Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Адам өміріндегі ең жауапты әрі мағыналы кезеңдердің бірі – шаңырақ көтеру. Бұл тек екі жастың бас қосуы ғана емес, болашақ отбасының іргетасын қалап, қоғамның бір бөлшегін қалыптастыру деген сөз. Үйлену – адамның жеке өміріндегі өзгеріс қана емес, оның мінез-құлқы, көзқарасы мен жауапкершілік деңгейін айқындайтын маңызды белес. Неке – ер мен әйел арасындағы өзара келісім мен сенімге негізделген байланыс. Ол сыйластықты, түсіністікті және ортақ міндеттерді талап етеді. Осы одақ арқылы ұрпақ жалғасып, отбасы құндылықтары ұрпақтан ұрпаққа беріледі. Сондықтан неке тек рәсім емес, ол – адам өмірін жүйелейтін, тәртіпке келтіретін және рухани тұрақтылық сыйлайтын маңызды институт. Әрбір қоғамның беріктігі – отбасынан басталады. Отбасы дұрыс құрылып, оның негізі берік қаланса, қоғам да тұрақты әрі үйлесімді дамиды. Сол себепті үйленудің мәнін терең түсініп, неке әдебін сақтай білу – әрбір адам үшін аса маңызды міндет.Асыл дініміз Ислам – адам баласының өміріндегі барлық мәселелерді қамтыған иләһи дін. Асыл дініміздегі кез келген үкім адам баласын екі дүниелік игілілік пен бақытқа жетелейді. Адамзаттың пайдасы үшін баяндалған осындай үкімдердің бірі – үйлену. Алла Тағала адам баласын бір ер, бір әйелден жұп етіп жаратты. Адам баласының ұрпағы үйлену яғни некелесу арқылы жалғасады. Адам баласын өмір көшін жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзбей берекелі қоғам құруы үшін, Алла Тағала үйленіп, отау құруға мұқтаж күйде жаратты. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Сондай-ақ Алла өз болмыстарыңнан өздерің үшін жұбайлар жаратты. Сол жұбайларың арқылы сендерге бала-шаға, немере-шөбере сүйгізді және таза әрі пайдалы азықтарды ризық етіп берді…», – деген («Нахл» сүресі, 72-аят).
Неке қиып үйлену арқылы адам баласы өз мойнына үлкен жауапкершілік алады.Сондықтан, бұл нәрсе екі жастың әуелі имам мен куәгерлердің алдында сөз байласып, серттесу рәсімімен бастау алады. Жұбайлардың әрі қарайғы өмірі берік қағидаға негізделеді. Олар бір-бірлері үшін сүттей ақ, судай мөлдір, барынша мейірімді әрі кешірімді болуы керек. Үйлену – бұл тек екі адамның арасында ғана емес, барлық қоғамның қалыптасуындағы маңызды қадам. Оның рухани мәні мен қоғамға тигізер әсері туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің көптеген хадистерінде айтып кеткен. Үйлену – Исламда маңызды әрі сауабы мол амалдардың бірі. Өйткені үйлену – адам өмірінің маңызды әрі жауапты кезеңі. Бұл тек қана екі адам арасындағы байланыс емес, отбасының қалыптасуы, қоғамның тұрақтылығы, тәрбиелі ұрпақтың дүниеге келуі үшін негіз болатын маңызды қадам. Үйленудің адам баласының дүние-ақыретіне тигізер пайдалары өте көп. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйленудің пайдалары туралы бір топ жасқа былай деген: «Сендерден үйленуге күші жеткендер дереу үйленсін. Өйткені үйлену көзді харамнан сақтайды. Үйленуге мүмкіндік таппағандар болса, ауыз бекітсін. Өйткені ораза құмарлықты тежейді», – деген (имам Бұхари).
Үйленудің пайдаларының қатарында адамның рухани әрі нәпсілік тұрғыдан жайлылық сезінуін айтуға болады. Бұл шаралар арқылы қоғам мүшелері зинаның бір нәтижесі ретінде пайда болатын жұқпалы аурулардан қорғалады, ұятсыздықтың жайылуының алдын алып, күнәлі іске жол берілмейді. Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Үйленуге көңіл бөлу нәпіл ғибадаттарға берілуден де анағұрлым артықшылыққа ие. Өйткені үйленуде адамға өзін харам істерден сақтау әрі бала өсіру секілді маңызды мәселелер бар», – деген.
Адам баласының отбасы ізгі болуы үшін алатын жарының да салихалы болуы өте маңызды. Сол себепті де өмірлік жарды таңдауда сезімнің жетегіне берілмей, ақылға салып, ойланып, жан-жақты ақылдасып барып шешім қабылдаған дұрыс. Әсіресе жар ретінде таңдайтын адамның имандылығы, мінез-құлқы, тәрбиесі, тазалығы деген сипаттарына аса мән берілуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 32-аятында: «Өз араларыңдағы бойдақ болып жүргендерді және құлдарың мен күндеріңнің ізгі болғандарының некелерін қиып, үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла мейірімін төгіп, жағдайларын жақсартады (байытады). Алла – рақымы шексіз кең, барлығын қамтушы, білуші», – дейді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:«Бұл дүние мен оның ішіндегі нығыметтердің бәрі уақытша берілген. Ондағы нығыметтердің ең абзалы – салихалы әйел», – деген (имам Мүслим).
Ендеше, қандай да бір адамға ізгі жар нәсіп етілсе, үлкен нығмет берілгені.Халқымыздағы: «Жақсы әйел – ырыс», – делінген мақал-мәтел біздерге осыны айтуда.Үйленуді ниет еткен адам жар таңдауда асығыстыққа салынбауы тиіс.Себебі, көп жағдайда оның арты орны толмас өкініштерге алып келеді.Осыны Хәкім Абай атамыз өз өлеңінде:
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдық көрсе қызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп жеткізген.
Жар таңдау – адам өміріндегі ең маңызды шешімдердің бірі.Ол адамның болашақтағы өмірін, ұрпақ тәрбиесін, тіпті қоғамның қалыптасуына әсер ететін үлкен жауапкершілік.Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жар таңдауда белгілі бір әдептер мен өлшемдерді көрсетіп берген.Қазақ халқы да бұл мәселеде терең таным, салт-дәстүр, рухани тәрбие қалыптастырған.Адам – жаратылысы әлсіз, жалғыз өмір сүруге бейімделмеген тіршілік иесі.Оның жаны мен тәні үйлесім табуы үшін, өмірлік серікке, сүйіспеншілік пен тыныштыққа мұқтаж. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Рум» сүресінің, 21-аятында:«Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік пен мейірімділік сезімін ұялатты.Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», – деп айтқан. Жар таңдау тек дүниелік емес, имани әрі қоғамдық маңызы бар қадам.Ислам дінінде жар таңдаудың белгілі өлшемдері бар. Олардың ең бастысы – иманы мен тақуалығы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Әйелге төрт нәрсеге қарап үйленеді. Мал-дүниесі, тектілігі, әдемілігі және имандылығы үшін.Сен имандысын таңда, қолың берекеге толады!» – деген (имам Бұхари).Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) تَرِبَتْ يَدَاكَ (тарибат ядака – «қолың топыраққа тисін») деген сөзі – араб тілінде кең таралған.Бұл қарғыс емес, қайта бір іске аса мән беруге шақыратын, ескертуші тіркес.Мағынасы – «есіңді жи, дұрыс таңдау жаса» дегенге саяды.Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Әйелдерге тек әдемілігіне қарап үйленбеңдер.Әдемілігі тәрбиесіздікке апарып соғуы мүмкін. Тек байлықтарына қарап та үйленбеңдер. Өйткені байлығы шектен шығуына себеп болуы мүмкін.Әйелдерге имандылығына қарап үйленіңдер.Өйткені иманды күң болса да артық», – деген (Ибн Мәжа). Әйелдің сұлулыған,тектілігіне қарау күнә емес, бірақ бұл сипаттар діндарлықтан кейінгі орында тұруы керек.Ер адам қандай жар таңдаса, сол жардың тәрбиесі ұрпағына беріледі.Сол сияқты әйел де болашақ күйеуін иман мен мінез тұрғысынан саралап, парасатты шешім қабылдауы керек.Әйел заты үшін күйеуінің кім екені – өмір бақытының немесе машақатының бастауы болуы мүмкін.
Алмат ӘБДІМҮТӘЛІПҰЛЫ,
ауданның бас имамы
