Басты бет Әлеумет АТЫ ЖОҚ АУЫЛ

АТЫ ЖОҚ АУЫЛ

0
4,946

Кетпен десе әуелі көз алдымызға сұлулығы көз тартар Кетпен таудың бөктері елестейді. Табиғат-ананың тамаша тартуы кімді болса да көркімен баурары анық. Сол таудың етегінде ел жайлаған Кетпен атты ауыл бар. Осы тұста неліктен «Атауы жоқ ауыл» деп отыр деген сұрақ тұрған болар көкейлеріңізде? Гәп мынада. Жолымыз түсіп Кетпен ауылына келдік. Ауылдың кіре берісінде қай ауыл екенінен хабар берерліктей еш белгі жоқ. «Кетпен ауылы» деген сөздің қайда тұрғанын іздеп әлек болдық. Көре алмадық.  Кіре берістегі арканың келесі бетіне қарасаңыз, жазулары өшіп, оқуға мүмкін емес өлең жолдары тұр. Жанына барып қана ежіктеп әзер оқыдық. Арканың екі бетінде де Кеңес кезінен қалған суреттер ғана қылаң береді. Хош делік. 


  Ауылдың саф ауасына риза болып, алға беттедік. Әп-сәтте қуанышымыз су сепкендей басылды. Ауылдың етегіндегі қоқыстан. Көрсетілген белгіге сенсек, бір шақырым жерде күл-қоқыс төгетін орын бар екен. Санап шықтық, небәрі 100 метр жерде үйілген қоқыс. Жанына барсаң, қолқаны қапқан жағымсыз сасық иістен шыдап тұру мүмкін емес. Бұл ауыл тұрғындарына аурудың ордасы болмасына кім кепіл? Осыншалықты жауапсыздыққа кім кінәлі? Қоқысты үйден шыға салып төккен тұрғындар ма, әлде соған бас-көз болмаған ауылдың басшылары ма? Әйтеуір, әлгі орын бүгінде қаңғыбас ит пен мысықтың құтты орнына айналыпты. Ауылдың іші де қоқыстан ада емес. Бос шөлмектер мен тұрмыстық қалдықтар, малдың қиы, жас баланың жөргектері бұрыш-бұрышта менмұндалап жатыр.
Қоқыстан көз ашпағанымыз аздай, әрбір көшедегі жалаушаларға қарап жанымыз ашыды. Жұлым-жұлымы шыққан, адам көргісіз, жыртылып кеткен. Билбордтардың да түсі оңған. Басқа емес әкімдіктің алдындағы көрнекіліктің көркіне «көз тояды» екен. Өң-түсі қашып, оқылуға мүмкін емес. Әкімдік ғимаратының ішінде де қатеден көз сүрініп, кемшіліктен шалынасың. Әуелі кіреберістегі ақпараттар ілінген тақта тақырыпсыз тұр. Бірнеше жыл бұрын «Кетмен» атауы «Кетпен» болып өзгертіліп кетсе де ғимарат ішіндегі көрнекілік құралдарында, ауыл сызбасында әлі күнге «Кетмен» күйінде өзгеріссіз тұр. Тіпті мамандардың бірі оны 9 жыл бұрын ауысты десе, әкімі 4 жыл бұрын ғана ауыл атауы өзгерген деп ақталып жатты. Осынша уақыт аралығында ауыстырылмаған жазуларға күні кеше ғана тапсырыс беріліп, өзгертілгелі жатыр екен-міс. Есіктердегі мамандардың аты-жөні жазылатын маңдайша да бос тұр.
Кетпендегі орта мектеп ғимараты өткен жылы ғана күрделі жөндеуден өтті. Жөндеудің соңы жырға ұласты. Өйткені жөндеу жұмыстарынан соң жыл өтпей жатып, ғимараттың төбесінен су өтіп, қабырғалары дақтанып, әктері ақтарылып жатыр. Ол өзінше бөлек әңгіме. Ал ғимараттың маңдайшасы мен рәміздердің әлі күнге ілінбегенін мектеп ұстаздарынан сұрағандағы жауапқа таңғалмасқа шараң жоқ. Ұстаздар мен директордың орынбасарының өзі маңдайшамыз күні кеше ғана ілініп тұрған деп бізбен дауласты. Даудың шешімін мектеп директорының өзі шешті. Нақтырақ айтсақ, жөндеу жұмыстарынан соң әлі күнге маңдайша да, рәміздер де, рәміздерге арналған бұрыш та орнатылмаған екен. Ол — аудандық білім бөлімі тарапынан жасалуға тиісті жұмыс. Ашығын айтқан басшыға риза болдық. Ал білдей басшының орынбасары өз мектебінде ненің бар, ненің жоқ екенін білмей ме? Оқырман таразылай жатар бұл жағын.
Соңғы жылдары жекеменшік балабақшалар саны артуда. Қуанарлық жайт. Десек те, сол бақшалардың заңды сақтауын кім қадағалайды? Олай деуімізге себеп бақшаның сыртындағы «Иляр балабақшасы» деген сөз әуелі қазақша, сосын ұйғырша жазылыпты. Ал Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» заңының 21 бабында хабарландырулар мен көрнекі ақпарат құралдары, оның ішінде жарнамалар да ең әуелі мемлекеттік және орыс тілінде жазылатыны, сонан соң ғана қажет болған жағдайда өзге де тілдерде жазылатындығы анық айтылған. Сонда бұл балабақшаға тиісті орындардан ескерту айтылмай, заң талаптары түсіндірілмеген бе? Әлде «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарсаның» кебі ме?

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ҰСТАЗДАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Халықтық штаб мүшелері Тасқарасу  орта мектепте болып, мекеменің ұжымымен кездесті. Бұл ба…