Басты бет Жастар саясаты Арманы асқақ азамат

Арманы асқақ азамат

0
1,383

Өмірдің ағысына, қоғамның дамуына, тоқтаусыз уақыттың еншісіне қарай күнделікті күйбең тірлік өз арнасымен жылжып келеді. Әр пенде өзінше жан бағудың қамын жасап, қолға алған ісін дөңгелету үстінде. Сан түрлі саланы жағалаған жастар да қоғамның ілгерілеуінен қалысар емес. Олардың барлығы болашақты бүгіннен ойлаған саналы ұрпақтар десек қателеспейміз. Дегенмен белгілі бір орта болғаннан кейін қолындағы мамандық бойынша жұмыстың жоқтығын айтып, не болмаса айлық ақының аздығын сылтау еткен жастар да аз емес. Ал оларға үлгі боларлықтай іс бастап, жұмысын жүйелі түрде дөңгелетіп жатқандар да арамызда жетерлік


Бабаларымыз дархан даланың төсінде, жаз жайлау, қыс қыстауда атакәсіп мал шаруашылығымен күнін көргендігін баршамыз жақсы білеміз. Ал бүгінгі технологияның дамып, компьютердің ілгерілеген заманында барша жастардың ақ көйлек киіп, қара галстук тағып, үлкен мекемелерде жұмыс жасағысы келетіндігі де жасырын емес. Жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жас маманға бірден жұмыстың табыла қоюы да қиын. Бүгінгі біздің әңгімелейтін кейіпкеріміз оқуын оқып, жұмысты да істеп, айналаға көз салып, кәсібін тауып, еңбегімен елге еленіп келе жатқан азамат.
Тиірмен ауылында туылып, ауылдың күйбең тірлігіне араласып өскен Олжас Керімбеков – жиырманың бесіне енді ғана аяқ басқан азамат. Ауылдың орта мектебін тамамдап, Алматы қаласындағы оқу орындарының бірінде электрик мамандығы бойынша білім алған. Жастықтың дауылымен алып шаһарда қызмет етуді жоспарлап, оқуын бітіргеннен кейін беделді мекемелердің біріне жұмысқа тұрады. Онда үш жылға жуық жұмыс істеп, қала тұрғындарымен бірдей өмір кешеді. Осылайша он ойланып, мың толғанып өскен ауылына қайтуға бел буады. Ондағы мақсат – төрт түлік мал өсіріп, шаруашылықтың тізгінін ұстау болатын. Бала күнінен мал шаруашылығының басы-қасында жүрген азамат бұл кәсіпті бастауда мемлекеттен арнайы көмек күтпей-ақ, еңбегінің табысын тез ақтау үшін қой жинайды. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген сөзді тілге тиек еткен Олжас ауылдағы малшы азаматтардың ісіне қарап, «төрт түліктің қайсысын өсірсем, тез арада айналымға енгіземін» деген ойымен қойдың етегіне жармасқанын айтты. Білімі мен мамандығы, біліктілігі бар азаматтың шаруашылыққа бет бұруы қаладағы күйбең тірлік, баспана мәселесі, ауылда жұмыстың жоқтығы болған. «Екі қолға бір күрек» дегендей азамат болған шағында үйде шалқадан жатып, тірліктің жоқтығын сылтау етуді ер жігітке сын санайды. Бүгінгі таңда бар-жоғы екі жылдың ішінде бір отар қой жасап, соны өсіру үстінде. Ауылдан тысқары жердегі көктеуде жалғыз өзі қойын бағып, төлдетіп, тамағын жасап, қойына қосымша ірі-қара мен жылқыларына да қарап келеді. Төлдету кезінде әкесі мен інісі көмекке келген көрінеді. Олжастың айтуынша, қиындық көрмей, өмірдің ыстығы мен суығына төзбей, маңдай терді ағызбай шаңырағыңа дүниенің жиналуы екіталай. Сол себепті жақындарын қинамай, өзі қолға алған істі жандандыру үшін бар ауыртпалықты көтеріп, мал басын жылдан-жылға көбейту басты мақсаты екендігін айтқан кейіпкеріміз: «Әр айда арнайы айлық ақы күтпесем де, өздерің сияқты қызмет ететін жігіттермен тең қаражат табамын. Ең басында бұл кәсіпті бастағанда қиналғаным да жасырын емес. Көз көргендер «Бұлай қиналып неғыласың? Жассың ғой» дегенді айтып жатты. Дегенмен жастық шақты құры ойын-күлкімен, қыдырумен өткізсем болашақтағы жағдайымды біреу ойламайды ғой. Ел қатарлы қызмет те істедім, оқу да оқыдым. Қалада барлығы сатып алынады. Бала күнімізден ет жеп, айран ішіп өскенбіз. Сондықтан да қаланың сол тірлігінен зеріктім. Азаннан тұрып жұмысқа барып, кеш бата үйге келетінмін. Осыдан кейін ойлана келе бірден шешім қабылдап, мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім», – дейді. Жоғарыда айтып кеткендей қой бағудың қиыншылығы көп болғанымен пайдасы да соншалықты жоғары. Сондықтан да шаруаның басын қойдан бастаған Олжас болашақта ірі-қара мен жылқы өсіруді де ойлап отыр. Ол қой баға жүріп, түрлі ойды саралап, шабыт алатындығын да жасырмады. Алдағы істейтін жоспарлары да осы кезде туатын көрінеді. Оған жету жолдары да қой артында жүргенде шешімін табады екен.
Сәйгүлік жүгіртіп, көкпар тартып, құмай тазы ертіп, бүркіт ұстаған бабалардың жүрген ізін басқысы келетін, сол жолда еңбек етіп, ісін бастаған Олжастың арманы да, алға қойған мақсаты да биік. Таза ауамен тыныстап, белгілі бір жетістікке жету үшін айналадағылардың көмегінсіз өрге қарай ұмтыла білген азаматтың тағы бір арманы – ойын бірге жүзеге асыруға шабыт беріп, демеу көрсететін жар табу. Ендеше Олжастың асқақ армандары орындалып, қорасы қойға, өрісі малға толсын дейміз. Еткен еңбек пен төккен терінің жемісін жеуге де тілектеспіз.

Думан
САРТБАЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

«ҚАРАДАЛАНЫҢ» ҚАРА НАРЫ

Қасиетті өнердің өз көрерменіне жол тартатын сахна дейтін киелі мекені болады. Ол жер әркі…