Аудан әкімдігінің мәжіліс залында ауылдық округ әкімдерінің, дене шынықтыру және спорт жөніндегі әдіскер нұсқаушылардың, бөлім басшылары мен мәслихат депутаттарының қатысуымен қоғамдық кеңес өтті. Мұнда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің 2017 жылғы Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын орындау барысы туралы мәселе қаралды.
Қоғамдық кеңесте сөз тізгінін ұстаған төраға Қалабай Мерейімов жиынға қатысушылармен таныстырып, жұмыс регламентін бекіткеннен кейін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдар Әшімхановқа сөз кезегін берді. Ол күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады. Сонымен қатар спорт саласының басты проблемасы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі «Газель» автокөлігінің тозығы жеткендігін басты назарға алды. Бүгінгі таңда аудан мектептерінің жанында 32 спорт залы, 106 спорт алаңдары мен қалашықтары бар көрінеді. Мектептерде 157 дене тәрбиесінің мұғалімі қызмет жасаса, олардың 146-сы жоғары білімді, 11-і арнайы орта білімді екен. Ал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі жаттықтырушылардың жиырма екісі де жоғарғы білімі барлар. Осындай анықтамадан кейін баяндамашыға сауалдарын жолдағандар да болды. Аудандық мәслихаттың депутаты Жамал Оқаева Шарын ауылындағы көкпар ойынының талапқа сай келмейтіндігі, ойыншылардың атпен ауыл ішіне кіріп кетуі қауіп туғызып отырғандығын айтса, аудандық келісім кеңесінің төрағасы Жеңіс Тойшыбеков мектепте арнайы біліктілігі бар мұғалімдердің бар екендігіне көз жеткізгісі келді. Жолданған сауалдарға қанағаттанарлық жауап берген аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдар Әшімбаев кеткен қателіктердің қалыпқа келеріне сендірді. Аудандық келісім кеңесінің төрағасы Жеңіс Тойшыбеков биыл аудандағы спорт саласына 55 миллион теңге бөлініп, алты ауылдық округте спорт алаңдарының салынып жатқандығын айтты. Мұндағы кемшіліктердің бастысы – мамыр айында басталған жұмыстың осы уақытқа дейін аяқталмай, созылғандығы.
Жарыссөзге шыққан аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жиһангер Мәжитов жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын ұстануды алға қойып отырған спорт мектебінің жеткен жетістіктерін тізбектеп шықты. Бүгінгі таңда белгіленген жоспарға сай жұмыс жасап отырғандығынан да хабар берді. Қоғамдық кеңестің қорытынды сөзін алған аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов жастар тәрбиесінің күрделі екендігін айтып, ауылдағы жұмыссыз жастар арасында жарыстар ұйымдастырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға күш салу керектігін ескертті. Ол үшін ауылдық округтердегі мамандар жұмысын жүйелендіру керек деген тұжырым жасады.
Думан
САРТБАЕВ