Ауылдық округ әкімдерін сайлау қарсаңында ел ішінде сайлауалды науқан басталды. Ауданымызда_өкілеттіктері аяқталған 6 округтің әкімін халық сайлайды. Бәсекеге түскен кандидаттар туралы газеттің өткен санынан таныс болдық. Әрине мемлекеттік қызметтің ыстық-суығын көрген, тәжірибе жинаған, ауылдастарының алдында абыройы бар азаматтардың өткені құба-құп. Он сегіз адам тілек білдіріпті. Бұл жақсы үрдіс. Болмасаң да ұқсап бақ деп Абай атам айтпақшы, қолымнан келмейді дегенше бақ сынап көргендері жақсы пиғылдан болар деп сенемін. Өздерін өздері ұсынғандардың да қатары көбейіпті. Ауылының ажарын ашып, тұрмыс деңгейін көтерем деген ниеттері болса бәрін де қолдаймыз. Қалған әкімдерді өкілеттік мерзімдері аяқталғаннан кейін сайлайды. Бұл науқанның жөні бөлек, жосығы ерек болғалы тұр. Бұрын-соңды мұндайды өткізіп көрмегендіктен күдік пен күмән де жоқ емес. Ауыл әкімдерін халық сайлайды енді. Осы жаздың маңызды саяси оқиғасы шілденің 25-іне белгіленді. Бұл күні бұқара 6 ауыл әкіміне дауыс береді. Халық сайлаған соң оған сенім де ерекше болуы тиіс.Сайлауға түсетін кандидат 25 жастан асқан, бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Әрине ауылдың жағдайын жақсы білетін, адамдарының тағдырымен етене таныс болғандары өте тиімді болар еді. Бап шаба ма, бақ шаба ма дегендей жанашыр азаматтардың ауыл тізгінін ұстағандары жөн болар. Өз басым жастарға сенемін. Орынтаққа жайлы жайғасып отырып алмай, ауылдың кем-кетігін түгендесе болғаны.
Болат АХМЕТОВ,
ауданның құрметті азаматы, зейнеткер-ұстаз