«Е» + «Ә»

0
1,481

«Е» әрпін төңкерсеңіз «Ә» әрпі шығады. Еркек пен әйелдің бас әріптерінің өзі олардың бір-бірімен қаншалықты байланыста екендіктерін білдірсе керек. Өмірдің мәні де, сәні де, маңызы да осы екі әріптен тұратын сияқты. Егер еркек пен әйел болмаса өмір де болмас еді, тіршілік те жоқ. Екеуінің махаббатарынан ұл мен қыз дүниеге келіп, өмір деген ұлы дүбір жалғасын табуда. Осы екі әріпте бәрібір бір сиқыр бары шындық.

Өмір болғасын оның қызығы мен шыжығы, қуанышы пен қайғысы қатар жүретіндігі заңдылық. Бақытты ғұмыр кешіп жатқандар Жаратушыға алғыстарын жаудырып, күндеріне шүкіршіліктерін мың қайтара айтса, жолдары болмағандардың «Е»-сі «Ә»-сін айыптаса, «Ә»-сі «Е»-сін жамандап басқаша өмір бастауға құлықтары болмай, бір-бірімен ырылдасып, амалдары жоқтан, арадағы балалары үшін өмір сүріп жатқандар. Егесіп, ерегесіп, балағаттасып, бірақ бір шаңырақтың астында ерлі-зайыптының күнін кешеді. «Е»-мен «Ә»-ні тақырып еткендегі мақсатымды әлі әзірге өзім де түсінбеймін. Біреулер үшін оның қосындысы махаббат болуы мүмкін, енді біреулер үшін керісінше айырылысу, үшіншілерге ештеңе емес, жай көптің көзінше жақсы отбасы атану ғана, төртіншілер үшін бұл нағыз өмір. Мүмкін бірге емес шығар, бірақ жандарымен, ішкі дүниелерімен, шынайы махаббаттарымен олар мәңгі бірге. Бір-бірлерін қашықтықта жүріп-ақ сезінеді, бір-бірінің тілеуін іштей тілеп өмір сүреді. Бірақ екеуі екі шаңырақтың отағасы мен отанасы. Сырт көзге олардан бақытты жандар жоқ секілді. Сырт көзге ғана. Балалары үшін өмір сүріп жүргендер. Егер екеуінің жүректерін суырып алып сөйлететін болсаң, мүлдем басқа адамдарды көрер едіңіз. Өзім дәл осындай махаббаттың куәгері ретінде болған оқиғаны айтпақшымын. Ойдан шығарылған немесе біреудің аузынан естіген әңгімем емес.
…Олардың махаббат жырлары мектеп қабырғасында-ақ оянған. Екеуі де сыныптастарым. Менің нағыз таза, пәк бала сезімде жүріп көрген махаббат оқиғасы осы екеуінен басталған.
Әдебиетке жақын болғандықтан 7-сыныпта оқып жүргенде екеуінің бір-біріне берген хаттарына жауапты мен жазатынмын. Балалық-ай десеңші. Кейде Ермектің жазғысы, айтқысы келгенін түрлендіріп, әдеби кітаптардағы кейіпкерлердің тілімен сөйлейтінмін. Ермек менің туысқан бауырым болып келеді. Әйгерім – ең жақын досым, сырласым. Ол кездері қазіргідей еркіндік, бейбастық жоқ. Мектепте өтетін кештердің өзіне аналарымыз қасымызға бір-бір «нөкерлерін» қосып беретін. Ал Ермектің де, Әйгерімнің де ата-анасы малды ауылда. Олардың кешке қарай кездесулеріне ешкім кедергі келтірмейтін. Екеуі түн қараңғылығын сырласына айналдырып алған. Қол ұстасып, қолтықтасып түнгі мезгілде кездесе беретін. Мен үшін олар нағыз махаббаттың тірі кейіпкерлері. Түнде қандай әңгіме айтылды, қандай сөздер арналды, бәрін біліп отырамын. Өз басым олардың бір-біріне деген кіршіксіз сезімдерін Әзілханның «Махаббат қызық, мол жылдарындағы» Ербол мен Меңтайдікіне ұқсататынмын. Сабақта отырып екеуінің бір-біріне ынтық сезімдерін, ғашық жүректерінің лүпілін байқап қоятынмын. Онжылдықты аяқтап, мектеп бітіру кешін тағы бір сыныптасымыздың үйінде атап өтіп, таң шапағын барлығымыз тауға шығып қарсы алатын жақсы дәстүр қалыптасқан. Онда да барлығымыз «Ләйлі мен Мәжнүн» атанып кеткен екеуінен көз алмаймыз. Мектеп бітіре салысымен үйленіп алатындай көрінетін. Екеуінің бірге болатындығына біз ғана емес мұғалімдер де сенімді.
Арман арқалап үлкен қалаға бәріміз де аттандық. Әйгерім қалаған оқуына түсе алмады, ауылға қайтуға ұялып сауда техникумына құжаттарын тапсырып, оған бірден ілініп кетті. Ермек ҚазМУ-дың тарих факультетінің студенті атанды. Қалада «әй» дейтін әжең, «қой» дейтін қожаң жоқ еркін, өз білгенімізше өмір сүре бастадық. Біреуміз жатақхана алып қарық, екіншіміз пәтер жалдап, үшіншіміз туыстардың босағасын жағаладық. Әйгерім қаланың бір шетінде, мен бір басында бұрынғыдай жиі кездесуге мүмкіндік аз. Ермек екеуінің менсіз де уақыттары жоқ шығар деп мазалағым келмегені де рас. Студент атанған соң жаңа таныс, жаңа достар пайда болады. Үлкен шаһардың бір басы мен екінші шетіне жету үшін көліктің қат кезі. Сөйтіп жүріп арада екі жыл да зуылдап өте шықты. Жазғы демалысқа келгенде бір-біріміздің үйімізге қонақ болып, кәдімгідей абыройымыз асқақтап, үлкендер санатына қосылып, сыныптастар сағынысып көрісетін халге жеттік. Бәріміз Ермек пен Әйгерімнің тойын күтудеміз. Олар да әлі балалық бал дәурендерін қимаған жандардай бір-біріне еркелегеннен басқа еш асығыстық байқатпайды. Бірақ сезімдеріне қылау түспегендігін олардың бір-біріне деген көзбен ұғысып, көзбен сөйлескендерінен-ақ байқаймыз. «Ләйлі мен Мәжнүн, қашан тойларың, сыныптастар арасында ең алғашқы той сендердікі» деп біз де қылқылдаймыз. Әйгерім осындай әңгімелер айтылғанда Ермекке жалынышты жүзбен қарайтынын мен ғана байқайтынмын. Уақыт шіркінге тоқтау жоқ. Жиырма жастың қырқасы да көрінді. Қысқы каникулға шығар алдында Ермектің басқа қызға үйленгендігі туралы хабар жетті. Басқаларын қайдам, мен үшін махаббат туралы аңыз осымен аяқталғандай күй кештім. Ешкім, ешнәрсе түсіндірмейді. Шағын ауыл болғандықтан ол қызды да жақсы танимыз. Бірақ Ермек екеуінің арасын байланыстырып тұрған ештеңе жоқ. Ойпырым-ай екеуінің арасына түскен қандай ала мысық, не болды деген көптеген сұрақтарға жауап іздеп, Әйгерімді қаладағы пәтеріне бардым. Қазіргідей ұялы телефон жоқ. Досым үн-түнсіз, мені көрді де дауыс шығарып жылай бастады. Не дерімді, қалай жұбатарымды білмеймін. Өзім қосылып жыладым. Махаббаттың тек қана тәтті емес, ащы дәмі болатындығын мен сол кезде ғана Әйгерімнің көз жастарынан білдім. Ұққаным Ермектің ата-анасы солай ұйғарған. Бай байға, сай сайға құюы керек, қызы керемет болмаса да әкесінің қолында бар, малдары көп болғандықтан сол қызға құда түскен. Ол қыз да бұлардың махаббаттарын біле тұрып, неге келісім берді деп оны да жек көрдік. Имандай шыным, мүмкін жақсы адам болған шығар, дей тұрғанмен махаббатқа қиянатты осы қыз жасағандай бәріміз одан теріс айналдық. Ермекті де өз махаббатын қорғай алмағаны үшін айыптадық. Езге санадық. Әйгерімді жұбаттық. Біз үшін махаббатына сатқындық жасаған Ермек деген аттың өзі «е-е-е» деген селқос бір нәрсеге айналғандай болды. Әйгерімдікі де көз жасын сорғалатқан «әттегенай-ә-ә» деген өкінішке айналды.
Өмір басыңа небір қарекеттерді келтіріп барып өте береді екен. Ермектің екі-үш баланың әкесі атанғандығын ұзынқұлақтан естіп қоямыз. Арамыз бұрынғыдай емес. Кездесіп қалғанда амал жоқ амандасқанымыз болмаса бұрынғыдай қауқылдасу жоқ. 7 сыныпта бастаған махаббаттары жеті жылға созылды. Соны бағалай алмағаны үшін Ермекті тіпті жек көріп те кеттік. Әркім өз тіршілігімен, бала тауып, оларды оқытып, енді аяқтандыратын кезде балалық кездегі достарымызды қайтадан іздей бастадық. Уақыт – емші деген рас. Мүмкін Жаратушы ием солай шешкен болар, нағыз махаббаттар бірге болмайтындығын, қосылмайтындығын. Ертегі, аңыздардан да оқыдық емес пе? Бұл да соның бір көрінісі болғаны ғой деп сабамызға түстік. Барлығы бір Алланың қолында, Жаратушы ием маңдайыңа қандай өмірді жазса, солай болады, ал пенденің қолында тек ары мен ұяты ғана деген сөзді өзім жақсы көретін бір жазушының айтқаны есімде қалыпты. «Бұл да сол Жаратушы иемнің қолындағы нәрсе болар» деп жұбаттық өзімізді.
Орта жастан асып, арада қырық жылға жуық уақыт сырғи өтіпті. Ермек пен Әйгерімнің махаббаттарын бәріміз де ұмытқанбыз. Жұмыстан шаршаңқырап үйге қарай аяңдап келе жатқанмын. Апақ-сапақ уақыт. Ермек пен Әйгерім келіп тұр есіктің алдына. Қапелімде не айтарымды білмей қалсам керек, үйге кіріңдер деуге шамам келмеді. Екеуі екі жақтан: «Жүрші, жақын маңдағы асханаға барып ауқаттанып, балалық шағымызды есімізге түсірейік» дейді. Үйде-ақ отырайық дегенге көнбеді. Амал жоқ, бір жағынан бұлардың мына жүрісі суыт көрінгендіктен, екінші жағы балалығымыз бірге өткен шақтар есіме түсіп ілесіп жүре бердім. Қайдан, қашан кездескендерін білмеймін. Екеуі қайтадан бір-біріне үздіге қалыпты. Немере көрген, ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатқан кездері. Мен ештеңе түсіне алмадым. Әңгімені Ермек бастады. «Елуді еңсеріп, алпысқа таянғанда бұларың не демекшісің, қалай ойласаң да өз еркің», – деп әңгімесін бастады. «Ақсақал жасқа жеткенде өткен өміріме есеп берсем, өмірімнің барлығы тек қателіктерден тұрады екен. Ол қателіктерімді бірде араққа салынумен, бірде әйелімді сабаумен түзеткім келді. Сосын тұңғыш ұлым туылғанда, махаббат деген осы ғой, қабағыма қарайтын әйелім, өзімнен аумай қалған ұлым бар, – деп жұбаттым. Онымның бәрі далбаса екен. Әйел де, ұл мен қыз да бір кездегі жүрегімнің түкпірінен орын алған махаббатымды сөндіруге шамалары келмеді, әкем мен шешем де іштегі буырқанған жанартауымды баса алмады. Ақылға жүгіндім, бәрін таразыға салдым. Дей тұрғанмен, әйтеуір бір нәрсе жетіспей тұратындығын әркез сезініп жүрдім. Жан дүниеме бір нәрсе өмір бойы жетіспей келді. Қызметім бар, баспанам бар, ұлым да, қызым да бар. Бәрібр бір нәрсем кем адамдаймын. Оны ұзақ іздедім, зерттедім. Сөйтсем ол бір кезде жоғалтқан махаббатым екен. Ұлым бір үй, қызым да тұрмыста. Ендігі тынышталар бұл көңіл десем, тынши қоймады. Сосын бар жігерімді жанып, Әйгерімді іздедім. Онымен телефон арқылы сөйлескен соң жаным тыныштала басталады. Керемет бір жылулықты сезіндім. Бір кездегі өзім қорғай алмаған, күте алмаған гүлімнің иісі мұрныма қайтадан келгендей күй кештім. Сені түсінеді деп келдік. Маған басқа дүниенің құны көк тиын. Енді Алланың берген 5 жылы ма, жоқ одан көбірек бола ма бір кездегі жіберген қателігімді түзеуім керек. Елдің сөзі, туыстардың табасы, балалардың айыптауы, қайынжұрттың қарғысы мені тоқтата алмайды. Сен біздің махаббатымыздың куәсі болғансың, қазір де ризалығыңды білдір». Тоқтамай сөйлеген Ермектің мына ұсынысынан басымды ала қаштым. Баяғыда бала тумаған кездеріңде осы қадамға баруларың керек еді, ендігілерің ұят, масқара, Әйгерімге тиістім, саған не жоқ деп. Ол тіпті жайбарақат, өзімен-өзі бақыт құшағында балқып отыр. Менің әрбір айтқан сөздеріме уәждері дап-дайын. Алдын-ала жақсылап келіскендері байқалып тұр. «Е» деген әріптен аты басталатын, оның үстіне еркек деген аты бар Ермегімнің көзінен жас парлап отыр. Жай жас емес, жан дүниесін ақтарып төгіп жатқан көлдей көрінді. Әйгерімге қараймын. «Күйеуіңе не бетіңді айтасың?» – деймін. Ол да бедірейіп, безеріп алған. «Маған дәл бүгінде біреудің сөзі, ақылының керегі жоқ, тағдырымның маңдайыма жазылғаны осы деп келдім қырық жыл. Махаббатым үшін кеш болса да күрескім келеді. Маңдайыма жазылғаны осы деп, ғұмырымның ең бал сәттерін сүймеген адамыма арнап, жалғандық таныттым, өтірік күлдім, өтірік жүрдім. Жалғандықтан шаршадым. Ендігі жерде бір күн болса да сүйген адамыммен таңды таңға ұрып әңгіме айтып, соның демімен тыныстап, өлуге дайынмын. Қазір маған махаббатым ауадай қажет. Соның қасымда болғанының өзі мен үшін бақыт. Ермек дәл қазір менің тыныс алатын ауам, түсінші».
Басым мең-зең. Біздің балалық, жастық шағымызда ақпараттың ең биігі кино болатын. Кино арқылы нағыз патриотизм, кино арқылы нағыз махаббат, кино арқылы адамгершілік дәріптелетін. Ондағы кейіпкерлердің ең жақсысына ұқсағың келетін. Тіпті махаббаты үшін жанын қиған кейіпкерді үлгі тұтып өттік. Ермек пен Әйгерімнің жарты ғасыр өлмеген, сөнбеген махаббаттарын үлгі тұтарымды, керісінше жазғырарымды білмедім.
«Мен нағыз махаббатты армандаймын,
Оны мен жоғалтып та алғандаймын.
Ақ қаздар арасынан аққуымды,
Ажырата білмеген сормаңдаймын», – деп махаббат жаршысына айналған мұзбалақ ақын Мұқағалидың жыры осыларға арналғаны ма? Махаббатттарын ажырата алмай, енді ата сақалдары ауыздарына түскенде қай сасқандары бұлардікі. Жақындарыңның қарғысына қаласыңдар, болатын іс болды, өтті кетті, ендігі жерде немерелерің үшін өмір сүріңдер деп пәлсапа соға бастап едім, «сен ақыл айтпашы, әкемнің ақылын тыңдаймын деп бақытымнан айырылдым. Сол кезде жүрегімнің әмірін тыңдасам, бәрі басқаша болар еді» – деп күрсінді Ермегім. «Менің ездігім болмаса, өз айтқанымнан қайтпағанымда Әйгерім де, мен де, екеуміздің жарларымыз да бақытты болар еді. Махаббатсыз туылған балалар да біртүрлі сезімсіз. Олардан да үмітім аз. Соншама тағдырдың сорына қалған мен енді бір күн болса да нағыз махаббаттың дәмін татқым келеді. Жақындарым түсінер, түсінбес, ендігі жерде маған бәрібір», – деп Ермек еңірейді.

Бүкіл саналы ғұмырларының ең бір жақсы кезеңдерін өткізіп алып, енді қартаң тартқанда бұлардікі не тірлік? Махаббаттарын желеу еткен екеу елді шулатып, басқа қалаға қол ұстасып кетті. Сырт көзге өнегелі отбасы атанып отырған екі шаңырақтың ойран-топаны шықты. Туған-туыстың біразы түсіністік танытты, қалған бөлігі беттерін шымшыды. «Е» мен «Ә» нің, яғни еркек пен әйелдің, Ермек пен Әйгерімді Құдай әу баста қоспаса да, түптің түбінде бірге болуларын жазды. Бұл не сонда? Екеуінің аттары «Е» мен «Ә-ден» басталып тұр. Біреулер үшін бұл жай ғана сәйкестік болар, мен үшін тылсым күш, жұмбақ. Кез келгеннің уысына түсе бермейтін, кез келгеннің қолы жете бермейтін Махаббат деген ұлы сезімнің құдіреті деген осы ма? Ол Алланың ерекше жаратқан пендесіне ғана тарту ететін «сыйы» болар. Білмеймін. Әйтеуір «Е» мен «Ә-де» бір сиқыр бары шындық…

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…