Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының күннен күнге жақсарып отырғандығына мақтана аламыз. Асханалар мен дәмханалар қатары да ай санап болмаса да, жыл санап көбейіп отырғанына бәріміз куәміз. Енді қай жердің тамағы дәмді, бағасы төмен деп іздейтін болдық. Қытайдың қоспаларын, әртүрлі дәмдеуіштерді қоспайтын дәмханалардың тамақтарын кейде уақытымыз жетпей жатқанда өзіміз де сатып ала салатын болдық. Көшеде, жол бойында, шаңның астында пісіп жатқан самса, бәлішке онша мойын бұрмай, мәдени, таза жердің тағамын пайдалануға бой үйреттік. Дей тұрғанмен осыншама ашылып жатқан дүниелердің адам денсаулығына зияны, пайдасы туралы білгеніміз де жөн-ау.
Санитарлық-эпидемиологиялық басқарма соңғы жылдары атауларын жиі өзгертіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, енді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы деп аталатын болды. Сайып келгенде атқаратын міндеттері бір ғана адам денсаулығына зиянды заттарды пайдаланбау, тазалықты сақтау. Ауамыздан, ішетін суымыздан бастап жейтін тағамдарымыздың сапалы болуын қадағалау. Өмірінің барлығы дерлік осы салада өткен Тиләпжан Рахмаевтың зейнеткерлікке шықса да жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенін көзіміз шалып қалады анда-санда. Қолында пәпкісі бар, көптің ішінде бір нәрселерді түсіндіріп жүргені. Бізге де қызық көрінді. Немен айналысатындығын сұрадық. Санитарлық-эпидемиологиялық аудитор деген қызметте екендігін айтты. Аудитор деген тек қаржы, салық саласына қатысты термин деген түсініктегі адам үшін тіпті қызық көрінді.
Тиләпжан Ашимұлы халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесіндегі соңғы кездегі біраз жаңалықтарды түсіндірді. Санитарлық-эпидемиологиялық аудит қызметімен айналысып жүргендігін айтты. Алғашқы сұрағымыз да санитарлық-эпидемиологиялық аудиттің не екені жайлы болды.
– Бүгінгі заман – дамыған елдерден еш қалыспай олардағы жаңа, тың үрдістерді үйрену заманы. Денсаулық сақтауда халықаралық талаптарды қамтамасыз ету, сонымен бірге халықтың санитарлық сауаттылығын арттыру өте маңызды. Сондықтан да санитарлық-эпидемиологиялық аудит жеке және заңды тұлғалардың осы бағыттағы жұмыстарына көмекші, нұсқаушы десек те болады. Мен жаңадан ашылған фирмалардың біздің қызметті пайдаланғандарын сұраған болар едім. Қоғамдық тамақтану, сауда, спорттық, сауықтыру орындары, мектепке дейінгі, жалпы білім беретін мекемелер, балабақшалар, емхана, дәріханалар, кафе, мейрамханалардың санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерге толық жауап беретіндігіне көзіңізді жеткізгіңіз келсе біз көмектесуге әзірміз. Сұрағыңызға нақты жауап берер болсам, санитарлық-эпидемиологиялық аудит – субъектілердің халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында ұсыныстарын әзірлеу және халықтың осы саладағы нормативтік-құқықтық талаптарды шаруашылық және басқа да қызмет субъектілерінің сақталуын тәуелсіз бағалау. Бұл жұмысты аккредиттелген, осы бағыттағы тексерулерде, зерттеулерде, сынамаларда, токсикологиялық және гигиеналық бағалау түрлерінде зерттеу жүргізуге құқығы бар ұйымдар жүргізеді. Көрсетілген қызмет пен атқарылған жұмыстың санитарлық ережелерге сәйкестігі, сәйкес еместігі туралы дәрежесін айқындайды, бақылайды. Бұл ерікті болып табылады. Оны жүргізуге заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің өздері мүдделі, олар аккредитациядан өткен сараптау орталығымен тікелей жұмыс жасайды. Санитарлық-эпидемиологиялық аудит санитарлық заңнамаға сәйкес келмегендерді жоюға ықпал етеді. Біз кеңес беруші ретінде және нысандардың санитарлық ережелердің талаптарына сәйкестігіне бағытталған санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-профилактикалық шаралар мен ұсыныстарды дайындайтын үшінші жақ болып саналамыз.
– Сонда жұмысыңыздың мақсаты неде?
– Объекті қызметінің ұйымдастыру мәселелеріне кеңес береміз, құжаттарды дайындауға көмектесеміз, келісімшарттардың орындалуын бақылай аламыз, лабораториялық зерттеулерді ұйымдастырамыз, келеңсіздіктерді, келіспеушіліктерді шешуге мұрындық боламыз. Санитарлық-эпидемиологиялық аудиттің жасаған қорытындысы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың анықтаған эпидемиялық маңыздылығына әсер етеді, сондай-ақ ерекше ережеде тексерілетін объектілердің тексерулерден босатылуына негіз бола алады.
– Бұл жұмыстар ақысыз атқарылуы мүмкін емес қой?
– Әрине объектінің көлеміне қарай ақысы болады.
– Өзіңіздің жаңа жұмысыңызда қолтаңбаңыз қалған жерлер бар ма?
– Әрине. Қазір бізде Қырғызсайдың тауында «ЭкоПарк» демалыс орны жұмыс істейді. Соның санитарлық-эпидемиологиялық ахуалының заң аясында болуын, азық-түлік сақталатын орындары мен тағам әзірленетін жерлерінің қандай болуы керектігін талапқа сай жасалуына көмектестім. Сондай-ақ А.Табылғанов көшесіндегі жаңадан ашылған салтанат үйінің санитарлық-эпидемиологиялық ережелерінің сақталуы үшін не жасалуы керектігін анықтап, құжаттандырдық. Тәтті нандар мен печеньелер пісіретін Дилбирим Камердинованың дәмханасын алыңыз, алғашқы ашылған кезіндегі жағдайы мен бүгінгісін салыстырыңыз. Барлық талаптар сақталған. «ЭкоПарк» демалыс орны бар Арасанда. Оның да санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы өте жоғары деңгейде, құжаттары да заң аясында.
– Сонда бұл қызметтің халыққа тиімді тұсы қайсы?
– Ең бастысы халықтың денсаулығына залал келтірмеу. Біздің аудиттағы талап өте жоғары. Онда кез келген қолында дипломы бар адам істей алмайды. Жоғары санатты маман дәрігер, денсаулық сақтау ісінің үздіктері, санитарлық қызметтегі ұзақ жылғы тәжірибелі мамандар ғана бұл салаға келе алады. Талап солай. Біз қырып, жою, айыппұл салып сауда нүктелерін жапқызумен айналыспаймыз, тек қана заңдарды түсіндіріп, соның аясындағы жұмыстарды үйретеміз. Егер құжаттарыңыз, жұмыстарыңыз заң талаптарымен орындалса, онда сізді ешқандай тексеру қорқыта алмайды. Қосымша айыппұлдардан, басқа да шығындардан аман қаласыз. Тиімді тұсы осы. Санитарлық саладағы барлық заңдылықтарды жақсы меңгергенде ғана санитарлық-эпидемиологиялық аудиттың жұмысын жақсы деңгейде жүргізе аласыз. Қазақстан Республикасының 18 қыркүйек 2009 жылғы «Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 62-1 бабы 11 бөлігіне сай Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрінің бұйрығымен санитарлық-эпидемиологиялық аудиттің ережесі бекітілді. Сол ережені басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізудеміз. Біздің кеңесіміз, көмегіміз керек жандарға мархабат.
– Өзіміз де біраз мағлұмат алдық, хабардар болдық. Іске сәт дегеннен басқа айтарымыз жоқ.
Сұхбаттасқан Баян МАМЫРБАЕВА