Басты бет Көкжиек ЖАС ДАРЫН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

ЖАС ДАРЫН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

0
19

Бойында талабы бар бала қашанда қатарластарынан оқ бойы озық тұратыны рас. Біздің Сұңқар орта мектебінің 11-сынып оқушысы Мамырқан Сезім осындай жан-жақты бала. Сабағын өте жақсы оқумен қатар өнерден де құралақан емес. Білім мен өнерді қатар алып жүрген дарынды шәкірттердің бірі дей аламын.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Алғожаева Сезімнің бойындағы қабілетін байқап, оның ары қарай шыңдалуы үшін өзінің бар білімін оқушы бойына сіңіруден жалыққан емес. Мақтанышпен айтайын дегенім, жақында Сезім Мамырқан облыстық Мәшһүр Жүсіп оқулары байқауында жүлделі І орынды иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Ол «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының фольклорлық мұрасы. Би-шешендер, жырау-ақындар» бағыты бойынша бағын сынады. Сен, мен атайын деген кіл мықтылардың арасынан Қазыбек бидің бейнесін терең талдап, өзінің ойын қосып, биік деңгейге шықты. Тарихтан тағылым іздеген Сезім бабалар мұрасынан хабарының молдығын дәлелдеді.

Бүгінде Сезім республикалық жас тілшілер форумына қатысып, өзінің жазуға деген қабілетін шыңдай түсуде. Бұл – мектебіміз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Ол – республикалық «Ұлан» газетінің жас тілшісі. Мақалалары республикалық басылым бетінде жарияланып тұрады. Оқушымыздың аты-жөнін газеттен көріп төбеміз көкке жетіп қуанамыз. Болашақта журналист болуды армандайтын талапты жас өз мақсатына жету үшін сын қилы байқаулардан өтіп, өз бетінше ізденіп, болашағына нық қадам жасап келеді.

Сезімнің жетістігінің бір ұшы отбасының қолдауы мен тәрбиесі жатыр деп ойлаймын. Әкесі – жеке шаруа қожалығының жұмысын жандандырып жүрген іскер азамат болса, анасы мектебімізде хатшылық қызметте. Атасы мен апасы да немерелерін бауырына салған, оның өнер жолын таңдауға қолдау көрсеткен жандар. Апасы немересін кішкентайынан өнерге баулып, Сезімнің өнер сахнасында жарқырауын армандап жүруші еді марқұм. Сол арманына өзі жете алмаса да Сезім бүгінде мектебіміздің мақтанышына айналды. Сезім – журналист, әнші, биші, үздік оқушы. Ол аудандық «Жарқын болашақ» байқауының ІІ дәрежелі диплом иегері, «Ділмар» шешендік өнер байқауының І орын жеңімпазы және көптеген байқаулардың жүлдегері. Талаптыға нұр жауар дейді бабалар. Сезім қызымыздың таудай талабы оны биіктерге шығарып, ауылымыздың, ауданымыздың, еліміздің атын шығаратын саналы азамат болатындығына сеніміміз кәміл.

Жанар САЛИМОВА,

Сұңқар орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

КЕПЕБҰЛАҚТЫҢ ЖАҢА ЖҰЛДЫЗДАРЫ

Ауыл – руханияттың алтын бесігі. Ал сол бесікті тербетіп, мәдениеттің шырағын маздатқан жа…