Басты бет Әр қилы ЖАЛҒАН ЖИЫН ЖАЛЫҚТЫРАДЫ

ЖАЛҒАН ЖИЫН ЖАЛЫҚТЫРАДЫ

0
1,300

Міне, жылыту маусымы да басталып кетті. Қылышын сүйреткен қыс та таяу. Бірақ әлі күнге кей мектеп оқушылары мен мекемелерде қызметкерлер бүрсең қағуда. Өйткені отын, көмір алынбаған ғимараттар бар. Қыстың қамын жаз ойлайық десек те болмады. Біз жиын сайын жылудың жырын айтып жүргенде, уақыт та жетіп келді. Ауыл тұрғындарының да 100 пайыз көмір алып, көсіліп отырғаны шамалы. Онсыз да жанын жалдап әзер бағып отырған кей отбасыларына көмір бағасының аспандағаны жығылған үстіне жұдырық болды. Тоннасы бақандай 20-25 мыңға бірақ секірген көмірімізге елдің бәрі қол жеткізе алмауда. Бағасымен қоймай, тапшы болып тұрғаны тағы бар. Міне, осындай түйінді мәселелер ауданда қордаланып-ақ тұр. Аудан басшысына алаңдай қараған жұртшылықтың бір үміт күтері анық. Ең болмағанда бағаның аспандамауына жол бермесе екен деген тілек-наздары да жоқ емес. Енді не істеу керек?

Аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аудан бойынша 2017-2018 жылдардағы жылыту маусымына дайындық, қойылған міндеттер жайы мен жоғарыда аталған мәселелер қаралды. Жиынды ашқан қоғамдық кеңес төрағасы Қалабай Мерейімов алғашқы сөзді аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжанға берді.
Мінбеге көтерілген мәслихат хатшысы бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырған жылыту маусымына дайындық жайы аудан әкімінің алқа мәжілісінде қаралып, бірқатар тапсырма берілгенін атап көрсетті. Аудандағы ең үлкен сала білім болғандықтан сөз басын да мектептер мен мектепке дейінгі тәрбие беру орындарының дайындығынан бастады. Анықтамадан аңғарғанымыз, білім саласы әлі де толықтай сұйық және қатты отынмен қамтылмаған. Атап айтсақ, Таипов атындағы Кіші Дихан орта мектебіне 7 пайыз, Кіші Ақсу орта мектебі 7,4, Сүмбе орта мектебі 9,7, Хамраев, Тасқарасу, №1 Шонжы, №2 Құдайбергенов атындағы, №3 И.Бахтия атындағы орта мектептер 10 пайыз көлемінде ғана отынмен қамтылған. Ал Рахат орта мектебіне әлі күнге бір тонна да көмір жеткізілмеген. Тек Ардолайты мектебіне ғана 100 пайыз көмір апарылған екен. Мемлекеттік «Балбөбек», жекеменшік «Алихан», «Умнички», «Шуақ», «Радуга», «Балдырған», «Сабинур», «Ақ ниет», «Жұлдыз», «Маленькая страна», «Али нұр», «Болашақ» балабақшалары да отын-көмір алмаған. Аудан орталығындағы әкімшілк ғимараттардан өзге ауылдық округтер ішінде тек Ақтам ғана 27,2 пайыз көмірмен қамтылса, қалған округтер осы күнге дейін отынсыз отыр. Аудандағы пошта тораптарына да жылу жуық күнде беріле қоймайтын секілді. Тек денсаулық сақтау саласы ғана бұл мәселеде көш ілгері тұр. Жылыту маусымының басталып кеткенін ескерсек, әлі де бірде-бір тонна отын, көмір жеткізілмеген мекемелердің жайы алаңдатарлығы анық. Осы жайттардан хабардар еткен мәслихат хатшысы Нұрәкім Есенбайұлы аудан әкімінің алқа мәжілісінде қаралғанына жиырма күнге жуық уақыт өтсе де мардымды жұмыс атқармаған мекеме басшыларын сынға алды. Мұнан соң жылыту маусымына қойылған міндеттер туралы аудандық ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің басшысы Талғат Сайдахметов баяндама жасады. Ағымдағы жылы атқарған жұмыстарын саралаған бөлім басшысы аудандағы бірқатар өзекті мәселелерді де жіпке тізді. Мәселен температуралық режим сақталмайтын Сүмбе орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу, 13 орта мектептің электр жүйелерін ауыстыру, 7 мектептің бір қабатты терезелеріне қосымша әйнектер салумен қатар мәдениет үйлерінде қордаланған бірқатар жайттарды ортаға салды. Баяндамашыға «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Керімқұлов мектептердегі жылу жайы, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Нұров халықтың қатты отынмен қаншалықты қамтамасыз етілгені, мәслихат депутаты Жамал Оқаева мүгедектердің көмірге зәрулігі, оған ауылдық округ әкімдігі тарапынан көмектің көрсетілмеуі, ардагерлер кеңесінің төрағасы Нурвяг Сейитов те аудан халқының жай-күйіне алаңдаушылық танытып, өздерін мазалаған сауалдарын жолдады. Ал аудан әкімінің орынбасары Құралбек Бекмұханбетов өзекті мәселенің күн тәртібінен түспеуі қажеттігін айтып, ағынан жарылды.
Жиын соңында облыстық мәслихат депутаты Ызғарбек Бектұрсынов ағамыз келелі сөз, келісті пікір айтты. Мұндай өзекті мәселе талқыланған жиында аудан басшысымен бірге осы мәселеге жауап бере алатын барлық мекеменің тізгінұстар азаматтары болса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар ағамыз «Күлтөбенің басында күнде жиын» болса да мәселенің шешімін тауып, нақты жұмыстың атқарылып жатқаны мардымсыз екенін сынға алды. «Аспандап жатқан көмір бағасы анау. Оған көз жұмып отырмыз бәріміз. Жазда дайындық деп дабыра қақсақ та, қыс келгенде дайындық жайын айтып жайбарақат отырғанымыз қай сасқанымыз? Балабақшалар отынсыз отыр екен. Қайтпек керек? Жылусыз отырса, құзырлы орындар неге қадағаламайды? Балалар суықта қалай шыдамақ? Ауылдың халқы бетке ұстап отырған әкімдердің өзі жылусыз отырса, олар халықтың қамын қалай күйттемек? Өзін жарыта алмаса, жұртқа қалай жақсылық жасайды? Айтылған нәрсенің бәрі айтылған жерде қалады. Қашан іске көшеміз? Бұл қызыл сөзбен құр судыратып, қайта жаба салатын мәселе емес. Аудандағы үлкен төтенше жағдай. Ауданды қалай басқарамыз мына түрімізбен? Мектептердің электр жүйесін жаңарту мәселесі осы уақытқа дейін неге шешілмеген? Қыс түскенде қандай жөндеу жайын айтып отырмыз? Жалпы қоғамдық кеңестің рөлін арттыру үшін іске көшіп, дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Есеп үшін жасалған жиналыстың еш пайдасы жоқ», – деп жанайқайын жеткізген Ызғарбек ағамыз ел алдында абырой биік болу үшін елдің жағдайын ойлау керектігін алға тартты.
Рас, құр сөзбен бітіп жатқан жиналыстар саны күн сайын көбейіп отыр. Өзімізді де, өзгені алдап, жалған сөйлеп, жалған жиын өткізу жалықтырды. Уақытымызды зая кетіруде. Ызғарбек ағаның сөзіне қосылған көпшілік кеңес беделін арттыру үшін нақты шешімдерді қабылдап, жауапты басшылардың жұмысына сын айтып, 10 күн көлемінде нәтиже шығаруды қатаң тапсырды.

Анар
ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

  • Кемеңгер

    «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі ж…
  • Алаштың абыройы артатын шақ

    Айлардың алмасып, жылдардың жылжуы заңдылық. Міне, 2019 жылдың да табалдырығын аттадық. Ел…
  • ДАЛАМЫЗДЫҢ ҮНІСІҢ СЕН, ДОМБЫРА!

    Осыдан бірнеше ай бұрын ұлттық арналарда қазақстандық «Тасөткел» телехикаясының тұсаукесер…

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

УНИҢ ҺАЯТИ ӘМГӘК БИЛӘН ЖУҒИРИЛҒАН

Кеңәш дәвридики өтмүшни әскә алидиған болсақ, түрлүк иш қойнида әмгәк әткән инсанларниң қи…