Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қырғызсай орта мектебінде «Елім менің» патриоттық әндер байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – жас ұрпақты елжандылыққа, елін, жерін сүюге тәрбиелеп, өнерге баулу.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген. Сол себепті байқауға қатысуға белсенділік танытқан оқушылар қатары көп болды.
Байқау бәсекесінде Отанды сүюге, Қазақстанымызды дәріптеуге, туған жерге деген махаббатқа толы, рухы биік, мағыналы әндер орындалып, көрерменнің көңілін сергітті.
Мектепішілік байқау нәтижесі бойынша бас жүлдені бастауыш сыныбы оқушылары арасынан «Родина моя – Казахстан» әнімен Султанмурат Сайдимов, жоғары сыныптан «Көк тудың желбірегені» әнімен Есім Рамазан иеленді. Қалған жүлделі орындарды бастауыш сынып оқушыларынан Жарқын Нұрайым, Бақытжанқызы Інжу, Анварова Айнура, Мавсумбай Диас, Анварова Азиза және 3 сынып оқушыларының топтық әндері еншіледі. Жоғары сыныптан Әбілмәжінқызы Қарақат, Жалғасбай Әбдібай, Бақытжанқызы Айару, Беренбай Ернар, Жанәбіл Парасат, Юлдашев Исламдар еншіледі.
Алтынкул МУСЛИМОВА,
Қырғызсай орта мектебі музыка пәнінің мұғалімі