Басты бет Рухани жаңғыру ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ – ҰЛТТЫҚ КОДЫҢДЫ САҚТАУ

ЖАҢҒЫРУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ – ҰЛТТЫҚ КОДЫҢДЫ САҚТАУ

0
3,270

Ұлттық болмысымызды бүліндірмей сақтаудың жолы бар. Ол ­­– ұлттық сананы қалыптастыру. Бұл жайында Елбасымыз өзінің өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деген болатын. Бұдан біз ұлттық код дегеніміздің – ха­лық­тың ішкі этникалық өзегі екенін аңғарамыз. Белгілі бір ағашты алып қарастырсақ, оның сыртқы қабығы, сүрек қабаты, сонымен қатар өзегі болады. Сол сыртқы қабық сияқты әр ұлттың дәстүрі, салты, әдет-ғұрпы, тілі, діні бар. Дәл осы салттан құралған ар-ұят, намыс, ұлттық сана, ұлттық болмыс сынды көзге байқал­а бермейтін факторлар да кездеседі. Ал ішкі, сыртқы дүниелер өзгермес үшін өзек мықты болуы тиіс. Демек, әлімсақтан келе жатқан әдет-ғұрпымыз, салтымыз бен дәстүріміз ұлттық код деген ұғымға саяды. Әрине, ұлттық кодты тек дәстүрмен ғана шектеп қоюға болмайды. Оның аясы кең.

Қазақ – қашанда салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген, ғұрпын ғұмырына азық етіп, әдебінен жаңылмаған, ділі мен тілін құрметтеп, қандай заман болса да бабалар аманатына қиянат жасамай келе жатқан халық. Баласын бір ауыз тыйым сөзбен тәрбиелеп, қызына қырық үйден тыю жасап, келісті ұл, көргенді қыз тәрбиелеген. Ал заман ағымына қарай, ғылыми-техника жаңа­лық­тарына байланысты ұлттық дәстүр­ле­рі­міз, салтымыз бейімделіп өзгеруі де мүмкін. Ең бастысы, олар мәнін, маз­мұнын жоғалт­пауы қажет. Сондық­тан Елбасы айтқандай, ұлттық сананың жаңғыруы дегеніміз – өзіміздің дәстүрімізді заманға орай жаңғыртып отыру. Ұлттық код дегеніміз – салт-сана, дәстүр, тәрбие, еңбек, тарихымыз бен әдбиетіміз, мәдениетіміз, білім, бір сөзбен айтқанда біздің қазақ ұлты ретінде өмір сүруімізге қажеттіліктердің бәрі. Ұлттық код сақталса, бұзылмаса, біз бар­лық кезде ұлт ретінде жаңа заманға лайықталып бой түзейміз.
Бүгінгі қоғамда бала тәрбиесі ­– өзекті мәселенің бірі. Жасөспірімдер арасында ұрлықтың, төбелестің артуы, бір-біріне деген өшпенділік сезімдерінің ұлғаюы – бәрі де сіз бен бізді ойландыруы тиіс. Себеп қайда жатыр? Олар неге сонша қатыгездікке құмар? Бұзығын екі ауыз сөзбен тәрбиелейтін ұлттың ұрпақтары емеспіз бе? Неліктен бүгінде жетесіз ұл, қылықсыз қыз өсіріп отырмыз? Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен жыл сайын құқық қорғау орындарының тізіміне ілініп жатқан балалар саны азаймай тұр. Мәселен өткен жылдың аяғында кәмелеттік жасқа толмаған 15 жеткіншек есепте тіркеуде болса, жыл басынан бері тағы да 4 жасөспірім тіркеуге алынды. Өткен жылы бірінші тоқсанда бірде-бір баланың ішкі істер органдарына тіркелмегенін ескертсек, бұл көрсеткіш біз үшін көңіл қуантпайды. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу мақсатында жоспарлы түрде білім беру ұйымдарында шаралар іске асырылуда. Білім бөлімінің ұйымдастыруымен тәрбие орынбасарлары арасында семинарлар, кеңестер, ашық есік күндері өткізілсе, прокуратура, құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесіп оқушылар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Мамандар мен ұстаздар әр аптаның сенбі жексенбі күндері түнгі рейдтер ұйымдастыруда. Әрбір мектепте құқық бұзушылықтың алдын алу үшін онлайн сабақтар, пікірталас алаңдары, арнайы сабақтар өткізіледі. Қандай да бір құқықбұзушылық әрекетіне байланысы бар болған балалармен жекелей әрі психологиялық жағынан түзету жұмыстары жүргізілді. Оларды спорттық, мәдени шараларға тарту, заң бұзудың салдарын түсіндіретін әңгімелесулер өткіземіз. Бірақ соған қарамастан санадағы салғырттық па, әйтеуір жастар арасындағы жағымсыз әрекеттердің жолы кесілмей-ақ келеді. Ерте жүктілік мәселесі де бүгінгі тәрбиенің олақтығын көрсетеді. Ауданда бүгінгі күнге кәмелетке толмаған үш қызымыздың ерте жүктілігі анықталған. Бұл мәселелер да назардан тыс қалған емес. Бәрібір мұндай келеңсіздіктерден арыла алмай келеміз. Әрине, бұлардың басты себебінің бірі ретінде отбасындағы тәрбиені айтуға болады. Бүгінде ата-аналар бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктен алыстап бара жатқандай. Мектеп қабырғасында ары кетсе 8 сағат қана болатын баланың уақытының басым бөлігі үйінде өтеді. Сол үйдегі тәрбие баланың түздегі қылығына тыйым бола алмай жатқаны алаңдатады. Жоғарыда атап айтқандай, қасиет қонған халқымыз бала тәрбиесін бесіктен бастаған. Бала өсе келе әртүрлі жағдайларда тыйым сөздермен тыйып отырған. Ата мен әже ұлағатын дарытып, әке мен ана тура жолды нұсқап отырған. Ал бүгінде бала тұрмақ өздерін тәрбиелей алмай жатқан отбасылар да бар. Олар сәтсіз отбасы ретінде арнайы бақылауда тұр. Яғни ішкілікке салынған, бала тәрбиесіне селқос қарайтын жандар. Ауданымызда бүгінгі күнде дәл осындай 26 жанұя есепте тұр екен. Әр отбасында екіден, үштен бала бар десек, қаншама ұл-қызымыздың тағдыры таразыда тұр. Бізді сондай жанұядан тәлім алған, тәрбие алған балалардың болашағы алаңдатады. Сондықтан ондай отбасы балаларын мемлекет өз қамқорлығына алып, өсіруді қолға алған. Әрине, мемлекет әр бала үшін жауапты. Десе де ата мен анадан алған тәлімді ешбір орта бере алмайтыны анық. Біз осындай шаңырақтарға ауданда ел құрметіне бөленіп, ұлағатты ұл, ибалы қыз, бір сөзбен айтқанда білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеген отбасыларды үлгі ретінде көрсетеміз. Мәселен, 107 жасқа келген Күрішбек атамыздың, Тиірмен ауылында ғалымдар тәрбиелеген Омарбакиевтер отбасын, ақ халатты абзал жандардың династиясы болған Василовтар, балалары «Болашақ» бағдарламасымен білім алып, елге танылып жатқан Есжановтар, ұл-қызы өнегенің ошағын танытатындай болған Мұстапаевтар жанұялары ауданымыздағы үлгілі отбасылардың бір ұшығы ғана. Мұның бәрі ұлттық тәрбиенің бала бойына дендеп сіңірілгенінен жеткен нәтиже деп айтуға толық негіз бар. Ал ұлттық сана бала бойына дұрыстап енгізілсе, ол бала ешқашан да тәрбиесіздікке бармайды. Сондықтан салтымызды сақтап қана қоймай, оны ұрпақ жадына саналы түрде сіңіруді қолға алғанымыз дұрыс сияқты. Тәрбиені тек айтып қана қоймай, оның салдары мен себебіне терең үңілуге тиіспіз. Мәселен, балаларымызға тәрбие беру жолында «Күлді баспа», «Бүйіріңді таянба», «Нан қиқымын шашпа», «Кісіге қарап есінеме», «Тырнағыңды тістеме» деген тыйым сөздерді ұдайы пайдаланамыз. Бірақ кей жағдайда осы сөздердің астарын аңғарып, түсіне де бермейді екенміз. Ал шынтуайтына келгенде әрбір тыйым сөздің тереңіне үңілсек, зор мән-мағына жатыр. Көп сөздер Ислам діні арқылы қанымызға сіңіскен екен. Мәселен нан қиқымын шашпау жайлы аңыз әңгімелер сонау Ыбырайым Пайғамбардың кезінен қалған деседі. Нан рәсуа болса, берекең кетеді. Ырыс нанның қиқымына жасырылған деген қағидалар сол замандардан келе жатыр. Тырнақ тістеуді де жаман әдет санайды бабаларымыз. «Адал кәсіптің құты мен берекесі дарығысы келген жанның осындай әдеті болса, жағымсыз әдет оны үркітіп жібереді», – деген сөз Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) қалған деседі. Міне, осындай мәні мен маңызы зор, тағылымы тереңде жатқан өнегелі сөздер арқылы ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ата-бабаларымыздың жолын біз жалғастырсақ, ұлттық кодымыздың сақталғаны емес пе?
Кейде біз өткенге өткінші ретінде қарайтындаймыз. Әсіресе мұны жастардан көп аңғаруға болады. Тарих – біздің тамырымыз. Ал тамыры шабылған ағаш ешқашан көктей алмайды. Бүгінде қолына кітап, газет-журнал алып оқитын жастар азайған. Бәрі де ғаламтордың әлеміне байланған. Әрине, озық технологияны игеріп, заман ағымына ілесу қажеттілік. Дегенмен бай тіліміздің қазынасын меңгеру үшін кітап таптырмас құрал. Рухани азық болар досың да – кітап. Ал құнарлы сөздік қоры жоқ, тарихын танымаған ұрпақтың жүрегі ертең ұлт деп соғарына кепіл бар ма? Сондықтан біз тарихымызды тануымыз керек. Әдебиеттерімізді оқып, мәдениетімізді мәйегіміз ретінде сақтауға тиіспіз. Бұл да – тәрбиенің бір ұшы.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген бабаларымыздың қанатты сөзінде қаншама мән-мағына жатыр. Отбасын құрған, бір басы екеу болған, өз алдына керегесін керіп, шаңырағын көтерген екі жас алдағы уақытта өздеріне жүктелген міндеттерді адал атқаруы керек. Ер адам отбасының тамағын, киімін, басқа да қажеттіліктерді тауып беріп отыруы қажет. Еңбектенбей өзіне жүктелген міндетті ескермей жалқаулыққа салынып отбасына мән бермей, көңіл бөлмей жүрген жандар жайлы Ислам дінінде жауапқа тартылатыны айтылады. Ал бүгінде кейбір ер-азаматтарымыз қиын жұмыстардан қашады, кей жұмыстарды намыс көреді. Одан мемлекетке қол жайып, аздаған жәрдемақы алып отырғанды дұрыс санайды. Осындай масылдық пиғылдан да арыла алмай келе жатқанымыз, ащы да болса шындық.
«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», — дейді қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов. Бүгінде бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман екенін де Елбасымыз айтып кеткен. Ендеше білімнің салтанат құруы бүгінгі қоғамда маңызды. Жастарға тәлімді тәрбиемен қатар озық білім беру жолында ұстаздарға зор жауапкершілік артылған. Мемлекеттен бөлінетін қаржының да басым бөлігі осы білім саласына бағытта-лып отыр. Мұғалім-деріміз ұдайы білімін жетілдіру курста-рына барады. Жыл сайын Елбасы өз Жолдауларында білім саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруді назардан шығармайды. Бірақ осындай жұмыстарға қарамастан біздің ауданымызда білім сапасы төмен дәрежеде болып тұр. Оны жыл сайынғы ҰБТ нәтижесінен аңғаруға болады. Облыс деңгейінде соңғы орындардан көтерілмей келе жатқанымыз біз үшін ұятты жағдай. Бұл жерде кінәні кімге артуға болады? Шәкірттерге тиісінше білім бере алмаған ұстаздар қауымын ба, әлде білімге деген көзқарастары төмен оқушыларды ма? Білімді ұрпақ – еліміздің келешегі. Ертеңгі Мәңгілік Еліміздің Туын биікке көтеретін де бүгінгі мектеп қабырғасындағы шәкірттер. Ал білім болмаса ұлттық кодты қалай сақтамақпыз? Сондықтан ұстаз да, шәкірт те бір сәт те ізденістен жалықпай, білім сапасын көтеру жолында еңбектенсе. Ғаламтор жүйесі де, түрлі әдістемелік құралдар да жеткілікті. Тек ізденіс жетпейді.
Біздің бұл айтқанымыздың бәрі де рухани жаңғыру жолындағы ұлттық кодымызды сақтаудың сан саласы. Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызда, ділімізде, ұлттық мәдениетте. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған. Ұлттық кодта парыз бен әділдік қатар сомдалып, Ж. Баласағұн, М.Қашқари, А.Яссауи, Абай мен Шәкәрім, Ахмет пен Әлихан, Мағжан мен Міржақып, Сәкен мен Жүсіпбек шығармашылығы арқылы халыққа дәріптелген, оралымды сөзбен өрнектеліп, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында әділдік тұжырымдамасы ежелгі дәуірден бастап жинақталып, туыстығы жоқ үлкенге деген сыйластық болып танылған. Бүгінгі таңда осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғыртуымыз қажет.Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген екен. Ендеше ел ертеңі үшін қолға алынған ұлттық кодымызды сақтау әрқайсысымыздың азаматтық міндетіміз.

Дәулетжан ДЕМЕНБАЕВ,
аудан әкімінің орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

АЛАМАН БИ МӘМБЕТҰЛЫ

Ата тарихын және шежіресін білу – әр ұр­пақтың парызы. «Жеті атасын білмеген же­тесіз» деп…