Шарын орта мектебі 2016-2017 оқу жылының желтоқсан айынан бастап «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ғылыми кеңесінің шешімімен «Мәңгілік Ел құндылықтары – мектеп оқушыларының құзыреттілігін дамыту шарты» тақырыбында эксперимент алаңына кірген. Бұл экспериментке облыстың 7 ауданы мен 1 қаласынан жалпы 12 мектеп қамтылған. Эксперименттің зерттеу базасы ретінде белгіленген базалық мектептердің үйлестірушісі «Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты М.Валиеваның басшылығымен жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Жоспарға сәйкес серіктес мектептердің биылғы оқу жылының қорытынды бас қосуы 30 маусымда мектебіміздің базасында М.Валиеваның ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру аясында мектеп оқушыларының қызметін ұйымдастыру» атты облыстық семинар-практикум түрінде өткізілді. Семинардың мақсаты – Рухани жаңғыру аясында мектеп оқушыларының қызметін ұйымдастырудағы педагогикалық шығармашылық іс-әрекеттің бағыттары мен іске асыру жолдары жайлы ой бөлісу, пікір алмасу. Семинарға облыстағы эксперимент алаңы ретінде «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ғылыми кеңесінің шешімімен бекітілген мектеп басшылары мен ұстаздар қатысты. Аталған тақырып аясында семинарға қатынасушылармен ықшам сабақтар, «Рухани жаңғыру – туған жер тұтастығы мен ел болашағы», «Туған жердің тасы да ыстық, суы да ыстық» атты коучингтер, «Сексеуіл», «Тұздар» атты зерттеу жұмысының жобалары, «Астана – келісім мен бейбітшілік қаласы», «Елі үшін еңбек еткен – ер ана!» тақырыптарында тәрбие сағаттарының үлгілері көрсетіліп, «Рухани жаңғыру аясында мектеп оқушыларының қызметін ұйымдастырудағы педагог шығармашылығының рөлі» тақырыбында іскерлік-шығармашылық қызмет ұйымдастырылды. «Кәсіби сұхбат» айдарымен әріптестер өзара пікір алмасты. Шарын орта мектебі ұжымының Рухани жаңғыру аясында мектеп оқушыларының қызметін ұйымдастырудағы іс-тәжірибесімен мектеп директоры Н.Сүйірбаева таныстырды. Шара алда атқарылатын жұмыстарға бағыт-бағдар, тиісті нұсқаулар ұсынылуымен аяқталды.
Осындай басқосулардың мектеп оқушыларының «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде құзыреттілігін дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында мектептердің шығармашылық-серіктестік, ынтымақтастық, үндестік іс-әрекетінің жүзеге асырылуына, білім беру ұйымдарында шығармашылық педагогикалық-психологиялық кеңістіктің қалыптасуына әсері мол екені даусыз.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ