29 жыл бұрын еліміз тәуелсіздігін жариялады. Егемендігін еншіледі. Орта Азия елінде ұлан-ғайыр даласы бара қазақ елі өзінің азаттығын әлемге паш етті. Осыдан соң жас мемлекеттің әр қадамына төрткүл дүние көз тікті. Сынға да ілікті, мадақтан да кем болмады. Әрине, алып империядан өз алдына тәуелсіз ел атанған Қазақстанның алғашқы кездегі экономикалық жағдайы мәз емес еді. Бірақ білікті басшы бар жерде, береке-бірлігі орнаған елде қай қиындық болса да жеңіспен аяқталары анық. Егемендігіміздің алғашқы күнінен бастап мемлекет тізгінін қолына алған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел көшін игілікті жолдан тайдырмады.
Сарабдал саясатшы Елбасының арқасында бүгінгі таңда Қазақстанның әлемдегі алпауыт елдермен терезесі тең. Саяси аренада өз орнын тапқан. Бұл жолда жетекші партия «Нұр Отанның» қосқан үлесі де ауқымды.
Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1999 жылы құрылған «Отан» партиясы бүгінде Nur Otan аталып, Қазақстанның президенттік ірі саяси партиясына айналды. 1999 жылдан бергі уақытта атауы өзгергенімен бұл саяси ұйым халықтан іргесін алшақтат-қан емес. Партия тарихына көз жүгіртсек, 1998 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасында «Президентке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаудың қоғамдық штабы» қоғамдық қозғалысы болып тіркеліп, кейін «Қоғамдық штабты республикалық «Отан» саяси партиясы» ретінде қайта құрылған екен. 1999 жылғы 12 ақпанда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеуден өтіп, өз жұмысын бастаған ұйымның 1999 жылғы 1 наурызда І құрылтай съезі өткен еді. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан партия Төрағасы болып сайланды. Осы жиында жаңа ұйымның Қазақстан халықтар бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы, «Қазақстан – 2030» қозғалысымен бірігуі туралы қарар қабылданды. 2002 жылғы 9 қарашада Алматы қаласында «Отан» республикалық саяси партиясының кезектен тыс IV съезінде «Отанға» Қазақстанның халықтық-кооперативтік партиясы мен республикалық еңбек саяси партиясы қосылды. 2006 жылы «Асар», Азаматтық және Аграрлық партиялардың «Отанға» қосылуы туралы шешім қабылданды. Осы жылы Қазақстанның жетекші саяси құрылымының атауы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып өзгерді. 2013 жылғы 18 қазаннан бері «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы «Нұр Отан» партиясы болып аталып келеді. Партия өзі құрылған 1999 жылдан бастап өзінің белсенді жұмысына кірісті. Мемлекеттің қай саласында болса да бел сыбана атсалысты. Халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы, экономикалық өсім, тұрмыстың түзелуі, салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрпымыздың дамуы, тарихымыздың жаңғыруы жолында да Nur Otan партиясы көш бастады. Елбасы Н.Назарбаев жетекшілік ететін Nur Otan партиясы қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отыр. Сондықтан да Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев осы уақытқа дейінгі Жолдауларында бас партияға басымдық беріп, қоғамдағы өзекті мәселелерге араласуына жол ашып, іргелі істердің ұйытқысы болуға үндеді. Бағдары айқын, болашағы жарқын, істері ілгері басқан партияның біздің өңірдегі қадамы да нық. Алматы облысын былай қойғанда ауданымызда да қыруар істердің басы-қасында дәл осы бас партия тұрады. Тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында жасалған әр жұмыстың тиянақты, тындырымды бітуіне де осы партия бақылау жасауда. Мемлекет бөлген әр тиынның артында халықтың қазынасы жатқандығын жете түсінген партия қаражаттың өз орнымен жұмсалуына да үлес қосуда. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі тиіс қаржыны бақылап отырған осы партия. Ауылдық жерлердегі тұрғындардың жанайқайы мен назын да тыңдайтын құлақ дәл осы партиядан табылуда.
Бүгінде ауданымызда мектепке дейінгі білім, яғни балабақшамен қамтылу өте жоғары көрсеткішке жеткен. Нақтырақ айтсақ, 99,5 пайыз. Ал аудандағы 25 елді мекеннің 15-не таза ауыз су тартылған. Бес ауылдың, атап айтсақ, Шарын, Үлкен Дихан, Қырғызсай, Үлкен Ақсу, Кіші Ақсу ауылдарының ауыз су жүйесі жасалып, аяқталу үстінде. Тек бес ауыл ғана бүгінгі күнге таза суға жете алмай отыр. Әрбір ауылдық округтерде ауылдық әкімдіктерге, пошталарға жаңа ғимараттар салынуда. Білім ошақтары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде жаңаруда. Ауыл шаруашылығының саласы да ауданымызда кең етек жайып отыр. Мал саны өсіп, ауданда бау-бақша өсіру де кеңінен дамыған. Мемлекеттік қолдаулар арқасында бұрын шатқаяқтап қалған шаруашылықтар дамудың арнасына түсті. Күшке салып жасалатын жұмыстарға технологиялар тартылып жұмыс күші біршама жеңілдетілді. Еңбектің наны әркез тәтті болары сөзсіз. Бүгінгі еліміздің дамуына қарап отырсақ, жаңашылдық пен қарқынды қозғалыстың лебі еседі. Ауыл шаруашылығының дамуы шағын және орта кәсіпкерліктің шабыттануына ықпал етуде. Міне, осындай күрделі де маңызды жұмыстардың басы-қасында да Nur Otan партиясы жүр. Елбасының стратегиялық жоспарын іске асыруда оның сенімді тірегі болып отырған партия әрдайым билік пен халықтың арасындағы даңғыл жол екендігін дәлелдеп келеді.
Биыл еліміз үшін ғана емес, дүниежүзі үшін қауіп пен қатерге толы қиындығы мол жыл болды. Әлемді жаулаған коронавирус талай тағдырдың талқанын тауысты. Біздің мемлекетіміз де ақылман азаматынан, талантты ұл-қыздарынан айырылды. COVID-19 дерті мемлекетіміздің экономикалық тұрғыдан сәл де болса әлсіз тартуына ықпал етті. Қаншама жұмыс орындары тұралап, кәсіпкерлік саласына салқыны тиді аурудың. Осы сәтте де Nur Otan партиясы халықтың жанынан табылды. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» акциясы аясында елді мекендердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік таратылып, қаржылай көмек те көрсетілді. Теңізге тамған тамшыдай болса да берілген көмек пен игі іс халықтың ықыласын алды. Пандемияның қауіптілігіне қарамаған жастар да партия бастамасымен халықтың қажеттілігін өтеп, еріктілер елге қызмет етті. Жасотандықтардың жалынды істері жасыған жігерлерді жаныды. Ауданымыздағы ауруханада сырқаттанушылр саны артып, тыныс алу аппараттары жеткіліксіз болып, арнайы құрылғыларды, баллондарды жеткізу, тасымалдауда да жастар бір қолдың саласын-дай, бір атаның баласын-дай қыз-мет етті. Бірлік пен ауызбіршіліктің арқа-сында алын-байтын қамалдың жоқ-тығы осы сын сағаттарында тағы бір мәрте дәлелденді. Аудан көлемінде алқымға алған ауруды осындай жастарымыздың жігерінің, аға буынның қамқорлығының арқасында жеңе білдік.
Осылайша биліктің тізгінін өз қолына алған Nur Otan партиясы елімізде ұлттың болашағы үшін тынбай жұмыс жасап жатқан бірден-бір партия екенін баршаға мәлімдей алды. Партияға жетекшілік етіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі мен сарабдал саясатының арқасында еліміздің қуаты артып, әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Қазірдің өзінде өзіндік тарихын қалыптастырып үлгерген көшбасшы партияның алар асулары ауқымды, бағындырар белестері биік. Жыл сайын қатары толыға түскен қоғамдық ұйымның іс-әрекеті әлеуметке жақын және түйінді мәселелердің шешілуіне ұйытқы болуда. Қаншалықты жоспар, тиімді бағдарламалар болғанымен, оны сапалы іске асыру әрбір партия мүшесінің жауапкершілігінде. Қоғамның тұтастануына бағытталған бастамалары, ұзақ мерзімді акциялары, қайырымдылық шаралары әлеуметтің еңсесін көтеруде. Партия мүшесі ретінде өзімнің ел алдындағы адалдық, бірлік, ізгілік сынды азаматтық позициямды ұстана отырып, партия жұмысына атсалысып, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек етемін деген ниеттемін. Себебі партия мүшесіне қандай талап қойылсын, оның адами руханияты асқақ болғаны керек. Сонда ғана партия имиджі өсіп, қызметі өркен жаяды. Біз Елбасы алға қойған мақсаттарды орындау үшін ортақ іс-қимыл жасауға міндеттіміз. Осы жауапкершілікті әрбір партия мүшесі сезінуі керек. Сіз де осы жауапкершілікті сезініп, бас партиямызға қолдау білдіріңіз!
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
аудандық мәслихат депутаттығына үміткер