Мемлекет басшысы әркез халықтың қамын ойлап, олардың барлығына қолжетімді болар жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Олардың қаншалықты іс жүзіне асып отырғандығына баға бере алмаспыз. Дей тұрғанмен жастардың жағдайы мен тұрмысы төмен отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарламалардың көптеген адамдарға септігін тигізгендігінің куәсі болып жүрміз.
Ал көктемнің алғашқы айымен бірге жаңаша леппен үн қатқан халыққа арнаған Үндеуінде Елбасы «Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін» – дей келе, Қазақстанның қуатты мемлекетке айналғандығын, экономикамыздың ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап көрсетіп, енді өзінің талайдан бері көкейінде жүрген әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған ауқымды бес бастамасын ұсынғандығын барлығымыз тыңдадық, баспасөз бетінен оқыдық. Бес бастаманың бесеуі де келелі, маңызды, заман талабынан туындап отырғандығы рас. Қазақта «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген нақыл бар. Өз елінде, өз жерінде баспанадан таршылық, тапшылық көріп отырған жас отбасылары қаншама, жастар емес егде тартқандардың да бір лашыққа зәру болып жүргенін көріп жүрміз. Кезінде Қасым ақынның жырына арқау болған
«Берсең бер, бермесең қой баспанаңды,
Сонда да тастамаспыз астанамды.
Өлеңнің отын жағып жылытамын,
Өзімді, әйелімді, жас баламды» – дегені де баспананың зары өткендіктен туылған жыр болар. Баспана зәрулігін көрмеген жандар кемде-кем болар. Сол олқылықтардың орнын толтыруға, дамыған озық отыз елдің қатарынан көріну үшін елдің әлеуметтік жағдайын жасау маңызды екендігі даусыз. Адамның алаңсыз, мағыналы өмір сүріп, еңбек етуі үшін баспананың қажеттілігі орасан. «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Нұрлы жер» бағдарламалары іске асуда. Дегенмен барлық қазақстандықтың баспанамен қамтылғаны байқалмады. Енді міне бес бастаманың негізгі тарауының бірі — баспана мәселесі. Ипотекалық баспана алуға кез келгеннің шамасы жетпеді. Ол үшін жалақыңның мөлшері де қомақты болуы шарт. Ал бұл әлеуметтік бастаманың көңілге қонымды жері несие өсімінің мөлшері өте төмен, төлеу мерзімі ұзағырақ болуы да орташа еңбекақымен отырғандарға жасалған қамқорлық деуге болады. Ендігі жерде осы игі іс сөз жүзінде қалып қоймай, «бармақ басты, көз қыстымен» қолынан келгендер ілініп, қарапайым жандар бұл бастамадан да құр қалмаса деген ниет қана біздікі. Тәуелсіздік алғаннан бері қаншама тұрғын үйлер салынуда, бірақ оған деген сұраныс еш толастаған, азайған емес. Бұл бастама үйлі-күйлі болам деген жастардың үмітін үкілеп, олардың болашаққа деген сенімдерін арттыра түскені тағы шындық. Соңғы кездегі жас отбасыларының ажырасу себептерінің басым бөлігі осы әлеуметтік жағдайларға, баспананың, тұрақты жұмыстың жоқтығынан етек алғандығына ешкім дау айта қоймас. Елбасының өзі бастама көтеріп, әр қазақстандықтың өз баспанасы болуы керек деген талап, міндет қоюы оны жүзеге асыратын шенеуніктердің жауапкершілігі мен іскерліктеріне байланысты жүзеге асатындығына сенім білдірелік. Ауданда да тұрғын үй мәселесі сатылап шешімін табуда. Жер алам дейтіндер, жалға салынған үйлерден үміткерлер кезектерімен армандарына қол жеткізуде.
Президентіміздің көтерген бес бастамасының аяқсыз қалуы мүмкін емес. Олай болса жаңашыл өмірге жаңашыл дем берген әлеуметтік бес бастаманың өміршеңдігіне, әсіресе баспана мәселесінің оңды шешім табатынына, еңбекақы мөлшерінің артуына азаматтар да жақсы ниеттері мен пейілдерімен атсалысады дейміз. Науқандық сипатта, тек жоғары органдарға есеп берумен шектелсек өзімізге өзіміз өтірік айтқанымыз. Сондықтан Елбасының халқы үшін жасаған игі бастамасының қызығын бірлесе көрейік.
Кәрібай ҚОЖАҒҰЛ,
аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы