Абай атындағы мектеп-гимназиясында ағылшын тілі мұғалімдері қауымдастығының облыстық семинары өтті. Бұл шара педагогикалық қауымдастық үшін маңызды оқиғаға айналды. Семинар жай ғана кезекті кәсіби кездесу емес, тәжірибе алмасуға, ағылшын тілін оқытудың өзекті мәселелерін талқылауға және облыстың әртүрлі аудандарынан келген ұстаздар арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға арналған маңызды алаң болды. Бұл шараға 120 дан астам ағылшын тілі мұғалімдері, әдіскерлер, білім беру ұйымдарының басшылары, қауымдастық мүшелері мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Мұндай ауқымды іс-шараның біздің ауданда өтуі – семинардың ерекшелігі деуге болады. Қатысушылардың пікірінше жердің шалғайлығына қарамастан педагогтердің кәсіби дамуына тең мүмкіндік жасау жолындағы маңызды қадам болды. Көлемді түрде ұйымдастырылған семинардың жоғары деңгейде өтуі Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының директоры Гүлжихан Иманхатова және орталық әдіскері Гүлмира Бейсембаева қолдауының арқасында десек артық айтқандық бола қоймас. Семинардың алғы сөзін аудандық әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Эльмира Рысмендиева алды. Ол өз сөзінде қазіргі білім беру жүйесінде инновациялық технологиялардың маңыздылығына тоқталып, мұғалімдердің кәсіби дамуына мұндай семинарлардың ықпалы зор екенін атап өтті. Бүгінгі басқосу әр мұғалімнің ойын толықтырып, тәжірибесіне үлес қосып, үйретері көп болды десек болады.
Семинардың алғашқы сәтінен-ақ ашық кәсіби диалог, ынтымақтастық және бір-бірінен үйренуге деген шынайы ұмтылыс атмосферасы байқалды. Қазіргі білім беру кеңістігінде мұндай кездесулер ерекше маңызға ие, өйткені олар үздік тәжірибелерді көрсетуге ғана емес, сонымен қатар мұғалімдердің күнделікті жұмысында кездесетін нақты мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. Атап айтар болсақ оқушылардың мотивациясын арттыруға, коммуникативтік дағдыларды дамытуға, заманауи әдістерді қолдануға, интерактивті оқыту формаларын енгізуге және сыныпта қолайлы тілдік орта қалыптастыруға зор ықпалын тигізеді.
Шонжыдағы семинар кәсіби қауымдастықтың ортақ мақсат – білім сапасын арттыру жолында біріге алатынының жарқын үлгісі болды. Іс-шара барысында төрт ауданнан келген мұғалімдер өз тәжірибелерін ашық сабақтар, шеберлік сыныптары және практикалық баяндамалар арқылы ұсынды. Әрбір сабақ әдістемелік сауаттылықпен қатар шығармашылық көзқарасты, педагогикалық шеберлікті, оқушыларды қызықтыра білуді және тиімді оқу процесін ұйымдастыру қабілетін көрсетті.
Қатысушылар сыни ойлау, сөйлеу дағдыларын дамыту, топтық және жұптық жұмыс, саралау элементтері, қалыптастырушы бағалау, функционалдық сауаттылықты дамытуға бағытталған әдістер сияқты түрлі тәсілдерді көре алды.
Ашық сабақтар семинар қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Мұғалімдер мұндай форматтың ерекше құнды екенін атап өтті, өйткені ол әдістемені іс жүзінде көруге, сабақтың құрылымын, оқушылармен қарым-қатынасты және кері байланысты бағалауға мүмкіндік береді. Көптеген педагогтер үшін бұл семинар жаңа идеялардың көзі ғана емес, өз тәжірибесін қайта ой елегінен өткізуге себеп болды.
Семинардың ең әсерлі сәттерінің бірі – АҚШ-тан келген шетелдік қонақ Линни Брэдидің қатысуы болды. Ол қауымдастық жұмысы аясында алғаш рет шақырылып, семинарға халықаралық сипат берді. Линни Брэди ағылшын тілін оқыту бойынша шеберлік сыныбын өткізіп, заманауи әдістермен бөлісті және қазақстандық мектептерде қолдануға болатын практикалық құралдарды көрсетті.
Қатысушылар оның шеберлік сыныбы мазмұнды, тәжірибеге бағытталған және өте пайдалы болғанын атап өтті. Әсіресе оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамыту, тілдік сенімділікті қалыптастыру және оқушыларды ойлауға, талдауға ынталандыратын тапсырмалар ерекше қызығушылық тудырды.
Семинардың жоғары деңгейде өтуіне қабылдаушы тараптың да үлесі зор болды. Қатысушылар іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады деп түсіндік. Жасалған бағдарлама, қонақтарды қарсы алу, техникалық қамтамасыз ету, жұмыс алаңдары өз деңгейінде болғандығын тілдеріне тиек еткенде іштей қуандық. Кез келген жұмыстың нәтижесі жақсы болса, еңбегіңнің жанғандығы ғой. Бұл ұйымдастырушылардың кәсібилігін және командалық жұмыстың жоғары мәдениетін көрсетті.
Семинар мұғалімдердің кәсіби дамуын шалғай өңірлерде де дәл осындай дайындықпен өткізуге болатындығын дәлелдеді. Мұндай көшпелі семинарлар жергілікті педагогикалық қауымдастықтың дамуына үлкен серпін бергендігін де айтпасқа болмас.
Сажидям Супиева семинардың мазмұндылығы мен жылы атмосферасын ерекше атап өтсе, Тоты Кенжина ашық сабақтар мен шеберлік сыныптарының жоғары деңгейде өткенін айтты. Мақпал Сәйдін семинардың практикалық бағыттылығын жоғары бағаласа, Гузалия Бикенина жалпы ұйымдаст ыру жағына оң бағасын берді.
Бұл пікірлер семинардың шынайы кәсіби даму алаңы болғанын көрсетті. Білім беру жүйесі үнемі өзгеріп отырған қазіргі уақытта мұндай кездесулер мұғалімдердің мотивациясын арттырып, тәжірибе алмасуларына, өз пікірлерін қысылмай ортаға салуларына мүмкіндік берді.
Семинар сонымен қатар мектептер мен аудандар арасындағы байланысты нығайтудың маңыздылығын көрсетті. Мұғалімдердің бір-бірінен үйренуі — білім сапасын арттырудың негізгі жолдарының бірі.
Шеберлік алаңының қорытындысында сөз сөйлеген Алматы облысы ағылшын тілі мұғалімдері қауымдастығының жетекшісі Адильжан Авалиев ұстаздардың кәсібилігін жоғары бағалап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Бұл облыстық семинар Алматы облысының білім беру саласындағы маңызды оқиға болды. Ол 120-дан астам педагогті біріктіріп, жаңа білім, шабыт және өзгеше тәжірибе сыйлады. Бұл шара өңірдегі білім беру жүйесінің дамуына үлкен үлес қосты дей аламыз. Әр мектептің алғыр мұғалімдері өздерінің білімдері мен тәжірибелерін ортаға салып, бір-бірімен ынтымақты қатынас орнатып, ағылшын тілінің қыр-сырына жаңаша көзқараспен үңіліп қайтты десек болады.
Шадиям БАРАТОВА,
аудандағы ағылшын тілі пәні мұғалімдері
қауымдастығының төрайымы
