Дархан даланың

0
2,727

Қойнауы табиғатқа, қазба байлыққа, мәдениетке толы қазақ даласының қасиетін мойындамаған ел жоқ шығар. Сондай сан ғасырлық тарихты санасына сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген бабаларымыздың жалғасы болған бүгінгі ұрпақтар өткенімізді жаңғыртуда. Яғни өткен тарихымыз арқылы санамызды сан түрлі ойдан аластап, болашағымызға дара жол салып келеміз. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жеті түрлі мәдениетімізді жік-жігімен ажыратып, нақты дәйектермен дәлелдеген болатын.

Шарын орта мектебінің ұжымы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұла даланың жеті қыры» атты мақалалардың негізінде аудандағы барлық мектеп мұғалімдерінің басын қосып «Ұлы дала елінің – ұланымыз» деген атпен семинар өткізді. Семинардың мақсаты – аталмыш мақаланы оқушыларға насихаттай отырып, ел тарихын таныту, өткенді жаңғыртып, болашаққа із салу болды. Мақсаттарын айқындаған мектеп ұжымы ең алдымен мақаланың жеті қырына тоқталып, анықтама беріп өтті. Өткен тарихымызды баяндайтын, ұлттық құндылығымызды үндейтін, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптейтін көріністерін көрермендердің назарына ұсынды. Оқушылар мен мектеп мұғалімдері дайындаған әр көрініс көпшіліктің көңілінен шығып, зор қошеметке бөленді. Көріністер арқылы бабаларымыздың заманына бір сәтке сүңгіп, байырғы қызық даласының сары самалын, көшпенді жұртымыздың мәдениетін, кең өлкеміздің өркениетін сезінгендей әсер алдық. Мұнда орындалған әсем ән мен тәтті күй, мың бұрала билеген би де бір-бірімен байланыс тапқан. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының өнеріне ерекше ықыласын білдірген аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Кәрібай Қожағұл өскелең ұрпақтың өткеннен сабақ алмай, болашаққа құлаш сермей алмайтындығын айтып, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының маңыздылығынан хабар беріп, ұлттық құндылығымызды ұлықтайтын ұлдарымыз ұранды, қыздарымыз қылықты болсын деген тілегін жеткізді. Дәл сондай жүрекжарды тілектерімен бөлісіп, ыстық ықыластарын жаудырған Шарын ауылының әкімі Болат Алғазиев, аудандық мәслихаттың депутаты Жамал Оқаева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Эльмира Рысмендиевалар біздің даламыз мақалада айтылғандай материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны екендігін ескертіп, соларды көрініспен ұштастырған оқушыларға алғыстарын айтты. Шарын қазақ орта мектебінің директоры Нұржамал Сүйірбаева келген қонақтарға рақметін айтып, семинардың одан әрі әр пән бойынша методикалық сабақтармен жалғасын табатындығын хабарлады. Сонан соң семинарға келушілер мақаланың негізінде дайындалған көрмемен танысып, сыныптарға бөлініп, арнайы ашық сабақтарға қатысты. Мұнда жаңартылған білім беру жүйесі бойынша білімдерін жетілдірген мұғалімдер тәжірибелерін көрсетіп, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақ өтті.

Кез келген халық пен ұлттың өзіндік шыққан тегіне зер салып, өткеніне үңілуі заңды құбылыс. Сол арқылы болашаққа бағыт жасап, даму жоспарын айқындайды. Біз қазақ халқы да «Ұлы даланың жеті қыры» арқылы өткен тарихымызды, шыққан тегіміз бен мәдениетімізді қайта жаңғыртып, келешегімізді кемелдендіріп келеміз.

Думан САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…