Басты бет Спорт ҰСТАЗДАР ТҮСТІ ЖАРЫСҚА

ҰСТАЗДАР ТҮСТІ ЖАРЫСҚА

0
19

Алматы облысының оқу-ағарту және бюджеттік ұйымдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы жалпы білім беру мекемелері қызметкерлерінің арасында аудандық спартакиада өткізді. Жылдағы дәстүр бойынша кәсіподақ мүшелеріне алдын ала хабарлама жасалып, спорттың түрлері туралы ақпарат берілді. Спорттың асық ату, бес асық, тоғызқұмалақ, волейбол (ер, әйел), шағын футбол түрінен жарысқа түсетін мектеп ұжымдары сақадай сай болып жиналды. Ашылу   рәсімі Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спорт залында салтанатты түрде болды. Арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды.

Спартакиаданың ашылуында алғашқы сәт сапар сөзді аудандық  филиалдың төрағасы Кәрібай Қожағұл алды. Спартакиаданың ережесімен таныстырып, әр мектептен келген спортшыларға жеңіс тіледі. Спорт арқылы кәсіподақ мүшелері бір-бірімен достық қарым-қатынас орнатып, сыйластық пен татулық деген үлкен қасиетке ие болатындығын түсіндірді. Жалпы 14 мектеп ұжымынан 200 кәсіподақ мүшелері жиналыпты. Бұл жарыстың тартысты болатындығынан хабар бергендей әсер қалдырды. Адам саны көп болғандықтан жарысқа қатысушылар Жаңабай Құдайбергенов, Илья Молутов және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде үш топқа бөлінді.

Күн ұзаққа созылған жарыстың қорытындысы бойынша ерлер арасында волейболдан бірінші орынды Туризм орталығының спортшылары жеңіп алды. Екінші орын Добын орта мектебіне бұйырды, үшінші орынды Шырын орта мектебінің жігіттері иеленді. Әйелдер арасында Шырынның қыздары ешкімге есе жібермей бірінші орынға шықты. Екінші орын Ғ.Садвақасов орта мектебіне, үшінші орын сұңқарлықтарға бұйырды. Асық атудан шырындықтар мықты боп шықты. Екінші орынды Сұңқар орта мектебі иеленсе, үшінші орынды Оқушылар үйі місе тұтты. Бес асықтан бас бәйгені Туризм орталығы қанжығаларына байласа, екінші мен үшінші орынды Добын орта мекетебі мен Оқушылар үйі өзара бөлісті. Тоғызқұмалақтан  бірінші орынды Шырын орта мектебі жеңіп алса, қалған жүлделі орындарды Ақтам орта мектебі мен Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің намысын қорғап келген мұғалімдер иеленді. Шағын футболдан бірінші орын Ақтам орта мектебінің еншісіне тиді. Ардолайты орта мектебі мен Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектебінің спортшылары екінші, үшінші орындарды бөлісті.

Жеңімпаздарға ізгі тілегін жеткізген кәсіподақ төрағасы Кәрібай Ізбасарұлы арнайы диплом, медаль, кубок және ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Келесі жылғы спартакиадаға дейін аман болып, жеңісті күндерде жолығайық деген ниетімен жарыс шымылдығын жапты.

Аманбике ЖАНЫСБАЙҚЫЗЫ

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ҰЛЫ ДАЛА РУХЫ

Шонжының күншығыс бөлігінде ипподром деп аталатын жерде ат спортынан Алматы облысының чемп…