Біздің еліміз ұшқан құстың қанаты талатын, бір қиыры мен екіншісіне жету үшін айшылық жолдарды басып өтуге болатын ұлан-ғайыр, кең байтақ екендігі Алланың қолдауымен, ата-бабаның қанымен бұйырған бақыт екендігіне ешкім көз жұма қоймас. Біздің аудан да – сол қасиетті жердің бір пұшпағы. Өзіндік табиғи байлықтары мен өзгеше сұлулығымен ерекшеленеді. Алланың нұры жауған жер. Ауданда жаңа нысандар бой көтеріп, халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеліп, өркениеті дамыған озық отыз елдің қатарынан көрінуге ниеттеніп тіршілік кешіп жүрген жайымыз бар. Өз елімізде, өз жерімізде жаңа бастамаларға баруға жүрексініп, ерініп, енжарлыққа бой алдырып жүргенде оралман бауырлар нағыз еңбектің үлгісін танытып, күнкөрістің жаңаша қырларын да көрсетуде.
Олардың Атамекенге оралып, санымызды көбейткеніне қуаныштымыз, бірақ кейбір мәселеге келгенде келісе алмай жатқанымыз да жасырын емес. Осыдан біраз жыл бұрын ауыл-ауылда еті арам, еңбегі адал есек деген хайуан үйір-үйірімен көшенің әр басында тобырымен жүретін. Соңғы жылдары етінің арамдығына қарамастан қандастарымыз қырып салып, ебін тапқандар етін, тіпті терісін Қытай асырып мол пайдаға кенелгендігін көріп, естіп жүрміз. Қазір көшеде есек көрмейтін болдық. Ол ақсақалдардың көлігі де болатын бір кездері. Ешкім елең етпей, есектің тұқымына бола ұрыс-керіс шығара қоймаған соң ағайындарымыз енді қасиетті Қарадаланың астының да, үстінің де байлығын талан-таражға салуға бет бұрды. Мал азығымен қатар емдік, дәрілік шөптер мен өсімдіктерді түп тамырымен қазып, Қарадаланы «Аладалаға» айналдырды. Оған осы газетте жарық көрген Қанат Сартоловтың «Аманатқа қиянат жасалып жатқандай» деген мақаласы мысал бола алады. Алла тағала берген, табиғат сыйға тартқан байлығымызды санаулы азамат өз пайдасына айналдырып, қалталарын қампитып, баю үстінде. Қозықұйрық, саңырауқұлақ, алтынтамыр, рауғаш, таңқурай жеуге жарайтыны, жарамайтыны бар шекара асып кетіп барады. Ол дәрілік шөптер өзімізге керек емес пе сонда деген ойға қаласың. Келер ұрпаққа жасыл желеңнен жұрдай, бораны азынаған, шаңы бұрқыраған қуаң даланы қалай аманаттаймыз? Бүгінгі көрініс соған апара жатыр. Қырғызсай ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде өзімнің екі-үш ұсынысымды газет арқылы жалпақ жұртқа жария еткім келді. Дұрыс десеңіздер қолдарсыздар, дұрыс болмаса тағы айтарсыздар. Азын-аулақ ақша үшін табиғаттың байлығын, дәрілік шөптерді қызыл мия тамыры, пияу, саңырауқұлақ, басқа да атын білмейтін емдік шөптерімізді сыртқа асыруға жол бермейік. Делдалдық жасап немесе шекарадан асыруға көмектесіп жүрген мемлекеттік қызметкерлерді тиісті органдарға тапсырайық. Табиғатты қорғау прокуратурасы, орман шаруашылығы, ішкі істер қызметкерлері, жалпы өз елінің патриотымын деген кез келген азамат бұл істі бақылауға алайық. Аудандық газет арқылы республика оқырмандарына жетсе екен деген тілекпен жазып отырмын. Осы көріністерге бей-жай қарауға азаматтық ұстанымым жол бермеді. Үнсіз қалу – ұят.
Жәнәбіл СМАДИЕВ,
Қырғызсай ауылдық ардагерлер кеңесінің атынан