Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесінің өзегі, қоғамдық қатынастарды реттейтін және ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын басты құжат. Онда мемлекеттің құрылымы ғана емес, қоғамның құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, билік пен халық арасындағы өзара жауапкершіліктің негізгі қағидаттары көрініс табады. Сондықтан Конституцияның жаңаруы – құқықтық кеңістікті жетілдірумен қатар, мемлекеттің болашақ даму бағдарларын айқындайтын маңызды үдеріс. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің саяси-құқықтық дамуындағы жаңа кезеңді белгілеп, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаттарын жаңаша сипатта айқындайды. Жаңа Ата Заңның мазмұнында адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту, әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және елдің зияткерлік әлеуетін дамыту мәселелеріне ерекше мән берілген. Жаңа Конституцияның басты басымдықтарының бірі – адам және оның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану. Бұл қағидат 1-бапта нақты көрініс тапқан. Оның мәні – мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарында адамның өмірі, қадір-қасиеті, құқықтары мен заңды мүдделері тұруы тиіс дегенді білдіреді. Азаматтардың құқықтарын қорғау, олардың қоғам өміріне еркін араласуына мүмкіндік жасау және әрбір адамның әлеуетін жүзеге асыруына жағдай қалыптастыру құқықтық мемлекеттің маңызды міндеттері болып саналады. Адам құқықтарын құрметтеу тек заңнамалық нормалармен шектелмейді. Ол күнделікті қоғамдық қарым-қатынаста, мемлекеттік қызмет көрсету сапасында, әлеуметтік қолдау жүйесінде және әр азаматтың өз міндетіне жауапкершілікпен қарауынан көрініс табуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда бекітілген адамға бағдарланған қағидат қоғамның барлық саласында әділдік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға негіз болады. Ата Заңда заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті нығайту және жауапты отаншылдықты дамыту мемлекеттің негізгі қағидаттары ретінде белгіленген. Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Себебі қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздік заң талаптарының орындалуына, азаматтардың құқықтық сауаттылығына және ортақ жауапкершілікті сезінуіне тікелей байланысты. Заң мен тәртіп қағидаты әрбір азаматтың құқықтары мен міндеттерін білуінен, қоғамдық ортада белгіленген талаптарды сақтауынан және өзгенің заңды мүддесіне құрметпен қарауынан басталады. Әсіресе жас ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу, заңға бағыну дағдыларын дамыту – қоғамның болашағы үшін маңызды міндет. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда азаматтар өз құқықтарын ғана емес, өзгелер алдындағы жауапкершілігін де терең түсінеді. Жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновацияны дамытуға ерекше назар аударылған. Адам капиталын, білім мен ғылымды мемлекеттің стратегиялық даму бағыты ретінде айқындау – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды ұстаным. Қазіргі кезеңде мемлекеттердің даму деңгейі табиғи ресурстарымен ғана емес, адами әлеуетімен, ғылыми жетістіктерімен, технологиялық мүмкіндіктерімен және білім сапасымен де өлшенеді. Осы ретте білім беру жүйесін жетілдіру, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау, ғылыми ізденістерді қолдау және инновациялық бастамаларды дамыту ерекше маңызға ие. Білімді, кәсіби білікті, жаңашыл ойлайтын ұрпақ қалыптастыру – ұзақ мерзімді дамудың негізгі алғышарты. Сондықтан білім мен ғылымды дамытуға қатысты конституциялық қағидаттар жас ұрпақтың болашағына және елдің интеллектуалдық әлеуетіне бағытталған. Сонымен қатар, жаңа Конституцияда денсаулық сақтау мәселесі де азаматтардың негізгі құқықтарының бірі ретінде қарастырылған. 32-бапта әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға құқығы бекітілген. Бұл – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың құқықтық негізін айқындайтын маңызды норма. Медициналық көмектің заңда белгіленген тәртіппен көрсетілуі, азаматтардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтарын жүзеге асыруы әлеуметтік мемлекеттің маңызды міндеттерінің қатарына жатады. Денсаулық сақтау саласының дамуы тек медициналық мекемелердің қызметіне ғана емес, қоғамның медициналық сауаттылығына, аурулардың алдын алуға және әр адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына да байланысты. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі халықтың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді. Отбасы институтын нығайту, ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды сақтау да қоғам дамуының ажырамас бөлігі. Отбасы – адамгершілік қасиеттер мен азаматтық ұстаным қалыптасатын алғашқы орта. Сондықтан отбасының қоғамдағы орнын нығайту, балалардың құқықтарын қорғау, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және ұрпақтар сабақтастығын сақтау мәселелері мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала береді. Бұған қоса, Конституцияда ұлттық мәдениетті, тарихи-мәдени мұраны сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне де мән берілген. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тіл мен мәдениетті дамыту, тарихи мұраға құрметпен қарау қоғамның рухани тұтастығын нығайтады. Ал қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау – келешек ұрпақ алдындағы ортақ міндет. Қазіргі уақытта экологиялық мәселелердің өзектілігі артып отырғаны белгілі. Сондықтан табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау, экологиялық сауаттылықты арттыру және табиғи байлықтарды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Бұл ретте әр азаматтың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі жалпыұлттық мәдениеттің бір бөлігіне айналуы тиіс. Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды қыры – оның жоғары заңдық күші мен тікелей қолданылуында. Ата Заңның 5-бабында Конституцияның жоғары заңдық күші бар екені және еліміздің бүкіл аумағында тікелей қолданылатыны белгіленген. Бұл норма мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың қызметінде конституциялық талаптардың басшылыққа алынуын қамтамасыз ететін негізгі құқықтық тетік болып табылады. Қабылданатын заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституцияға қайшы келмеуі тиіс. Конституцияның маңызын арттыратын басты фактор – оның қағидаттарының қоғам өмірінде нақты жүзеге асуы. Ол үшін мемлекеттік органдардың тиімді жұмысы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы, қоғамдық бақылау және халықтың белсенді азаматтық ұстанымы өзара сабақтас болуы қажет. Әрбір азамат Ата Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін білу арқылы елдің қоғамдық-саяси өміріне саналы түрде қатыса алады. Жаңа Конституцияның мазмұнына зер салсақ, оның негізгі бағыттары мемлекет пен қоғамның ұзақ мерзімді дамуына, азаматтардың құқықтарын қорғауға, әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға және ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуға негізделгенін көреміз. Бұл қағидаттардың жүзеге асуы әрбір саланың жүйелі жұмысына және қоғам мүшелерінің ортақ жауапкершілігіне байланысты. Қорыта айтқанда, Конституция – мемлекеттің құқықтық негізі ғана емес, қоғамның болашаққа деген ортақ бағдарын айқындайтын маңызды құжат. Онда бекітілген адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемдігін сақтау, білім мен ғылымды дамыту, ұлттық бірлікті нығайту және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттары ел дамуының маңызды бағыттарын құрайды.
Ата Заңды құрметтеу – оның нормаларын білу мен талаптарын орындаудан басталады. Ал Конституцияда белгіленген құндылықтарды күнделікті өмірде басшылыққа алу, қоғам игілігіне үлес қосу және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіну – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Өйткені елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағы заңға құрметпен қарайтын, бірлігі бекем, жауапкершілігі жоғары қоғам қалыптастырумен тығыз байланысты.
Ұйғыр аудандық Журналистер клубының мүшесі Сембекқызы Перизат

