Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара ашылғаннан бастап қандастарымыз бірінен соң бірі тарихи отанына ағылып көшіп келіп жатты. Жай келген жоқ ұмыт болған ұлттық құндылықтарымызды жаңғырта келді. Солардың бірі – Зорагүл Орынбасарқызы. Он үш жыл бұрын ауданымыздың Қырғызсай ауылына қоныс тіккен екен. Қытайдағы кәсіптік мектебінде тігінші мамандығында білім алып, іс тігуді отбасының табыс көзіне айналдырған. Он екі жылдан бері ауыл тұрғындарының тапсырысы бойынша түрлі киім-кешектерді, балабақшадағы балалардан бастап, әжелердің ұлттық киіміне дейін ұқыптылықпен дайындайды. Әр бұйымынан ұлттың нақышы төгіліп тұратын ісмер жанмен әңгімелесіп қайтқан болатынбыз.
Қарқынды дамып жатқан нарық заманында қай киім арзан болса, соған қарай қол созатынымыз рас. Дайын дүние Қытайдан, Қырғыздан, одан қалды Түркиядан ағылып келіп жатты. Бағасы төменіне жүгірістік. Содан есімізді жиып, жан-жағымызға қарай бастадық. Қолынан іс келетін, тігінші, ісмер жандарға тапсырыспен ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын бұйымдарды тіккізетін болдық. Дайын дүниенің бір-бірін қайталап, ұқсатып тігілетіні шыны керек талғамды да бірегейлендіріп тастағандай көрінді. Ұлттық болмысымызды айқындап, әр өрнегінде үлкен астары бар, белгілі бір ұғым жасырынып жататын, көркі көз тартып, көрген адам қызықпай тұрмайтын, ата-бабамыздан қалған қазақы оюға бай ұлттық киімдеріміз халқымыздың мол мұрасын, тарихын, салт-дәстүрін ерекшелеп, артықшылықтарын айшықтап тұратыны белгілі. Сол үшін де соңғы кезде көптің көзі түсіп, ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылар көбейді. Дегенмен аса көп төзімділік пен тиянақтылықты талап ететінін, мата бетіне түсірілген кестенің қолды ұстарлық жұмыс екенін ескерсек, қазақтың қос етек көйлегі мен тарихы ХІХ ғасырдан келе жатқан зерлі камзолын екінің бірі тіге алмасы анық. Сондай-ақ ұлтымызға тән киімдерді тек өзіміздің ұлттың адамдары ғана жетер жеріне жеткізіп тіге алатыны тағы шындық. Оған ерекше ықылас пен жауапкершілік керек. «Қиындығы көп болса да ұлттық киімдерді тіккенді жаным сүйеді, әсіресе кішкентай балапандарға, себебі олар ұлттық ою-өрнектерге басқаша қарайды», – деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз көп сөзді болмай шықты. Сонда да өз ісіне қатысты мәліметтерді суыртпақтап шығаруға тырыстық. Ұлттық нақыштағы киім тігуді баға жетпес мұра ретінде аналарымыз аманаттады, оның біз жалғастыруымыз керек және жастарға үйрету парыз деген ойын жеткізе отырып, әрбір тапсырыс берушіге өзінің біраз өсиетін де айтты. « Етекке ештеме қоспай тігілетін тік етек көйлекті қарт әжелер, бүрмелі көйлекті көбіне орта жастағы әйелдер, таспа жүгірткен бүрмелі, қос етек көйлекті жас келіншектер мен қыз балалар, үш қатпардан көп қатпарлы көйлекті жаңа түскен келіншектер мен бойжеткен қыздар киетінін көйлекке тапсырыс берерде мән берсе деген ойын айтты. Тіктіріп киетіндердің қатары күн сайын өсіп, әсіресе той-томалаққа жиналған қыз-келіншектер ою өрнекпен сәнделген кешкі көйлектерге тапсырысты көбірек жасайды» , – дейді тігінші.
Бүгінгі таңда қыздардың жасауына сән қосатын құрақ көрпелер өзіне лайықты өрнектермен сәндегенді жаны сүйетіндігін емеурінмен танытты. Қыздың артынан апаратын жасауын да ұлттық нақышта жасалғанына қатты мән беретіндігін, ал бір көрпені тігу алдын ала дайындықты, бар махаббатыңды, шеберлігіңді салуды талап ететін іс екендігін түсіндірді. Жұмыстарының бағасы матасына, қанша уақытты талап ететіндігіне, көлеміне байланысты қойылатындығын, сосын тұрмыс жағдайларына, қалтасына сай келетін бағадан аса алмайтындығын, ең бастысы тапсырыс берушінің көңілінен шығып игілігіне қолданса, қолынан шыққан әр бұйымы әр үйдің төрінде тұрса марқайып қалатындығын жеткізді.
Зорагүл Орынбасарқызының мамандығына деген махаббатымен қатар аса жауапкершілікті адам екендігін байқадық. Өйткені көптің бәрі айналыса бермейтін, шеберлікті талап ететін мамандықты игергендігіне өзі риза. Кейіпкеріміз ұмыт бола бастаған ою-өрнектерімізді, ұлттық нақыштағы тек бізге ғана тән нәрсені дәріптеп жүргені де мақтанарлық.
Әңгіме барысында ұққаным ұлттық нақыштағы киім тігу тек тігіншіліктен бөлек қиялды, қолөнерге бейімділікті, тарихи сауаттылықты талап ететін көрінеді. Әр бұйым – өнер туындысы. Оның әр қырына, жібіне, түсіне мән берілмесе, жақсы дүние шықпайды. Шын мәнінде өнер туындысы ішіңнен шыққан балаң сияқты аса ұқыптылықты, зор махаббатты, биік талғампаздықты талап ететіндігін Зорагүл апайдың жұмыстарынан байқадым. Өзі де көп сөзге жоқ болғанымен ою-өрнекке келгенде оның әрқайсысының мағынасын түсіндіріп, неліктен салынатындығын, қойылатындығын түсіндіріп бақты. Кейде әр туындыдан шебердің көңіл күйін де байқауға болатынын аңғарып қалдым. Ата-дәстүрімізді жаңғыртып, қазақылығымызды қаз-қалпында ұстап, басқаларға өнеге етіп отырғаны үшін алғысымды білдіріп, өзім де ұлттық нақыштағы бір көйлекке тапсырыс беріп кері қайттым. Ісмерлік, шеберлк қанмен берілетін қасиет десек, Зорагүл апайдың да анасынан үйренген, қан арқылы жеткен қасиетіне риза болдық. Тапсырыстары көбейсін деп тілек айттық.
ЫНТЫЗАР БЕРЕНБАЕВА