«Бір күн дәм татқан жерге қырық күн сәлем бер» деген сөз бұрынғылардан қалған. Қонақжайлылық қанымызда бар жақсы әдет. Бала кезімізде үйге қонақ жиі келсе екен деп тілеу тілейтінбіз. Өйткені ол күні дастарқанға тығулы жент, құрт, май, ұнда сақтаулы қазылар да шығады. Қонақ кеткен соң дастарқанның «қожайындары» біз болатынбыз. Рахаттанып өзімізді қонақ сезініп, әңгіме-дүкен құрып, біреуіміз апа, екіншіміз ата боп, үлкендер келгенше ерекше бір күйге бөленетінбіз. Сосын бәріміз жабылып үйді жиыстырып, есіктің алдын сыпырып, апамызға жағынатынбыз. Ол күндер келмеске кетті әрине. Бір тойғанымызға мәз, бақыттан басымыз айналатын сәттер енді қайтып оралмасын сезінген сайын сол күндерге деген сағынышымыз ұлғая түсуде. Ол заманның қонақтары да жайлы, сыйлы, қарапайым болғаны ғой, шамасы.
Ал қазір ше? Үш адам келетін болса алашапқын болып, шабыламыз да қаламыз. Ешкім жасамаған салаттың түрлерін іздейміз. Одан басқа пісіретін тәтті нандардың түрлері, самса, самбузасы бар дегендей қонақтарымыз «мешкей» боп кеткендей күйге түсеміз. Шыны керек бүгінгі қонақ күту жүйкеге салмақ салатын «қиын жұмыстардың» біріне айналғаны да рас. Қонағы айтпай қонатын, көршісі айтпай кіретін халықтың ұрпағы екендігіміз естен мүлдем шығып кеткендей. Әйтеуір бір ерекшелік ойлап тауып, жылы сөз бен қабақ емес, тамақтың түрінен жарысқа түскендейміз. Оның қаншалықты дұрыс, бұрыстығын уақыт еншісіне қалдырайық.
Қонаққа төрді ұсынып, астың дәмдісін ұсыну, соған өзіміз бір рахаттанып қалу – ежелден келе жатқан салтымыз. Қонақты ақ жарқын көңілмен жақсылап күту көргенділік, адамгершілік, адамдық қана емес, тіпті міндет болған. Қазақтардағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» аталатын көне заң жарғыларында және оған дейінгі де қылмыстық істерді белгілейтін ережелерде қонақ күту мәселесі арнайы қарастырылған екен. Оның тіпті заңдық күші бар «құдайы қонақ» деген статусы да болған. Мәселен, құдайы қонақты үйіне кіргізбей, қондырмай жіберген үй айып төлеген. Қондырмай жіберілген жолаушы соның салдарынан өлсе немесе басқа бір зардап шексе, кесімді құн төлеген немесе шеккен зардабы айыппұл жолымен өтелген. Осының өзі меймандостық, қонақжайлылық дәстүрді берік орнықтыру, оны бұзуға жол бермеу мақсатынан туындаған. Өте ұтымды әдіс. Бүгінгінің заңдылығына әрине қисынсыздау боп көрінер, дегенмен түп тамыры тереңде жатқандығын ұғыну қиын емес.
Халқымыздың осындай қонақжайлылығы, дастарқанының кеңдігі, танымайтын адамға есігін ашып, төрін ұсынып бар асын аузына тосатын мырзалығы жайында әр кезеңдерде әртүрлі себептермен біздің аймақта болған саяхатшылар, ғалымдар таңданыспен жазған. Орыс тілінің 4 томдық түсіндірме сөздігінің авторы, тіл білгірі атақты В.И.Даль қыр елінің тіршілігін жақсы білетіндігін дәлелдеп, қазақтар өмірінен көркем шығармалар жазған. Ғалым-академиктер В.В.Радлов, Г.И.Потаниндер біздің халық туралы үйіне қонған қонақтан жамбасақы (пәтерақы), ішкен-жегені үшін ақыпұл алмақ түгілі, ондайды естудің өзін үлкен ұят санайтын керемет ұлт екенімізді әр жазған дүниелерінде айтып отырды. Егер осы халықты экватор бойына тізіп орналастырса, жер шарын ешбір қаражатсыз-ақ айналып шығуға болатыны жайында тамсандыра да, таңырқата жазды.
Біз осындай аңызға бергісіз әңгімелерге арқау болған халықпыз. «Келгенше қонақ ұялады, келгеннен соң үй иесі ұялады» дегендей қонақ күту әсіресе әйелге сын. Сондықтан әйел адам қонақ келсе ұят болмасын деп балаларынан тыққан-пыққандарын дастарқанға қояды. Көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, сүлгі орамалға дейін тәуірін шығарады. Тамағын тартып, жайлы орын салып күткен соң қонақтан «бұйымтайыңызды айтыңыз» деген біздің халықта ғана бар дәстүр дерсің. Бұйымтайын айтатын, айтпайтын қонақтар болады. Жақын көретін, көңілін қалдырмайтындығын білетіндер міндетті түрде бұйымтайын айтады және оны үй иесі орындайды. Салттың мақсаты да сол.
«Қара қазан екен» немесе «Қолы ашық, дастарқаны мол жан екен» деген әңгімелер ел арасына осындай қонақ күтілгенде айтылатын болған. Сол үйге берілген мінездеме іспетті. Көп жағдайда мұндай сөздер әлгі отбасының ел ішінде елеусіз немесе керісінше абыройларының асқақтай түсуіне себепші болып отырған. Бүгінде қонақтардың сана-сезімі, парасат-пайымы өзгеріске ұшырағандай. Бұрынғы қонақтардың демалыстары дәм ауыз тиген соң әдемі әңгіме немесе ән, жырға ұласатын. Қазіргілердікі үй жиһаздары, қымбат көліктің бөлшектері одан қалса байлардың салып жатқан үйлерінің жобалары, сауда нүктелері, дүниенің қымбаттап тұрғандығы. Одан басқа тақырып жоқ. Пайғамбарымыздың хадистерінде: «Үйлеріне қонақ қонбайтын үй иелері – жаман адамдар», – делінген. Мейманға мал сою, барды тосу оны бір тойғызып жіберу мақсатын көздемейді. Ол кісіні сыйлауға қоса, арадағы достық, жақындықты одан әрі нығайтып, жалғастыруды көздейді. «Адам асқа емес, сөзге мейман» дейтін Мақтымқұлының сөзі бар. Қонаққа тамақтан гөрі ілтипат пен көңілдің маңыздырақ екендігін меңзейді. Қонақшыл адамның жора-жолдастары көп болады. Сыйы, құрметі де асқақтай түседі. Келген қонаққа дәм бермеген үйдің ырысын шайтан жейді екен. Қаншалықты рас, өтірігі белгісіз. Апаларымыз әйтеуір қонақ кеткен соң, өте кеш, таң алды болса да ыдыстарды жуғызатын, жумай жатсаң ыдыстарыңды шайтап жалап кетеді дейтін. Балалықпен шайтанның не екенін, түрінің қандай болатындығын білмесек те қорқатынбыз. Қазір ойласақ соның бәрі тәрбиенің бір көзі екен-ау. Қонаққа бару да, күту де – мәдениет. Жақсы таныс апайым бар, көрші тұрамыз, ақкөңіл жан. Үйіне қонақ келсе мені қоса шақырып алады, жайдарыланып, ән айтып жүріп күтеді. Қонақ үйден шыға салысымен бет-аузын тыжырайтып, жақтырмағандығын сол сәтте-ақ білдіріп қояды. Шыны керек қазір сол апайдың үйіне баруға жүрексінетін болдым. Дастарқанын әп-сәтте жая қояды да, барымен базар жасайды. Бірақ қонақтарын шығарып салысымен-ақ сыртынан сыпсыңдап сөйлейтін жаман әдеті бар. Яғни ол барлық қонақтарына сондай қарым-қатынас жасайтыны ақиқат. Туыстары болсын, көршілері болсын бәрібір. Соңғы кезде оның да есігі сирек ашылатын боп жүр. Қонақтардың өздері де оның сол әдетін түсінгендіктерінен болар.
Дастарқаныңа салатын заттарың көңіліңнен шықпаса да жылы сөзің, жақсы әңгімеңмен қарын тойғызып жіберуге болады. Кім көрінгеннің үйіне мейман болып бара беруге де болмас. Ол парасатыңа нұқсан келтіреді. Егер бір жерге мейман болып барсаң онша ашығып барма, қатты тойып та барма, тамақ жемей себебін айтып отырсаң, үй иесі қысылады, егер тамақты көп жесең жұрттың көзіне жаман көрінесің. Қонақ үйге кіргенде шын ниетіңмен қарсы ал, кез келген адам екінші адамның ішкі дүниесін сезіп қоятын қасиеті бар. Қонақпен бірге ырыс келетіндігін санамызға мықтап сіңірсек, әр келген қонағымыздың құтты екендігіне көзіміз жетеді. Біздің қанымызда бар нәрселерді заман ағымына, уақыт талабына итере салмай сақтап қалсақ…
Баян
МАМЫРБАЕВА