағы анық. Қоғамға пайдаң болмаса еліңе, жеріңе қалайша қызмет етпексің. Ал рухани құлдыраудың басы неден деген сұраққа жауап іздеп көрсек. Қазіргі жаһандану дәуірінде  интернетке иірілген жас буын кітап, газет оқуды қойды. Ал, шын түсінген адамға руханияттың қайнар көзі – газетте. Ертеден кешке дейін телефонға тәуелді болған, жалаң кейде жалған ақпаратпен қаруланған әлеуметтік желідегі жаңалықтарды құлақтарына құйып, саналарына сіңіріп алған адамдарда рухани құлдырау болуы ақиқат.

Аға буын өкілдері газет оқып, кітапқұмар болды. Өздігінен десек өтірік айтқан болармыз. Сол дәуірдің идеологиясы – газет пен журналды зиялы қауым да, құрылысшы мен саудагер де, малшы мен диқаншы да оқуы шарт еді. Қай басылымды таңдайсың, қайсы журналға жазыласың деген сұрақ қойылмайтын. Малшылар қауымы, кез келген колхозшы «Социалистік Қазақстан» газетінен бастап, «Жұлдыз», «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Білім және еңбек» журналдарын алатын. Үйге келіп тұрған дүниені үлкендер жағы бір ақтарып тастаған соң кезек балаларға өтетін. Не жайында жазылғанын түсінбесек те хат танымайтын, сауатсыз аталарымызға дауыстап оқып беретінбіз. Мәнерлеп оқығанымыз қант, кәмпиттен сияпат алатынбыз. Аталарымыз тамсанып тыңдап, арасында ойпырымдарын айтып, арқамыздан қағатын. Сол бір кезеңдер қазір елеске айналды. Дей тұрғанмен газет, кітап оқуға, соған құмар етуге септігін тигізді. Балалық шақтан қалыптасқан әдеттен осы күнге дейін арыла алмадық. Газет пен кітап оқуды күнделікті атқарылатын шаруалардың бірі ретінде бойымызға сіңірдік. Бұл өте жақсы әдет деп ойлаймын.

Аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің жасы кіші болса да көтерер жүгі, атқарар міндеті үлкен. Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асырып, еліміздегі жаңалықтар мен жақсылықтарға жаршы болып отырған бірден-бір басылым. Мемлекет басшысының бағдарламалары мен тапсырмаларын аудан жұртшылығына жеткізіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістерден мағлұмат беріп, мәдени және спорт саласындағы жетістіктерден ақпарат таратып отырған газетіміздің келесі жылға жазылуы басталды. Газетке жанашыр, аудан жаңалықтарынан хабардар болғысы келетін кез келген тұрғын жаңа жылдан бастап басылымның тұрақты оқырманы бола алатындығын ескертеміз. Зейнеткерлер мен үлкендер жағы ғана оқитын басылымға айналғанымыз өкінішті. Жастарға газетке түк керегі жоқтай көрінеді. Бірақ ұлт руханиятының қазығы болған газет – өзінше бір тарих емес пе? Кезінде Алаш ардақтылары шығарған «Қазақ» газеті бүтін бір мемлекеттік орган істей алмайтын жұмысты атқарғанын тағы да сол тарихтан білеміз. Оны шығарушылар қазақ қо¬ғамын қандай сапаға көтерді. Газеттің негізін қалап, ыстық-суығын көтерген Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтың өмір жолындағы ең құнарлы да жемісті шағы «Қазақ» газеті шығып тұрған кезеңге тұспа-тұс келді. Олардың шығармашылық өсіп-өркендеу жолы да осы кез болатын. «Қазақ» газеті – қазақтың тұңғыш төл энциклопедиясы. Ұлттық езгіде жатқан қазақтың ұйқысынан оянып, алдыңғы қатарлы елге айналуына, білімді, мәдениетті халықтардың қатарына көтерілуіне, ұлт азаттық қозғалыс идеологиясының қалыптасуына күш салды. 1913-1918 жылдары жарық көрген газеттің түпнұсқасы, төте жазумен басылған даналары біздің кезге дейін жеткендігін де білеміз. Бұл ненің құдіреті? Қағазға қаламмен түскен дүниенің өшпейтіндігінде. Газет – халықтың көзі, құлағы, ћәм тілі дегенді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов жайдан жай айта салмады ғой. Өткен ғасырлардағыдай қолға қару алып, көтеріліс жасаудың қараша халық үшін тек зиян әкелетіні көзі қарақты қазақтың әрбір оқыған азаматы үшін анық еді. Сол кездерде қазақ халқының тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері елдің мүддесін қорғауда білектің күшімен емес, ақыл-ойдың қарымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған Қазақ газетін өмірге әкелді. Қазақ елінің тәуелсіздігінің артында – Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш қайраткерлері тұрды. Олар «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті. Бұдан асқан ұлттық бірлік, ынтымақтың үлгісі жоқ. Яғни газет түгелдей ұлтты ұйыстыратын қару.

Бүгінгі таңда аудан айнасына айналған, жақсылықтың жаршысы бола білген «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің оқырманы көбейсе екен ниетпен жүрген газет қызметкерлері алдағы жылы оқырман ойынан шығатын дүниелерге баса назар аударамыз деп сендіреміз. Әр сала бойынша талапқа сай мақалалар, жаңалықтар жарық көруі үшін бізбен ой бөліссеңіздер. Сіздердің пікірлеріңіз, тілектеріңіз біз үшін аса қымбат. Бір сыдырғы нәрсемен қазір ешкімді қызықтыра алмасымыз тағы рас. Сондықтан қандай тақырып, тарихи даталар, руханият, ұлттық құндылықтарды білгіңіз келсе бізбен байланыста болыңыздар. Біз білгенімізбен  бөліссек, сіздің білгеніңіз біз үшін аса қажет.

Баян МАМЫРБАЕВА

****

Заңды тұлғалар үшін индекс – 16056, жылдық бағасы – 7020 теңге, жарты жылға – 3510 теңге.

Жеке тұлғалар үшін индекс – 66056,  жылдық бағасы – 6300 теңге, жарты жылға – 3150 теңге.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

…