Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында мектебімізде көптеген шаралар ұйымдастырылды. Соның ауыз толтырып айтарлығы Жаркент қаласындағы Уәлибай мешітіне оқушыларды апарып, «Әулие ағаш» қасиетті орнымен таныстыру болды. Бір шегесіз салынған сәулет өнерінің ғажайып үлгісі болған мешіттен балалар зор толғаныспен шықты. «Әулие ағаш» арқылы тарихтың жаңа бетін ашып, оның күтушісінен бұл қасиетті жердің тамыры тереңге кеткен тарихынан мол мағлұмат алды. Жаркент өңірінен туған жерге деген, оның қасиетіне деген сүйіспеншілікпен оралған оқушылар ой бөлісу үшін ата-аналарымен бірлескен жиналысқа қатысты. Мектеп директоры М.Исмаилов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын тек оқушылармен емес ата-аналармен де ой бөліскісі келген ниеті ақталды. Ата-аналардың ішінде бұл мақала туралы өз ойларын ортаға салушылар табылды. Мектеп басшысы: «Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай, ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс. Ең бастысы, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда», – деп ойын қорытындылады.
Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, ұстаздар қауымы қосатын үлес – жас ұрпақты жаңа қоғам мүшесі етіп білім мен тәрбие беруді жаңаша құру, оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау екендігін бәріміз жақсы түсінеміз.
Рухани жаңғыру – адам баласының оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Тарих сахнасына көз жүгіртсек, өскен ұлттың өрби түсуіне осы «рухани жаңғыру дәлел». Көне замандағы көрікті қалаларымыз, сән салтанаты таласқан озық ескерткіштеріміз, мәдени мұраларымыз бұлтартпас айғақ болып табылады. Біздің де мақсатымыз – аты аңызға айналған тарихи жерлермен оқушыларды таныстырып, сусындату. Рухани жаңғыру бағытында мектептегі шаралардың барлығы да патриоттық тәрбиемен ұштасты. Балалардың бойынан өз жеріне, Отанына деген махаббатты көре білсек, онда еңбегіміздің еш кетпегендігі.
Гүлстан ТОХТАСУНОВА,
№5 Шонжы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары