Шекара – ұлы ұғым. Ол – жеріңнің, еліңнің дербестігін білдіретін белгі. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне сеніп тапсырылған мемлекеттік шекарасы туралы қастерлі ұғым санамызда жаңғырған сайын тәуелсіз еліміздің сан ғасырлық жүріп өткен жолы көз алдымызға елес береді. Тарихымызға үңілсек, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызды сыртқы басқыншылардан қорғау жолында қаншама апайтөс батырларымыз шейіт кетті. “Ұрпақтан ұрпаққа аман-сау жеткен қасиетті жерімізге жан баласы көзін аларта сұқтанып, еліміздің тұтастығы бұзылмаса екен” деген кіршіксіз армандарын жүзеге асыру үшін қажет кезінде қолына қару алып, ғұмырларын осы жолда сарп еткен барша қаһарман аталарымыздың бізге қалдырған қасиетті жерін күзету – үлкен абырой, үлкен жауапкершілік.
Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Одан киелі ештеңе жоқ. 1992 жылдың 18 тамызында республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі құрылды. Осы уақыт ішінде шекара қызметінде жүрген әскери мамандар талай сындарлы сағаттарды бастарынан өткерді. “Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы қазіргі шекарасында тұтас, оған қол сұғылмайды және бөлінбейді” деп басталатын Ата Заңның аясында ҰҚК Шекара қызметі өздерінің міндеттері мен құқықтарын жүзеге асырып келеді. Ең бастысы мемлекеттік шекараның қастерлі ұғым екендігін, аумақтық тұтастыққа қол сұғылуға болмайтындығының халықаралық қағидатын ел тұрғындары толығымен мойындады.
2021 жылғы 17 тамыздағы Шекарашылар күні Алматы облысындағы «Баянқол» шекара бөлімшесіне Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасының «Баянқол» шекара бөлімшесінің атауы «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы» шекара бөлімшесі деп ауыстырылсын», – делінген құжатқа Премьер Министр қол қойды. Осы орайда шекара бөлімшесіне ҰҚК төрағасы ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты Кәрім Мәсімов арнайы іссапармен келді. Шекара қызметіндегі әскерилерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, Отанның қасиетті шептерін күзету жөніндегі жауапты қызметтеріне табыс тіледі. Жаңа атауларына құтты болсын айтты.1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның шекара қызметін құру туралы Жарлыққа қол қою қарсаңында Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Баянқол» заставасында болған еді. Енді міне араға 29 жыл салып Елбасының есімі шекара бөлімшесіне берілді. Ел іргесін қорғаудағы шекарашылардың жанкешті жұмысының жандана түсетіндігіне сенім мол.
Н.НҰРМАНОВ,
Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасы бөлім орынбасары