Еткен еңбек, төккен тердің ақталғандығы кім-кімге болмасын ұнамды. Ал ол үшін шыдамды болу қажет. Ақ сақалды қариясын сыйлаған ұрпақтардың біріміз. Олардың айтқан әрбір әңгімесінен тағлым, өсиетінен өнеге, жүріп өткен жолынан сабақ алатындығымыз да ақиқат. Дегенмен күйбең тірлікпен, бүгінгі өмір заңдылығымен ақсақалдарымыздың ақ батасын алып, қал-жағдайын сұрауға уақыт шіркіннің жетпей қалатындығы бар. Алайда “дария кеуде тау мүсін” қарттардың тарихқа толы әдемі әңгімесін тыңдағанымыз әрбір жүрген жолымызға, істеген ісімізге шабыт береді емес пе?
Талайдан ойлап, бір ауылдың суын ішіп, құлаш-құлаш көшелерін басып жүрсек те, әңгіме-дүкен құрудың сәті келмей жүрген Тиірмен ауылының ақсақалы Жабай Сабаншиев атамен кездесу ақыры бұйырды. Әулиешоқыдай кие санайтын тауы, арқырап арнасына сыймай ағатын өзені, тамаша табиғаты бар ауылға іссапармен жол түсті. Қыстың алғашқы айы тау сағасындағы ауылдарға ақ қырауымен таңғажайып мүсін беріп, көркі көз тартарлықтай құлпырған. Бұл таңғажайып құбылыс бізге шабыт сыйлады. Қазақ халқы қашанда қарашаңырағын қастерлеп, құрметтеген. Дәл осындай қарашаңырақтың берекесі, ырысы болып отырған қариямыз қазаққа тән қонақжайлықпен үлкен болса да бізге төрін ұсынды. Амандық-саулық сұрасып, тақырыбымызға сай әңгімемізді де жалғастырып кеттік. Ұзақ ойланып, өткен күндерін үнсіздікпен ойына топшалаған ақсақал әңгіменің басын туып-өскен жерінен бастады. 1933 жылы Қытай Халық Республикасының Іле қазақ облысы, Нылқы ауданы, Жырынтай ауылында қарапайым орта шаруа отбасында дүниеге келген екен. Жарық дүние есігін ашқаннан бастап ата-анасының тәрбиесінде болып, қиын-қыстау замандар мен қатігез партияның қылышы қылшылдап тұрған кезеңдерді бастан өткерген. Осылайша небәрі бес сыныптық білім алып, сергектігі мен жылдамдығының, қағілездігінің арқасында ауыл кооперативінің азық-түлік тарқататын бөлімінде шаруа меңгерушісі қызметін атқарған. Ол кезде атамыз жиырма бір жаста болған екен. Сол жылдары бес жылдық мөлшерді дұрыс басқарғаны үшін партиядан грамота алады. Ұқыптылықтың арқасында қара жұмысқа жегілген ауыл адамдарын аштықтан құтқарып, барлығына тойып жеуге азық-түлік таратпаса да қаужау етуге жарарлық ас үлестірген. Партияның қызметінде болған сұңғыла бойлы бозбала осы кезде өмірлік жан-жары Бәтен Мырзақанқызымен кездесіп, 1960 жылы отбасын құрады.
1962 жылы Отанға деген сағыныш, сүйіспеншілік жетелеп, туған-туыс, жекжаттарымен бірігіп Қазақстанға қоныс аударады. «Өз еліңнің, жеріңнің топырағына, тұнық суына не жетсін?», – дейді атамыз. Жер жаннаты Жетісу аймағы малға жайлы, әр мезгілі уақтысымен болғандықтан Тиірмен ауылынан қоныс тебеді. Таршылықты көріп, аштықты сезінген атамыз бірден колхоздың жұмысына кіріседі. Арнайы білімі болмағандықтан ата-кәсіп мал шаруашылығына өмірін арнайды. Сол кездегі еткен еңбектері мен жастық жалынның албырттығын еске түсірген қария:
– 1969 жылдың қысы еді. Менің қарауымда тұсақ қойлар болатын. Тұрғын-жайдың, тіпті қораның да мәнісі жоқ. Қар қалың. Өріске малды айдап шығу да мүмкін емес. Ол кезде қой үшін жанды беруге де дайын едік. Өзге малшылар ондай қойды қырып тастағаны үшін, жауапқа тартылды дегенді естіп, колхоз басшысының артынан қалмай қамыс орғыздырдым. Осылайша шұрық-тесік болып тұрған қора-жайымды ыңғайға келтіріп, көктемгі санақта небәрі тоғыз бас шығын бердім. Жоғарыдағылардың барлығы дән риза. Сол қойдан 100 басқа артығымен 120-дан қозы алдым. Келер жылында алған төлімнің де саны арта түсті. Бұл мен үшін үлкен абырой болды, – дейді. Бес жылдық жоспарды бар-жоғы төрт жылдың ішінде орындағаны үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен, күміс және алтын медальдармен марапатталған. 1972 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленген. Содан бастап әр жылы облыстың, ауданның алғыс хаттарымен, грамоталарымен марапатталып, нәтижелі жұмыстың арқасында «УАЗ» автокөлігін сыйға алған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақалды тілге тиек еткен қария маңдай тердің бағасын балаларына да үйретіп, колхоз тарағаннан кейін шаруа қожалығын құрып, таяғын үлкен ұлы Қуанышбек Сабаншиевке ұстатқан. 1993 жылы зейнетке шығып, немерелерінің қуанышына бөленіп, шаттығына кенеліп келеді.
Қарашаңырақтың отанасы Бәтен апамыз – он үш құрсақ көтерген батыр ана. Бүгінгі күнде олардың екеуін жер қойнына тапсырып, қалған ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, әрқайсысының өмірлік жолын көрсетіп, әртараптандырған. Олардан 28 немере, 6 шөбере сүйіп, тілеуін тілеп отырған жайлары бар. «Елбасының арқасында елімізде өркениетіміз өркен жайып, дәстүріміз жаңғырып, дініміз тұрақталды. Ұмыт болған ұлттық құндылықтарымыз қайта оралды. Халқымыздың жағдайы неғұрлым жақсарды. Бұл – ұрпақтарымыздың басына қонған бағы мен байлығы», – дейді кейіпкеріміз. 2008 жылы бес парыздың бірі Қажылыққа барған қария Пайғамбарымыз (с.ғ.с) басқан ізді басып, ғибадат етіп келген. Ел-жұрттың амандығына дұға жасап, тілеуін тілеп отыратындығы да бар. Сексен бес жасты еңсерген қария жамағатпен бірге жұма намазға барып, білгенін жастарға үйрететін көрінеді. «Қатарымыздың сиреп, сыр бөлісетін құрдастарымыздың жоқтығы жанға батады екен. Тіпті олармен өткен күндер, жүрген жерлер еске түсіп, сағынады да екенсің. Жастық шағымызда күш-қуат таусылмастай болып көрінуші еді. Пендеміз ғой, әрине. Енді міне қарттық та жеңді. Жастарға өсиет айтып, естеліктерімізді бөлісіп, сабақ етіп отырмыз», – деген қария көзіне жас алып, терең күрсінді де, әңгімесін одан әрі жалғастырды…
Бала күнімізде саят құрып, аңға құс салып, таз ерткен атамызды талай рет көрген едік. Ол кезде бізге оның өзі таңғажайып болып көрінетін. Бұл турасында қариямызға сауал жолдаған едік. Қазақтың қанында көкпар тарту, сәйгүлікті бәйгеге қосу, саят құру, таз ерту ерте замандардан-ақ жалғасын тауып келе жатқандығын айтқан қария Қытайда жүрген кезінде нағашыларына қызығып, бүркіт асырағандығын алға тартты. Қазақ жеріне қоныс аударар жылы баққан балапан бүркітімен 60 түлкі алған екен. Кейін сол жақта қалған досы Нүсіпбекке беріп кетіпті. Құс баптауға жаны құмар азамат бүркітінің жағдайын біліп үнемі хат-хабар алысып та тұрған. 2004 жылы жол түсіп туған жеріне барғанында досы мәңгілік сапарға аттанар алдында балаларына аманат еткен қасқыр ішік пен түлкі тұмақты алған. Бүгінгі күнде аталмыш сыйлықты көздің қарашығындай сақтап келеді. Кейіннен 1982 жылы бүркіттің балапанын бағып, мұндаға дейін саятшылықты жанына серік еткен. Құс баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген Жабай ата облыстық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болған. Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Нұра ауылында өткен жарыста бүркіті екінші және үшінші орындарға ие болса, Астанадағы халықаралық дәрежеде ұйымдастырылған құсбегілік сайысында да жүлделі орынға қол жеткізген. «Қазақ жігітінің серігінің бірі – қыран құс пен құмай таз және сәйгүлік. Содан болар бұларға қызығушылығым артып, қыстың алғашқы қарын асыға күтуші едім. Қар жауа сала Тиірменнің, Ақтамның, Аваттың тауларын бір аралап қайтатынмын. Тәлейіме қарай бірде қанжығам майланса, енді бірде құр қол келетінмін. Дегенмен мұның барлығынан жаным рахатқа бөленіп, ләззат алатынмын. Сол сияқты бәйгеге түсетін аттарды да баптап жүретінмін. Олардан жүлделі орынға ие болмасам да, ермегім еді», – дейді ақсақал. Біраз уақытқа саятшылықтан қол үзген ақсақал сағынып жүргендігін айтып, алдағы уақытта оны қайта қолға алатындығын жеткізді. Құсбегілікпен айналысып жүргенінде ортаншы ұлы Жамбылды жанына ертіп жүріп үйреткен. Бүгінгі таңда ол да құс баптауды жетік меңгерген көрінеді.
Өткен өмірінен сыр шертіп, еткен еңбектерін жіпке тізіп, Аллаға шүкіршілік етіп отырған атамыз ұрпақтарының адал, еңбегінің жемісті, жалқаулықтан алыс, жақсылыққа жақын болуларын тіледі. Отанын, елін, жерін сүйер азаматтар көп болса екен деген тілегін айтып, ақ батасын беріп, қонақжайлықпен бізді шығарып салды…