Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың асыл құндылықтарының бірі. Республикамыз көп ұлтты және көп дінді қоғамнан тұрады. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Қазақстан – бұл ортақ мекен, ортақ ұлт пен діннің тоғысқан жері. Барлық қазақстандықтарды ұлтаралық және дінаралық келісімдерді сақтауға шақырамын. Бұл біздің мәңгі еліміз бен Астанамыздың мақтанышы». Жалпы бейбітшілікке, тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені тарихтан белгілі.
«Бірлік бар жерде – тірлік бар дейді» біздің дана халық. Дана жұрт мұны тегіннен тегін айтпаса керек. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Қазақстанның көп ұлтты халқының татулығы ынтымақтастығы, бейбітшілігі – біздің еліміздің ең басты байлығы. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі – еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып табылады.
Қазақстан халқы ассамблеясы – елде этносаралық қарым-қатынастарды дамыту және конфессияаралық келісімді сақтау мақсатында құрылған бірегей институт. Түбірлері әрқилы, ұлттары бөлек, діні мен дүниетанымы өзгеше халықтарды бір ту астында біріктіре алған елдің негізгі құрылымы.
Әр азаматтық айқын даралығына қарамастан, бізді ортақ ойлар мен мақсаттар біріктіреді. Ең алдымен бұл – Отанға деген махаббат, елде бейбітшілік пен келісімді сақтау.
Сүмбе ауылдық округінде негізінен өзге ұлт өкілдері саусақпен санарлық. Десе де қазаққа келін болып түскен өзге ұлттың қыздары бүгінде ауылымызда абыройға ие. Қазақтың салтын сақтап, ұрпағын өрбітіп отыр. Дәстүрімізді дәріптеп, үлкеннің алдын қия баспауды да бағдар еткен.
Аядай ауылдан осылай басталған бірлік өзгелерге де үлгі болары хақ. Отан отбасынан басталатынын ескерсек, шаңырақтың шайқалмауы мемлекеттің де мерейінің үстем болуына ықпал етеді. Ендеше бірлігіміз бекем, татулығымыз тұрақты болсын!
Мақсат ӨСКЕНБАЕВ,
Сүмбе ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы