Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Деструктивті діни ағымдар дінді өзінің бастапқы рухани, адамгершілік мәнінен бұрмалап, оны белгілі бір топтың тар мүддесіне қызмет ететін құралға айналдыратын көзқарастар жүйесі. Мұндай түсініктегі адамдарды шынайы діни құндылықтардан алыстатып, біржақты ойлауға, соқыр сенімгебағыттайды.Бұл ағымдардың негізгі ерекшелігі – өз ұстанымдарын жалғыз ақиқат ретінде көрсетуі. Олар қоғамдағы басқа көзқарастарды, дәстүрлі діни түсініктерді немесе мәдени құндылықтарды қабылдамайды. Соның нәтижесінде «біз» және «басқалар» деген түсінік қалыптасып, адамдар арасында алауыздық тудырады. Мұндай ортада пікір алуандығы мен өзара құрмет әлсірейді.Деструктивті идеология көбіне адамның санасына жүйелі түрде әсер ету арқылы орнығады. Олар ақпаратты іріктеп беріп, белгілі бір түсінікті ғана дұрыс деп көрсетеді. Эмоциялық ықпал ету, қорқыту немесе жалған үміт беру тәсілдері арқылы адамдарды өздеріне тәуелді етеді. Уақыт өте келе адам өз бетінше ойлау қабілетін жоғалтып, топтың көзқарасын толық қабылдауға мәжбүр болады.Адамды отбасы, туыстық орта және дәстүрлі құндылықтардан алыстатып, тек өз тобына тәуелді етуге тырысады. Кей жағдайларда заң мен қоғамдық тәртіпті елемеу, мемлекеттік жүйеге қарсы көзқарас қалыптастыру сияқты идеялар да көрініс табады.Деструктивті діни ағымдардың идеологиясы тек жеке адамның дүниетанымына ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығына кері әсер етеді. Ал шынайы ислам діні – адамдарды ізгілікке, бірлікке және бейбітшілікке шақыратын құндылық болса, деструктивті ағымдар осы мәнді бұрмалап, керісінше алауыздық пен тұрақсыздыққа жетелейді. Деструктивті діни ағымдардың пайда болуы – белгілі бір кезеңмен ғана шектелетін құбылыс емес, ол адамзат тарихындағы әлеуметтік, саяси және рухани өзгерістермен тығыз байланысты күрделі үдеріс. Ежелгі дәуірлердің өзінде-ақ дін атын жамылып, адамдарды өз ықпалына бағындыруға тырысқан топтар кездескен. Олар шынайы діни ілімді бұрмалап, өз мүдделеріне сай түсіндіру арқылы қоғам ішінде алауыздық туғызуға әрекет еткен.
Бүгінгі таңда жаһандану дәуірінде ақпарат алмасу бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Интернет пен әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, қоғамның барлық саласына, соның ішінде дін мен руханият әлеміне де тереңықпал етуде. Өкінішке қарай, дәл осы ашық ақпарат кеңістігін деструктивті діни ағым өкілдері өз мақсаттарына пайдаланып, дін атын жамылған жалған идеяларын таратып, әсіресе санасы қалыптасу үстіндегі жастардың жүрегіне күмән мен бүлік ұрығын себуге тырысуда. Олар тар шеңберлі түсініктер мен шектен шыққан көзқарастарды насихаттап, Исламның шынайы бейбіт сипатын бұрмалап, қоғамды ата-баба дәстүрінен, ұлттық құндылықтардан және қоғам бірлігінен алыстатуға ұмтылады. Мұндай идеологиялық шабуылдар – бүгінгі заманның ең қауіпті рухани сынақтарының бірі болып отыр.
- Деструктивті ағымдар мен шектен шығушылық – Исламға жат қасиет
Ислам діні – адамзатты туралыққа, ұстамдылыққа, әділдікке және татулыққа үндейтін кемел дін. Бұл діннің негізінде тепе-теңдік, парасат, мейірім мен адамгершілік жатыр. Сондықтан Ислам ешқашан шектен шығуды, орынсыз қатігездікті, бүлікшілдік пен алауыздықты құптамайды. Керісінше, адамдарды өзара құрметке, ынтымаққа, сабыр мен даналыққа шақырады.Ал деструктивті ағымдар осы асыл құндылықтарды бұзып, діннің шынайы болмысын бұрмалайды. Олар Исламның көркем үкімдерін тар түсінікпен қабылдап, мейірім мен әділетке негізделген ұлы жолды қаталдық пен қатыгездікке айырбастайды. Мұндай ағымдардың түп негізінде көбіне надандық, діни сауатсыздық, таяз түсінік, менмендік және өзгені жоққа шығаруға бейім көзқарас жатады. Нәтижесінде олар адамдарды хақ жолдан алыстатып, қоғам арасына іріткі салып, мұсылмандардың арасына күмән, қорқыныш және жікшілдік ұялатады.Деструктивті ағымдардың ең қауіпті тұсы – олар дінді бірлік пен бейбітшіліктің емес, бөлінушілік пен өшпенділіктің құралына айналдыруға тырысады. Ал шын мәнінде, бірлікті бұзу – әлсіздіктің бастауы. Ынтымағы кеткен елдің ырысы қашады, татулығы кеткен жұрттың тұғыры шайқалады. Сол себепті халқымыз: «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған. Ұлттың тұтастығына сызат түсіретін, елдің тыныштығына қауіп төндіретін кез келген теріс идеология – қоғам үшін зор қатер. Асыл дініміз адамдарды бүлікке емес – бейбітшілікке, өшпенділікке емес – бауырмалдыққа, қатыгездікке емес – рақымшылыққа тәрбиелейді. Сондықтан деструктивті ағымдардың жетегінде кету – тек жеке адамның адасуы ғана емес, тұтас қоғамның бірлігіне нұқсан келтіретін ауыр дерт.
Ислам орта жолды, ұстамдылық пен әділдікті ұстанатын дін. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде бізге орта жолды ұстануды әмір еткен:
«(Уа, Мұхаммедтің үмбеті!) Міне, осылайша сендерді адамдарға ақиқатты көрсетсін һәм олардың істеріне куә болсын, сондай ақ Алла елшісі де сендерге дәл солай куә болсын деп, (төрт аяғын тең басқан үлгілі де қайырлы, сенімі мен әр ісінде әсіре-сілтеушілік пен немқұрайдылықтан ада) ортан үмбет қылдық», – деген («Бақара» сүресі, 143-аят).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да үмметін дінде шамадан тыс кетуден сақтандырған:
«Дінде шектен шығудан сақ болыңдар! Сендерден бұрынғыларды дінде шектен шығу құртқан», – деген (Ибн Мәжа).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді дінде шектен шығудан сақтандырды. Өйткені мұндай әрекеттер қоғамның іргесін ірітіп, бүліктің басталуына себеп болады. Мұсылман баласы– қолымен де, тілімен де өзгеге зиян тигізбейтін(бұл хадисте келген сөз), жүрегінде жұмсақтық пен кешірім ұялаған адам.
- Деструктивті ағымдардың қоғамға тигізетін залалы
Қоғамның тыныштығы мен елдің бірлігіне ең үлкен қауіп төндіретін нәрсенің бірі – адамдардың санасын улайтын теріс діни ағымдар. Соның ішінде дінді желеу етіп, жастарды алдап-арбап, елді бөлінуге итермелейтін жат діни түсініктердің зияны өте үлкен. Мұндай ағымдар сырттай қарағанда дінге шақырып жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде діннің асыл құндылықтарын бұрмалап, адамдарды қоғамнан, дәстүрден, тіпті өз отбасынан алыстатуға тырысады. Әсіресе жастар мұндай арбауға тез ілінуі мүмкін. Өйткені жастық шақ – ізденіс пен сенім қалыптасатын кезең. Жүрегінде иманға бетбұрыс, ақиқатты тануға құлшыныс болған жас кейде кімнің дұрыс, кімнің бұрыс айтып тұрғанын ажырата алмай қалады. Осыны пайдаланған теріс пиғылды топтар әлеуметтік желі, қысқа бейнежазба, әсерлі ұран, жалған «уағыз» арқылы жастардың санасына күмән тастайды. Олар «таза дін», «шын жол», «нағыз мұсылмандық» деген ұғымдарды өз мақсаттарына бұрып, көпшілікті шатастыруға күш салады. Мұндай ағымдардың ең алғашқы зияны – адамның ойын өзгертуінде. Кеше ғана ата-анасын сыйлап, туысын құрметтеп, елмен араласып жүрген жас біртіндеп бәрінен суый бастайды. Отбасын түсінбейтін, қоғамды қабылдамайтын, ел ішіндегі халқымыздың дәстүрлеін жоққа шығаратын хәлге жетеді. Сөйтіп, өзіне дейінгі ұрпақтың жолын менсінбей, ата-баба мұрасын тәрк етуге бейім болады. Қазақ халқының сан ғасырлық салт-дәстүрін «дінге қарсы» деп көрсету арқылы олар жастың рухани тамырын үзуге тырысады. Ал тамырынан ажыраған адам – бағытынан да адасады. Діннің атын жамылған теріс ағымдардың келесі бір үлкен зияны – қоғамға бүлікшіл ой таратуында. Олар мемлекет заңын мойындамауға, ел ішіндегі тәртіп пен тұрақтылықты жоққа шығаруға, жұртты бөлінуге шақырады. Соның салдарынан адамдар арасында сенімсіздік пайда болады, бір-біріне күдікпен қарау көбейеді, ал бұл қоғамның ішкі тұтастығына сызат түсіреді. Бірлігі әлсіреген елдің берекесі кетеді, тыныштығы бұзылады.Мұндай теріс идеологияның қауіптілігі – оның бір адаммен шектелмейтінінде. Бір адамның адасуы – бір отбасының қайғысына айналады. Ал бір отбасының күйреуі – тұтас қоғамға әсер ететін дертке ұласады. Кейде мұндай ағымға ерген жастар ата-анасымен араздасып, бауырларымен байланысын үзіп, тіпті өз ортасынан оқшауланып кетеді. Бұл – рухани қасірет. Өйткені Ислам діні адамдарды бөлінуге емес, қайта татулыққа, мейірімге, туыстық байланысты сақтауға шақырады.Олар өзге пікірге төзімсіз, қатыгез әрі өз ұстанымынан бас тартпайтын күйге түседі. Мұндай мінез шынайы мұсылманның сипатына жат. Ислам – бейбітшілік, мейірім және тепе-теңдік діні. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына қиянат жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді», – деген (имам Бұхари).
Қазақ халқының тарихына үңілсек, ата-бабаларымыз Ислам дінін дәстүрмен үйлестіріп, имандылық пен ізгілікке үндеп келген. Олар үшін дін мен дәстүр егіз ұғым болған. Абай атамыз:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас», – деп, иман мен ақылдың, рух пен парасаттың тұтастығын дәріптеді.
Қорыта айтқанда елді бөлетін, жастардың санасын улайтын, отбасын ыдырататын, қоғам тыныштығына сызат түсіретін кез келген жат ағымнан сақ болу – бәрімізге ортақ міндет. Мұндай қауіптің алдын алудың жолы – дұрыс діни білім, отбасы тәрбиесі, ұлттық құндылыққа беріктік және қоғаммен байланысын үзбеу. Жастарға шынайы дінді дұрыс үйрету, оларды пайдалы ортаға бағыттау, ата-баба жолындағы байыпты ұстанымды түсіндіру – бүгінгі күннің маңызды ісі.
Әшірбаев Алмат Әбдімүтәліпұлы,
ауданның бас имамы
