Шонжы ауылындағы «Nur Otan» партиясының сайлауалды штабында штаб төрағасы Мәулен Нұровтың төрағалық етуімен депутаттыққа кандидат жастар бас қосты. Партиялық тізіммен праймеризге қатысып партияластарының қолдауына ие болған біраз жас «Nur Otan» партиясына деген өздерінің көзқарастарын білдірді.
Облыстық мәслихаттың депутаттығына кандидат Әлия Ақжолтаева партияға мүше болған күннен бастап өзінің жұмыстарының тек «Nur Otan» партиясымен байланыста болғандығын аса зор мақтанышпен айтты. Еліміздің саяси өмірінің қызықты әрі аса жауапкершілікті екендігін де мойындады. Дей тұрғанмен өзінің қоғамдық жұмыстардан сырт қала алмайтындығын, сондықтан да сайлауға түсіп, бағын сынамақшы болғандығын жасырмады. Биылғы пандемия кезінде тұрғындардың денсаулығына қауіп төнгендігін, одан сақтануда ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегі туралы да баяндады. Адам саулығы тайталасқа түскен сәтте дәрігерлер жайлы алыпқашқа сөздердің қаулағандығы, оның көбі шындыққа жанаспайтындығын, денсаулық сақшыларының өздері де тәуекелге бас тіккендерін жүрегі ауыра отырып айтып шықты. Егер халық қалаулысы атана қалған жағдайда ең алдымен денсаулық саласындағы жетіспей жатқан материалдық құрал-жабдықтарды алуға мұрындық болатындығын айтты.
Депутаттыққа үміткер партия белсендісі Анар Дүйсенбайқызы аудандағы кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, қолынан іс келетін жастарға үкімет тарапынан, аудан басшылары тарапынан үлкен қолдау керектігін жеткізді. Өзін-өзі қамтуға мүм-кіндігі же-тетін жігерлі жастардың көптігін, шебер қолды, ісмер қыз-жігіттердің жаңашыл бастамаларына халық қалаулылары да жағдай жасаса деген ойын жеткізді.Тұңғыш Президент алдағы сайлаулардың алдында партияның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, оны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп атағандығын жиналғандардың есіне салды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен партияның белсенді мүшелерін топтастыруға мән берді. Яғни, қоғамдық мәселелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешудің жолдарын ұсына білетін, өз сөзін дәлелдей алатын азаматтарды партияға тартудың жайын қозғағандығын және солардың қатарында өзінің жүргендігін де таптап түсіндірді. Партия мүшелерінің қоғамда болып жатқан жағдайларға немқұрайды қарамай, дер кезінде үн қатуы, нақты іс-шаралар қолдануы назарға алынса, халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде белсенділік танытпағандар партия атына кір келтірмесе деген пікірін де ортаға тастады.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсұлтан Болатұлы аудан жастарының бүгінде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, олардың алдағы мақсаттарын тізбеледі. Бойларында жігерлері тасыған, ойларында тың бастамалары жинақталған жастарға өздері тарапынан көптеген мүмкіндіктердің жасалып жатқандығын жіпке тізіп шықты. Сонан соң сөз алған Бибігүл Абдилова білім саласына қатысты, оқу бітіріп келген жас мамандарға қатысты өз ойын ортаға салды. Өзі партия мүшелерінің ішіндегі өтілі көптігін мақтанышпен айтып, партияның егемендік алған алғашқы жылдардағы көзсіз ерлікпен пара-пар еңбектері мен сол кездегі Елбасының көрегендігін қысқаша көз алдымызға келтіріп берді.
Жас болса да үлкен бір мекеменің тұтқасын ұстап отырған аудандық су құбыры мекемесінің басшысы Абдуманап Илахунов та депутаттық мандатқа ие бола қалған жағдайда ауданның әлеуметтік жағынан дамуына өз үлесін қосуға шамасы жететіндігін және оны «Nur Otan» партиясының алға қойған жоспарлары аясында жүзеге асыратындығын айтты. Ал сөзден гөрі іске шебер кәсіпкер, меценат жігіт Алимжан Ашимов өзінің жеке кәсібі жайында баяндап, алда-жалда депутат бола қалса ең алдымен «Nur Otan» партиясының барлық бастамаларын алға тартып, өзінің кәсібін әрі қарай дамытудағы жоспарымен бөлісті. Аудандағы орталық мешіт жанынан өз қаржысына салған мешіттегі медресеге жас буынды көптеп тартып, оларды имандылыққа тәрбиелеуге, олардың бойларына жақсылық нұрын себуге титтей болса да үлесін қосуды мақсат ететіндігін айтты. Өз кәсібі темірден түйін түю болса да алдағы уақытта кәсібіне қосымша абрикос бағының алқабын көбейтіп, ауданды бау-бақшалы аймаққа айналдыру жолында тер төгетіндігіне сендірді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ