Тәуелсіздік – бабаларымыздың аңсаған асқақ арманы.Бүгінгі ұрпақтың маңдайындағы бағы. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы төккен тері мен сансыз боздақтарымыздың көз жасы. Менің Отаным Қазақстанның еркіндікке қол жеткізгеніне 30 жыл толып отыр. Осы 30 жыл ішінде бағындырған асулар аз емес. Мен тәуелсіз елдің ұланымын. Қазір 9-сыныпта оқимын. Оқу озатымын. Өзімнің туып-өскен кішкене ғана ауылымда да үлкен өзгерістер болып жатыр.
Тәуелсіздік алғаннан бері ауылымызға екі қабатты мектеп салынды, жолдарымыз заманға сай асфальттанды. Бұрын тіпті түсімізге кірмейтін жаңалықтар біздің шағын ғана ауылымызда болғанына қуаныштымын. Ауылдық мәдениет үйіміз бар. Сол мәдениет үйінің қасында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта орнатылған. Бұл – біз үшін тарих. Батырларымызды ұмытпай, олардың есімдерін есте сақтау үшін ашылған тақтаға әркез мақтанышпен қараймыз. Онда аталарымыздың есімдері жазылған. Саябаққа заман талабына сай орындықтар, электр шамдары, әрбір орындықтың жанына қоқыс тастайтын жәшіктері де бар. Жастар жазда демалатын жақсы орынға айналды.
Үлкен мешіт салынды. Оның жан-жағы көздің жауын алатын гүлдермен, қарағай, қайыңдармен көмкерілген. Биылғы жылы ауылымызға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша таза ауыз су кірді. Кішкентай ауыл үшін үлкен жетістік. Қазір әрбір үйде су бар. 2017 жылы «Ипар-А» жекеменшік балабақшасы ашылып, ауылдың бүлдіршіндері қуанышқа бөленді. Осы уақытқа дейін ауылымызда бір ғана азық-түлік дүкеніміз бар еді,қазір оның саны үшке жетті. Бұл – бүгінгі табыстарымыз. Ал келешекте балалар алаңы және спорт алаңы салынады деген жоспарларымыз бар. Мен өз ауылымның осылайша гүлденуіне үлес қосып жатқан ауыл азаматтарына, мемлекетімізге, үкіметімізге шын жүрегіммен рақмет айтамын.
Халқымыздың егемендік жолындағы көрген бейнеті мен тартқан тауқыметі жарқын күндер сыйлады.
Тәңір берген тәуелсіздігіміз мәңгі әрі мәнді болсын.
Анеля КУРДАШЕВА,
Кіші Ақсу ауылы