Осыдан бір неше күн бұрын, ауданымыздың қайсар қызы әлемдік джиу-джитсудан әлем чемпионы атанған болатын. Украинаның Киев қаласында аталмыш спорт түрінен әлемдік сайыс турнирі өтіп, еліміздің намысын арқалап, көк туымызды желбіретуді мақсат еткен Елназ қызымыз, орташа жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсыластарынан басымдылығын танытты. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушылар қызымыздың өнеріне тәнті болып, сарапшылар алқасы Елназды жеңімпаз деп танып, арнайы сыйлықтары мен алтын медалін табыстады. Бұл әрине, біз үшін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы елімізге тарту еткен елеулі жеңістердің бірі.
Чемпион қызымыз осы жеңісін елмен бөлісуді ниет етіп, арнайы ауданымызға ат басын бұрған болатын. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деген тамаша ізгі дәстүрмен ауылымыздың құрметті әрі лауазымды ел ағалары бірлесе отырып, спортшы қызымызды қарсы алды. Ауданымыздың спортшы бүлдіршіндері ескерткіш алдына сап түзеп, чемпионымызға құрмет көрсетті. Алғашқы болып аудан әкімінің орынбасары Кәдіржан Бағбаев ыстық ықыласы мен, жылы лебізін білдірді. Чемпионымыздың бүгінгі жеңісі ел үшін, туған жер үшін үлкен мәртебелі жетістіктердің елеулісі екендігін, қазақ елінің туын биіктен көрсетіп, абыройын асқақ ету, қашанда құрметке лайық ардың ісі екендігін айтты. Одан әрі қарай сөз кезегі облысымыздың және ауданымыздың құрметті азаматы, ауылымыздың ақсақалы Ызғарбек Бектұрсынұлына ұсынылды. Ақсақалымыз қашан да Жарты бабаның әруағы қолдап, жеңісті күндеріміздің көп болуына тілекші екендігін білдіріп, арнайы сыйлықтарын табыстады. Сондай-ақ келесі болып аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есенбайұлы сөз сөйлеп, спортшыларға табыс тілеп, келешекте ел намысын қорғайтын, әлемдік ареналарда туымызды биіктен көрсететін чемпион атануларына ниет білдірді. Келешегінен үміт күттіретін жастарға қашанда қолдау көрсететіндіктерін айтты. Артынша шағын сценарилік жоспар бойынша чемпионымыздың құрметіне әндер шырқалып, ауыл ақсақалдары ақ батасын берді.
Туған жердің топырағы адам баласы үшін қашанда ыстық болары белгілі. Абыройлы жетістіктеріңді елмен бөлісіп, туған жеріңе ат басын бұрып, сәлем беріп кетуіңнің өзі нағыз қазақтың қызына тән құнды қасиеттердің бірі екендігіне еш күмәніміз жоқ, Елназ. Келешекте әлі талай асуларды бағындырып, көк туымызды көк аспанда шарықтатуыңа зор сенім артамыз.
Айдар ҚЫЙСАБАЕВ