Басты бет Көкжиек КЕПЕБҰЛАҚТЫҢ ЖАҢА ЖҰЛДЫЗДАРЫ

КЕПЕБҰЛАҚТЫҢ ЖАҢА ЖҰЛДЫЗДАРЫ

0
21

Ауыл – руханияттың алтын бесігі. Ал сол бесікті тербетіп, мәдениеттің шырағын маздатқан жастардың қадамы әрқашан сүйіспеншілікке лайық. Бүгінде Кепебұлақ ауылының мәдени өмірінде ерекше серпіліс бар. Бұл серпілістің бастауында – ауыл тарихында алғаш рет оқушылардан құрылған, өнерімен өңірді тербеткен «Роднойлар» театры тұр.

Н.Исахметов атындағы орта мектебінің қабырғасында 2024 жылы іргетасы қаланған бұл ұжым – жай ғана мектеп үйірмесі емес. Бұл – Кепебұлақ тарихында оқушылардың өз бастамасымен құрылған тұңғыш шығармашылық театр. Театрдың атауына үңілсек, одан тек жылылықты сезінеміз. «Роднойлар» – бұл сахна мен көрермен арасындағы алтын көпір. Театр мүшелері – бір үйдің баласындай тату, бір мақсатқа жұмылған жастар. Олар – халықтың өз балалары, өз «роднойлары». Сондықтан да ауыл халқы әр қойылымды сағына күтетін деңгейге жетті.

Осынау үлкен жобаның басында ұлағатты ұстаз, шығармашыл тұлға –Айерке Сайран тұр. Жетекшінің қажырлы еңбегі мен балалардың бойындағы жасырын талантты дөп басып тануы театрдың қысқа мерзімде үлкен табысқа жетуіне себеп болды. Айерке Сайран тек сахналық қойылымдарды қойып қана қоймай, әр оқушының тұлға ретінде қалыптасуына, олардың өнерге деген құштарлығының оянуына тікелей ықпал етуде. Оның ізденімпаздығының арқасында балалар бүгінде «Алдараспан», «Өнер қырандары» мен «Шаншар» сынды майталман театрлардың күрделі репертуарларын емін-еркін игеріп жүр.

Биылғы шығармашылық кештің тақырыбы да терең мағынаға ие. Театрдың негізгі ұйытқысы болған 7-сынып оқушылары биыл адам өміріндегі маңызды белес – 13 жасқа, яғни алғашқы мүшел жасқа толып отыр. Осы атаулы сәтті олар өрелі өнермен атап өтуді жөн көрді. Құрамның тек бір сыныппен шектелмей, 6 және 8-сыныптың дарынды оқушыларымен толығуы – театрдың болашағы зор екенін көрсетеді.

Жақында ғана «Роднойлар» театры көршілес Кетпен ауылында гастрольдік сапармен барып қайтты. Зал лық толы көрермен жас таланттардың әр қимылын зор тебіреніспен қабылдады. Сахнадағы еркіндік, актерлік шеберлік пен шынайы күлкі көрерменді баурап алды.

Осы кештің куәсі болған Кетпен ауылының әкімі Марат Үмбетжанов ағамыз ризашылығын жасыра алмай: «Бұл балалардың өнері тіпті кәсіби театрлар әртістерінен кем түспейді екен. Сахна мәдениетін меңгергені соншалық, «Шаншар» мен «Алдараспан» жолда қалады. Осындай таланттарды аудан орталығына шығаруымыз керек. Шағын ауыл балаларының өнерін, дарынын паш ету – біздің парызымыз. Мен өз тарапымнан  қолдаушы болуға уәде беремін», – деп жоғары баға берді.

Театрдың жетістігіне ең алдымен ата-аналар қауымы дән риза. «Балаларымыздың бос уақыты мағыналы өтіп, өнерге бет бұрғанына қуаныштымыз. Айерке Сайранқызына балаларымыздың қанатын қатайтып, сахнаға шығарғаны үшін алғысымыз шексіз. Біз театрдың әрбір бастамасын қолдауға дайынбыз», деген ата-аналардың жүректен шыққан шынайы сөздері қанат бітіргендей болғанын жасыра алмаймыз.

Сондай-ақ, мектеп директоры Жеңіс Шарипходжаев та жас таланттардың өнерін ұштауға барынша жағдай жасап, олардың шығармашылық жолында үлкен тіреу болып отыр. Мектеп басшылығы мен ауыл ағаларының мұндай қолдауы – өнерге енді қадам басқан жасөспірімдер үшін үлкен мәртебе.

«Роднойлар» – бұл жай ғана театр емес, бұл – ауыл баласының асқақ арманының айғағы. Олардың «Мүшел жас» белесіндегі бұл жетістігі – үлкен өнер әлеміне жасалған нық қадам. Алдағы уақытта бұл ұжымның есімі тек аудан емес, облыс, тіпті республика көлемінде мақтанышпен аталатынына кәміл сенеміз. Өнердің киелі босағасын аттаған жас таланттардың қанаттары талмасын, ал «Роднойлар» театрының шымылдығы әрқашан қуаныш пен шабытқа толы қошеметпен ашыла берсін! Кепебұлақтың мақтаныштарына айналған өнерпаздардың сапары сәтті, асулары биік болғай!

 Инабат АЗАМАТҚЫЗЫ,

«Алматы облысының Оқушылар үйі» КММ

«Жас журналист» үйірмесінің қатысушысы, 10 сынып оқушысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

БАСҚА ЖАҢАЛЫҚТАР

ЖАС ДАРЫН – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ КЕПІЛІ

Бойында талабы бар бала қашанда қатарластарынан оқ бойы озық тұратыны рас. Біздің Сұңқар о…